Халықтың амандығы үшін қылмыскер- бандылармен шайқасқан Сәрсенбай ата….
Ұлы Отан соғысындағы жеңістің 75 жылдығына!
Он шақты жылдай бұрынырақ Шу ауданының орталығы Төле би ауылында тұратын С.Бақтымбетовтың екінші жаһандық соғыс кезеңінде бандылармен күрескенін таныстарым ара-тұра тілге тиек ететін. Аса қызығушылықпен анық-қанығын білу мақсатымен 90 жасқа жақындағанмен құлағы ауырлау естісе де жүрісі ширақтау, орта бойлы-сары жүзді ақсақалға арнайы жолығудың сәті түскен еді. Бақтымбетұлы Сәрсенбайдың өз аузынан естіген естеліктерін қаз-қалпында баяндасам:- Мен 1920 жылы 15 мамырда қазіргі Мойынқұм ауданының Бірлік ауылында дүниеге келіппін, деп бастап еді әңгімесін Сәрсекең.1938 жылы Новотроицкіде(қазіргі Төле би ауылы) қазақ орта мектебін тәмамдап, Көктерек ауылындағы жер бөлімінде хатшылық қызметке орналастым. Бір жыл өтпей жаңадан құрылған Көктерек аудандық атқару комитетіне нұсқаушылық қызметке көтерілдім.Көп кешікпей Ұлы Отан соғысы басталысымен қатарларымнан қалыспай майданға сұранып жүрген маған Көктерек ауданындағы НКВД-ның бастығы Шарипов:-ауданда халыққа қызмет етуге сендей азаматтар да керек, ішкі істер бөліміне жұмысқа аламыз. Облыс орталығындағы сараптамадан өтіп кел,-деп, Жамбыл қаласына жіберді. Дәрігерлік сараптамадан ойдағыдай өтіп, Алматыдағы екі жылдық милиция мектебін жеделдете бір жарым жылда аяқтап,1942 жылдың 6 мамырында Шу ауданының ішкі істер бөліміне учаскелік инспектор қызметіне тағайындалдым. Өздеріңе де мәлім шығар, ол кезде техника деген аспандағы аймен тең, қиын-қыстау аласапыран соғыс кезеңі.Қызмет бабында жүріп тұруыма мініс аты берілді. Қарамағымдағы 5 ауылдық советке, оларлы таратып айтсам: Жаңа Шу ауылдық советіндегі – Жданов (қазір ол ауыл жоқ), Ақсу, Калинин (қазіргі Ақсу ауылы), Кагонович, Диханбереке, 1- май колхозы(үшеуі қазіргі Оразалы батыр ауылы) және Көкқайнар. Ескі Шу ауылдық советіндегі- Еңбекші, Арал (Еңбекшінің ар жағындағы ауыл болатын), Ынталы, Белбасар, Новый путь (қазіргі Жаңа жол ауылы), Бірлікүстем, Жаршапқан (бұрынғы Күнту ауылы ескі көпір маңы). Панфилов ауылдық советіндегі – Қарауыл төбе, Чкалов колхозы, (Тарылған өзенінің шығыс жағында), Үңгірлі (Тасөткел өзені бойында). Жаңа қоғам ауыл советіндегі Қарауыл төбе, Кербұлақ (Жайсанның Теректі өзенінің бойындағы ауылдар). Кеңес ауылдық советіндегі – Мерецкий, Ақтасты, Көктасты, Талапкер (қазіргі Балуан Шолақ, Бөлтірік, Бәйдібек ауылдары) ауылдарымен қоса, Тоқташ өзені бойындағы сол кездегі жекеше Қырғызстанның Шабырына таяу жоғарғы орыс, төменгі қазақ қыстақтарының тұрғындарына күндіз-түні аттан түспей қызмет еттім.Көмекшіге адам да берілмеді. Ауыл-ауылдардан сенімді серіктестер тауып, жаныма ертіп жүретін болдым. Бірлі-екілі жолаушыларға өте қауіпті кезең болатын. Өйіткені, соғыстан қашқандар мен ауыр қылмыс жасап, бой тасалап жүргендер Шу өзені бойының қалың қамыстарын паналап,бейбіт тұрғындарға айтарлықтай қауіп төндіретін.Сондай-ақ олардың жасырынатын жерлері Қордай ауданымен іргелес Қақпатас өзені еді. Қазіргі Тасөткел су қоймасының орнында көршілес Көктерек ауданының Чапаев,Фрунзе, Жамбыл атындағы колхоздарының тұрғындары малдарымен қысы-жазы жайлап, ауыл-ауыл болып отыратын.
Бандылар көбейіп, ырыққа көніңкіремей бара жатқан соң, сол кездегі Қазақ ССР Ішкі істер министрінің орынбасары Қажымұратов арнайы келіп, учаскемде 15 күн болып, маған қосымша көмек ретінде көптеген адамды топтастырып берді.Соның нәтижесінде біз қылмыскерлерді қоршап, қаруларын тастатып, тұтқынға алып, Қырғызстандық бандыларды қорап арбамен Фрунзе (Бішкек) қаласына апарып, Қазақстандықтарды Қордай, Шу арқылы тиесілі орындарға жеткізіп отырдық. Сол кездері « 1 май колхозы» мен «Диханбереке» ауылы маңындағы Шу өзені өткелінде паром қатынайтын. Дәл қай мезгілі екені есімде жоқ, кемешінің үйінде тынығып жатқанбыз. Түн ортасында арғы беттен кемешіні шақырған дауыстар естілді. Кемеші 5-6 аттыны жағаға жақындатқанда – ақ олар ытырылып шығып, аяқ астынан атыс басталды да кетті. Біздің қатардан соғыстан жаңадан келген татар жігіті оққа ұшты. Калашников деген учаскелік инспектор, тағы екі-үш жолдасыммен бандылардың үш адамын атып түсірдік, қалғандары бас сауғалап қашып,құтылып кетті….Бірде мынадай оқиға болды. Көкқайнардан түс қайта шыққанмын. Артымнан бір ат арба ілесті де отырды . қалатын емес. « Сәрсенбай, тоқта, саған сыйлыққа қой әкеле жатырмыз. Атыңнан түсіп арбаға мін бірге барамыз», деп шақырды. Өзі жалғыз емес сияқты. Бұрындары алдап арбаға мінгізіп, бір учаскелік инспекторды өлтірген оқиға болғандығы есіме түсіп, арбадағыларға: — «Қойларыңды алсам, біреудер көріп қояды, күн бата осы маңда кездесейік», деп,айлаға көштім. Қараңғылықты пайдаланып үш-төрт таныс кісілердің көмегімен « екі қой бергіш қылмыскерді» ұстадық…. Айта берсем,басымнан неше түрлі оқиғаны өткердім. Сол кездегі Шу аудандық НКВД-ны Тоқпанов басқаратын, ал милиция бастығы Малышев болатын. Алла –Тағала сақтап, бала-шағамның да көрер жарығы шығар, небір қауіп-қатерден аман қалдым. Қызмет бабына сәйкес 1942-47 жлдары Ақсу ауылында тұрдым. Қыстың қақаған аязы мен шілденің аптап ыстығында күндіз-түні аттың үстінде жүргендіктен, денсаулығыма әсер етіп, құлағым естуден қалды. Осыған байланысты ішкі істер органындағы қызметіммен 6 жыл өткен соң қоштасуға тура келді.
1947-51 жылдары Ақсу,Чкалов колхоздарында, Шу астық қабылдау пунктінде партком хатшысы, одан кейін де сан-салалы қызметтерде барлығы 40 жылға жуық хал-қадірімше халыққа қызмет еттім. 1980 жылдан құрметті демалыстамын.Құдай қосқан қосағым Әртаймен 7 ұл-қыз тәрбиелеп өсірдік. Ұлым Әбілда Жамбыл облыстық Қазынашылық банкті басқарса, қызым Әсия аудандық ауруханада жауапты қызмет атқарады. Ал, Кенже ұлым- Ерсін Ауған соғысының ардагері, ерлігінің арқасында бірнеше алғыс хат, медальдармен марапатталған. Қалғандары еліміздің игілігі жолында шамаларынша еңбектенуде. Өкініштісі, жұбайым Әртай мен ұлдарым Серік пен Байділдә ертеректе қайтыс болып кетті. Құдайға шүкір демекпін, жасым -тоқсанның табалдырығына табан тірер шақта 20 шақты немере мен онға жуық шөбере сүйіп отырмын. Үкімет тарапынан қажырлы еңбегім бағаланып, «Жуков» , «Фашистік -Германияны жеңгені үшін», «Соғыс кезіндегі ерен еңбегі үшін», «»Жеңістің 30,40 ,50, 60 жылдығы» медальдарымен ұлықталдым. Ел президенті Н.Назарбаевтан құттықтау хат алдым.
2011 жылы тамыз айында қайтыс боларынан бір жылдай бұрын басынан өткерген тағылымды да қызықты әрі шынайы өмірдеректерімен бөліскен Бақтымбетұлы Сәрсенбай ақсақал арамызда аман –есен тірі жүргенде 15 мамырда ғасыр табалдырығынан аттап 100 жасқа толатын еді. Аудан басшылары мен Ономастикалық комиссияның назарына ұсынсам артық емес шығар, Ұлы Отан соғысының қиын-қыстау кезеңінде 20 дан астам елді мекендер тұрғындарының амандығы мен тыныштығын сақтау жолында қысы-жазы, күндіз-түні тыным таппай аттан түспей, тіптен соғыстан қашқан қылмыскер- бандылармен де жан- аямай күрескенін ескеріп жоғарыдағы өзі қызмет еткен ауылдардың бір көшесін Сәрсебай кәрияның есімімен неге атамасқа?! Ағымдағы жылы Шу ауданының құрылғанына (1930 жыл 23 шілде)2020 жылы 90 жыл толуы қарсаңындағы бұл игі шара- өскелең ұрпақтарымызды ұлтжанды-отансүйгіштікке тәрбиелеумен қатар, ішкі істер органының қызметкерлеріне де айтарлықтай үлгі-өнеге болар еді!!
Мәкен Уақтегі.
Қазақстан Журналистер Одағының мүшесі.
Шу ауданының Құрметті азаматы. 8 701 140 9331. 8 777 430 9903.
Жамбыл облысы ,Шу ауданы, Төле би ауылы, Қылышбай көшесі 100 үй. 13.04.2020 жыл.