Дәрігер-инфекционист: Еңбегіміздің бағаланғанына өте ризамын

Коронавирус инфекциясымен күресіп жүрген елордалық дәрігерлер еңбекақыға қосымша үстемақы алды, деп хабарлайды Нұр-Сұлтан қаласы әкімдігінің ресми сайты
Елорда Инфоға сілтеме жасап. Дәрігер-инфекционист Әбдісабыр Орынбекұлы мемлекет тарапынан көрсетілген қолдау үшін алғыс білдірді. Ол Нұр-Сұлтандағы көпбейінді медицина орталығында індет жұқтырғандармен тікелей байланыста және қауіптілігі бірінші топқа жататындармен жұмыс істейді. «Қазіргі уақытта біз коронавирус инфекциясын жұқтырған пациенттерді қабылдаймыз. Бізге уәде еткендей, Президент тапсырмасына сәйкес, бөлінген сыйақыны алдық. Сонымен қатар, үш еселенген жалақы түрінде үстемақы алдық», — дейді дәрігер. Дәрігер қауіпті вируспен күрестің алдыңғы шебінде жүрген медицина қызметкерлерінің еңбегі бағаланып жатқаны үшін ризашылығын жеткізді. «Біздің еңбегіміз осылай бағаланғанына өте ризамын. Төлем мөлшері толығымен қанағаттандырады», — деп атап өтті дәрігер. Сондай-ақ Ә.Орынбекұлы қазіргі тұрып жатқан жері туралы айтып берді. «Қазір «Hilton» қонақүйінде тұрамыз. Бізді жақсы тамақтандырады және қажетті дүниелердің барлығы қарастырылған», — деді инфекционист. Дәрігердің айтуынша, қазір оны туған-туыстары, әсіресе анасы қатты алаңдатады. Бірақ қиын кезеңде алдыңғы қатарда жұмыс істеу өз міндеті деп санайды. Еске сала кетсек, ел Президентінің тапсырмасы бойынша, Денсаулық сақтау министрі медицина саласы қызметкерлеріне қаржылай қолдау көрсету мәселелері бойынша бұйрыққа қол қойған болатын.
Нұр-Сұлтан қаласы әкімдігі