Мұрат Әуез: Наразылық нотасы – біз үшін үлкен тарихи қадам!
Еліміздің Сыртқы істер министрлігі Қытайдың Қазақстандағы елшісі Чжан Сяомен кездесіп, қытайлық www.sohu.com сайтындағы «Қазақстан неге Қытайға оралуға тырысады?» атты мақалаға қатысты наразылық білдірді.
«Қытай елшісіне мұндай сипаттағы мақаланың жариялануы 2019 жылғы 11 қыркүйекте Мемлекет басшылары қол қойған Қазақстан Республикасы мен Қытай Халық Республикасының бірлескен мәлімдемесінде айқындалған мәңгілік жан-жақты стратегиялық әріптестік рухына сәйкес келмейтіндігі атап өтілді», — деп баға берген қазақ дипломаттары. Сондай-ақ, Қазақстанның Пекиндегі елшілігі де ҚХР Сыртқы істер министрлігіне тиісті нота жолдаған.
Ол мақалада не айтылған, сонда?
Қытайлық автордың пікірінше, қазақ жері Цин империясы әлсірегеннен кейін, Ресей тартып алған Қытайдың байырғы жері көрінеді. Тіпті, қазақ халқының өзі қытайлармен қандас болып шығады. Сондықтан «біз Қытайға «қайта оралуға» асығып отыр екенбіз».
Тарихи тұрғыдан қарағанда, мақала – шылғи өтірік. Бірақ Қытайдың сан ғасырлық тарихы бар идеологиясымен астасып жатыр. Олардың дүниетанымы бойынша, аспан астындағы елдер түгел Қытайға бағынышты болуы тиіс. Себебі, дүниенің орталығы, өркениеттің басы – бес мың жылдық тарихы бар осы ел.
Енді өткен ғасырдың басында өмір сүрген ұлы көсемдерінің бірі Сун Ят-Сеннің пікіріне құлақ түрейік:
«Непалдықтар ағылшындарға ешқашан салық төлемеген. Бірақ Непалдың Қытайға қатынасы қандай болды? Қытайдың мәртебесінің құлдырағаны соншалықты, Британия колонияларынан да төмен тұрды. Қытайдан алыста тұрғанына қарамастан, сонда да Непалдықтар Қытайды сюзеренім деп білді. 1911 жылға дейін Тибет арқылы Қытайға салық төлеп тұрды. Жолдар, көпірлер қирап, Бейжіңге жете алмағандықтан кері қайтуға мәжбүр болды. Непал Қытайды дамудың жоғары сатысындағы мемлекет ретінде сыйлады. Непал Қытайды әділ билеуші, ал Британияны күштің билігі ретінде қабылдады».
Бұл мысал қытайлықтардың өз елдері туралы аса жоғары пікірде екеніне өте жақсы дәлел бола алады. Өзге елдер – отаршы да, өздері – әділ басшы. Сондықтан Қытайға бас июге барлық халықтар құлшынып жүр-міс. Бұл сөздер Қытайдың Батыс елдерінің табанында жатқан кезеңде айтылған. Ал енді ауызын айға білеп, әлемдік үстемдікке ұмтылған тұста, не күтуге болады?
Қытай неге Қазақстанға өзінің тарихи аумағы ретінде қарайды?
Цин империясының боғдыхандары «елшілік жіберсе, демек, бұл елдің біздің дәргейімізге құлдық ұрғаны» деп есептеп келген. Қытай тарихшылары осы дәстүрмен қазақ хандарының Бейжіңге елшілік аттандыруын «қазақтардың қытай бодандығын өз еркімен қабылдауы» ретінде қарастырып отыр.
Одан қала берді, бір кездері Жоңғар қонтайшылары басып алған жерлердің бәрі Қытайға тиесілі деп біледі. Өйткені, жоңғар хандығының көзін жойып, шаңырағын ортасына түсірген – Цин империясы. Жоңғария басы бүтін Қытайға қарады. Ендеше, жоңғар атының тұяғы тиген топырақ та қытайдікі болуы тиіс. Осы пікірді қытайлар ғасырлардан бері жадынан өшірмей келеді.
Қазақ дипломаттарының бұл қатулы нотасы қытайлардың құр қиялға берілмей, шынайы өмірге оралуына түрткі болса, нағыз игі іс дегеніміз – осы.
Мұрат Әуез: Мінез көрсететін уақыт келді
– Сыртқы істер министрлігінің мінез көрсетіп, нота жібергені – сүйінші сұрайтындай қуанышты жағдай. Тәуелсіздік алғалы бері осылай ету керек еді. Қытайдың түрлі арам ниеті мен әрекеттеріне нота жіберіп, ұлттық мүддемізді қорғауымыз керек болатын. Бұл дәстүрдің жалғасы болады деп сенгім келеді. Қытайдың жартылай жариялап, жартылай жарияламай жүрген үлкен стратегиялық ойлары, идеялары бар. Мұнысы ішкі саясатынан да, сыртқы саясатынан да көрінеді. Тарихқа көз жіберсек, соңғы ғасырларда Қытай тек ұтылып келеді. Олар «ХХІ ғасыр біздікі болады» дейді. Осындай ұлттық идеясы бар.
Қытайдың жағдайын, армандарын көріп, танысып, талдап қарасақ, бұл ел осы бағытынан ешқашан айнымайды. Өйткені, оның 1,5 миллиардтан аса халқы бар. Сырт көзге жері үлкен сияқты. Бірақ көп жері – шөл, биік таулар және тағы басқа өмір сүруге қолайсыз мекендер. Сондықтан Қытай үшін жер – үлкен мәселе. Сол себепті жерге жер қосуды көздейді. Ресей жағына бара алмайды. Өйткені, Ресейдің әскері, қару-жарағы күшті. Ал Қазақстанды олар майшелпек көреді. Бұл баяғыдан белгілі.
1992 жылы Тәуелсіз Қазақстанның алғашқы елшісі болып Қытайға барғанымда, мемлекеттіміздің атынан бірінші жасаған ұсынысым – шекарадан өтетін өзендерге қатысты бір тәртіпке бағынып, келісімге келу еді. Олар мазақ қылғандай: «Қытай тарабы бұл мәселені зерттеп жатыр» деп қана жауап береді. Осы күнге дейін мұны «зерттеп» жатыр. Екі арада Қара Ертісті, Ілені бұрып алды. Бергісі келсе, береді, бергісі келмесе бермейді. Бұл – үлкен мәселе.
Қытайдың тактикалары белгілі. Дүние жүзінде елдерге пара беру арқылы өз дегенін істетеді. Бағындырады. Олар үшін шешуші бағыт – Қазақстан, Орта Азия. Олар түрлі сылтау тауып, ықпалын күшейтеді. «Жібек жолы», «Бір жол – бір тағдыр» дейді. Біздің тағдырымыз қалайша Қытаймен бірге болмақ? Осы күнге дейін бәріне көз жұма қарап келдік. Енді ашық «жоқ» деуіміз керек. Шегінуге болмайды. Сыртқы істер министрлігінің нотасы үміт отын тұтандыратындай қадам болды. Өз басым толығымен қолдаймын. Сыртқы саясатымыздың сапасы күшейе берсе деген ниеттемін. Тілегім – осы.
Қытайдың геосаясаты туралы айта берсең, әңгіме көп. Ол туралы талай айтып, жазған болатынмын. Қытайлар тек Балқашқа дейінгі жер біздікі демейді. Оларға салсаң, жалпы, қазақ жері – солардікі. Осындай ойды жас ұрпақтарының санасына сіңіре береді. «Сегізінші ғасырда жеңілдік, содан кейін біздің жеріміз басқалардың қолына өте бастады», – дейді. Мұнысы – шылғи өтірік.
751 жылды, біз қазақтар, ешқашан ұмытпайық. Таң дауірінде Қытайдың ұлы күштері осында келіп, Ташкентке дейінгі көп жерді басып алған. Талас өзенінің жағасында үлкен шайқас болды. Біздің түркі бабаларымыз, Орта Азиядағы басқа халықтармен бірлесе отырып, Қытайды тас-талқан етіп жеңді. Содан кейін олар ғасырлар бойы бұл бағытқа қарай жаугершілік жасауды ұмытқан еді.
Біз ештеңеге алданбауымыз керек. Қытайдан келген азаматтар жақсы біледі, олардың қулық, зұлымдық әдістері көп. Басқалармен терезесі тең ұлт, мемлекет болғымыз келсе, ұлы ұлттық мүддені көздің қарашығындай сақтауымыз қажет. Төніп тұрған қауіп аз емес. Ресей де оңып тұрған жоқ. Империялық амбициясы зор. Бірақ күш қазір Қытай жағында.
Бізге түркі тектес Орта Азия елдерінің ауыз бірлігі керек. Бұл тұрғыдан, аз емеспіз. Тағдырлас, тамырлас екенімізді ешқашан ұмытпай, ынтымақты ортаға айнала берсек, бұл – үлкен күш. Кешегі нота үлкен болашақтың, ынтымақты ортаның рухын, өзін-өзі қорғай алатынын көрсететін алғашқы қадам болды деп білемін. Осыған шынымен қуандым. Бізге болашағымыз, тәуелсіздігіміз, ар-намысымыз керек. Ақшаға бола қашанғы көзімізді жұмып жүре бермекпіз? Бұл нота – біздер үшін үлкен тарихи қадам! Бұған дұрыс баға берген жөн.
nege.kz сайтынан