«Түркінің түркіден жақын досы жоқ»   

Алматы әуежайында ұшақтың рейсін күтіп отырмын. Шәйдің бағасын білсем, бәр стақан қара шәй 400 , сүтпен шәй 500 теңге тұрады екен. Кішкене банкідегі пепсидің құны да 500 теңге болып шықты. Уақыт өткізу үшін жанымда отырған жасы елулердегі апаймен әңгіменің тиегін ағыттық. Әуежайдың халықаралық залында ұшақтарға қарай шығатын бес есік бар болып шықты. Басқа елдерге сапар шегіп бара жатқандарға ұшақты сол бес есікке кезек-кезек әкеліп отырады. Жанымдағы апай: «Мәскеудегі Шереметьево әуежайында алты терминал бар, онда екі жүзден аса ұшаққа қарай шығатын есік бар. Шетелдіктер бізге «Алматыда бір жақсысы, адаспайсың, әуежайларың шағын, бір есіктен кіресің, бір есіктен шығасың» дейді»,-деп мәз болып қояды.

     Тиісті уақытында ұшағымызға мініп, төрт жарым сағатта Мәскеудің әйгілі Шереметьево әуежайына да жеттік. Бұл жерде «Шереметьево әуежайында» атты өлең туды. Терминалда бірнеше сағат күтіп отырып, Әзірбайжанның  астанасы Бакуге қарай тағы үш сағат ұштық.

IMG_1243

    Әзірбайжан президентінің жанынан құрылған халықаралық Түркі халықтары жас қаламгерлерінің одағы ұйымдастырған әдеби іс-шараларға еліміздің атынан келіп қатысу бақыты бұйырғанына дән ризамын. Мені таңға жақын осы шаралардың ұйымдастырушысы, ақын Әкбар Қошалы досы екеуі күтіп алды. Ұйқылары қанбаса да, менің асты-үстіме түсіп, хал-жайымды сұрап жатыр. Қонақты қарсы алғаннан-ақ сол халықтың қонақжайлығын байқауға болатыны рас болып шықты. Мені бірден Бакуден 15 шақырым қашықтықтағы Кырдалан деген жердегі демалыс аймағындағы бір үйге орналастырды. Бұл жердегі екі қабатты үйлер отбасымен, дос-жарандармен келіп, демалуға өте қолайлы екен. Демалушыларға бірнеше мейрамхана, дәмханалар дәмді астарын пісіріп, алдарына ұсынуға дайын. Бұл жерде тіпті балабақша мен мектеп те бар. Демалыс кезінде Бакуге, не бір жерге барып қайтамын десең, балаларыңды  балабақшаға өткізесің де, жұмыстарыңды  алаңсыз бітіре бересің. Оқу бағдарламасынан қалып қоймау үшін мектеп жасындағы балаларыңыз сол жердегі мектептен оқуын жалғастыра беретіні де нұр үстіне нұр. Қаланың шулы өмірінен қажыған жан осы Кырдаланға кетіп қалып, қарағайлардың арасында, тыныштықта демалуды аңсайды екен. Сондықтан да бұл жердегі үйлер үнемі сұраныста. Мені  осы жерде бір күн демалтып алған әзірбайжандық достар Бакудің орталығындағы «Нью Баку» қонақүйінің жайлы бөлмесіне жайғастырды. Уфадан келген башқұрттың жас жазушысы, журналист Айгиз Баймұхаметовпен екеуіміз бір бөлмені бөлістік. Екеуіміздің әңгімеміз бірден жараса кетті. Ол қазақ әндерін тыңдағанды жақсы көретін болып шықты. Ол башқұртша, мен қазақша сөйледім. Екеуіміз де бір-бірімізді еш қиналмастан түсіндік. Бакуден қайтқанша екеуіміз де өз тарихымызды, мәдениет пен әдебиет, салт-дәстүрлерімізді айтып, таныстырып, бірге жүрдік.

IMG_0727

    Әдеби шаралар Бакудің орталығында орналасқан Фахри хиябан деген мемлекет, қоғам қайраткерлері мен  мәшһүр тұлғалалары жатқан қабірханаға зиярат етуден басталды. Бұрынғы президент Гейдар Әлиевтің қабіріне гүл шоқтарын қойдық. Әзірбайжанның атақты қаламгері Бахтияр Вахабзаде, ақын Самед Вургун, танымал Бұлбұл да осы жерге жерленіпті. Шахидтер аллеясына да ат басын бұрып, мәңгілік алаудың маңында бір минут үнсіз тұрдық. Ел үшін, жер үшін, халық үшін жандарын берген тұлғаларға арнап неге Астана мен Алматыдан ұлтжанды ерлердің аллеясын, саябағын ашпасқа деген ой келе қалды.

    IMG_0812Баку Каспий теңізінің жағасында орналасқан. Көркімен көз тартатын қалаға теңіздің жағасына жақын жердегі 169 метрлік тұғыры бар, ұзындығы 70 метр, ені 35 метр болатын ту айрықша рух беріп тұр. Бұл ту ең үлкен ту ретінде Гиннестің рекордтар кітабына енген болып шықты. Қаланың қай жерінен де көрінетін бұл биік желбіреген ту бүкіл әзірбайжан халқының мақтанышы. Осы ретте Бакудегі әдеби шаралардың біріне қатысып қайтқан жас жазушы, «Жалын» журналының бөлім редакторы Еркінбек Серікбайұлының осы алып туды көргеннен кейін фэйсбук әлеуметтік желісінде көтерген бастамасы есіме түсе кетті. Ол Мәдениет және спорт министрі Арыстанбек Мұхамедиұлына Астананың төрінен ұзындығы 80 метр, ені 40 метр болатын үлкен ту жасауды ұсынған еді. Шіркін, шынында да, осындай ту Елордамызда желбіреп тұрса қандай керемет болар еді! Бұл туды тамашалауға жер-жерден адамдар ағыла түсер еді. Министр мырза бұл ұсынысқа құлақ асса, ел тәуелсіздігінің 25 жылдығына  үлкен сый болатыны сөзсіз.

      Бакудің орталығы жағында «ичери шахар» деп аталатын ескі қала бөлігі әлі күнге дейін мұрты бұзылмай сақталған. «Ичери шахар» деген ішкері қала дегенді білдіреді. Ширваншахтардың ортағасырларда салған қорғандары, мұнаралары мен құдықтары, тас төселген көшелері бізге сол заманда жүргендей әсер қалдырды. Осы жерде Алматыдан келген қазақ жігітті көріп қуанып кеттім. Түрі бізге ұқсаған соң, «қазақсың ба?» деп сұрадым. Ол да Бакуден қазақ көргеніне қуанған кейіп көрсетіп, «Алматыдан қыдырып отбасыммен келдім» деп жатыр. Бірімізге-біріміз сәттілік тілеп, топтарымыздан қалып қалмау үшін алдыға қарай асықтық. Ішкері қаланы көруге жан-жақтан туристер көп келеді екен. Әзірбайжанның тарихын таныта түсетін бұл қорғандар мен тастар өзіне адамдарды тарта беретін сияқты. Бұл жерден көне жәдігерлерді, кәдесыйларды, әзірбайжан өрнектерімен жасалған орамалдар мен сөмкелерді, кілемдерді сатып алуға болады. Кілем демекші, бұл елде кілем тоқудың ерекше әдістері сонау замандардан бері сақталып қалған. Әзірбайжан халқының философиясы, өмірі, құндылықтары осы кілемдерінде көрініс тапқан. Бірінен-бірі өткен кілемдер көздің жауын алады. Бакуде тіпті кілемдер мұражайы да бар болып шықты.

    Ескі қалада Әли Шамси деген суретшімен танысудың реті келді. Шеберхана – дүкеніне де бас сұқтық. Бұл шеберханаға Қырғызстан президенті Алмасбек Атанбаев да арнайы келген екен. Көрші қырғыз елінің көшбасшысының суреттерді тамашалап жүрген үлкен фотосы төрге ілініпті. Әли Шамси көбіне анардың суретін салумен айналысатын болып шықты. Өсіп тұрған анар ағашы, гүлдеген анар ағашы, жеміс берген сәттері, анар жемісінің түрлі кездердегі көрінісі суретшінің туындыларынан көрініс тапқан. Әлидің көрсетуімен шеберханасына жақын маңдағы «Брилиантовая рука» фильмі түсірілген жерді тамашалаудың сәті келді. Юрий Никулин «шайтан алғыр» деп құлайтын жерге суретке де түстік.

   IMG_0854 Әзірбайжан Жазушылар одағының төрағасы Анармен кездесіп, қабылдауында болған кезде қазақша сөйледім. Бір сөзімде басқа елден келген әріптестерім де түсінсін деген мақсатта «шығармашылық» деген сөзді «творчество» деп қолданған едім. Сол мезетте түркі дүниесінің ақсақалы, жазушысы маған : «Творчество» деген орыстың сөзі, «жасампаздық» деп қолданған жөн»,-демесі бар ма? Ескертуін үнсіз қабылдадым. Сөзімнің соңында құрмет ретінде қазақтың шапанын иығына жаптым. Башқұрт досым Айгизге сөз кезегі келгенде ол Анардан: «Орысша сөйлесей берсем бола ма?»- деп сұрады. Сонда жазушы: «Мен орысша білмеймін, кішкене, аздап қана түсінемін. Одан да башқұртша сөйле»,- деді. Айгиз содан сөзін өз ана тілінде айтты. Кейін бөлмеге келген соң башқұрт досым ғаламтордан Анардың өмірбаянын тауып алып, оқып алды да, «Саят, мен әзірбайжандардың отансүйгіштік пен ұлтжандылықтарына қайран қалдым. Анар мырза Мәскеудегі М.Горький атындағы әдебиет институтында төрт жыл оқыпты. Олжас Сүлейменов, Шыңғыс Айтматов, Сергей Михалков, Давид Кугульдинов сияқты қаламгер достарымен орысша тілдеседі екен. Ал бағана маған орысша білмеймін, аздап қана түсінемін деп еді ғой»,- деп таңданысын жасыра алмады. Ішімнен біздің елде біреу орысша сөйлей берейінші десе, біз «жарайды» деп жүрміз ғой деген ой қылаң берді. Анардан үлгі алсақ болады екен.

    Бірнеше күнге созылған жиындардың бірінде фойеде әзірбайжан ақыны Ибрагим Илислымен орысша сөйлесіп тұрғанмын. Қазақтың ортасында өскен, өмірі қазақша оқыған мен өзімді орысшам өте нашар деп есептейтінмін. Кеңес дәуірін біраз көріп қалған, менен жиыра жастай үлкен Ибрагим Илислыдан менің орысшам көш ілгері екен. Оны ақынмен сөйлесуден байқадым. Ол әзірбайжанша, мен қазақша сөйлесек, тоқсан пайыз сөзді түсінбей, қайта сұрап, қиналған соң, түсінісу үшін, алдағы уақытта шығармашылық байланысты дамыту үшін орысша сөйлесуімізге тура келді. Сенсеңіз, осы жерде орысша сөйлесіп тұрғанымызда екі әйел, үш жігіт кезек-кезек жанымыздан өтіп бара жатып, орысша емес, әзірбайжан тілінде сөйлесіңіздер деп ескерту жасап кетті. Конференция кезінде бір әзірбайжан ғалымы біз сияқты шеттен келген қонақтарға қарата: «Бакуге енді келесі келгендеріңізде әзірбайжанша сөйлесетін болайық»,- деп езу тартып еді. Енді міне, ел сыйлайтын Ибрагим Ильслы мен әзірбайжанша білмейтін, санаулы ғана күнге қонақ болып келген менен өз тілдерінде сөйлеуді талап етіп жатыр. Міне, рухты ел, міне, өсетін халық!

IMG_1369

    Әдеби жиындар дөңгелек үстелдер, конференция, поэзия фестивалі, түрлі кездесулер форматында өтті. Барлығында әдебиеттің ортақ өзекті мәселелері көтерілді. Бұл мәселелер өзінше бөлек мақалаға жүк болады. Әзірбайжандардың айтуынша, олар Қазақстанды мықты ел деп мойындайды екен. «Экономикасы , руханият пен өнері, спорты да күн санап дамып келе жатқан сендер бақыттысыңдар»,-деген сөзді бірнеше рет естідім. Елбасымыз Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаевтың халықаралық беделінің жоғары екенін тағы бір байқадым. Қазақстан мен елбасының беделінің арқасында Бакуде айрықша құрметке бөлендім. Жиындарда сөзді Қазақстан сөйлесін деп алдымен маған беріп, дастарханға төрге қазақстандық ақын отырсын деп мені отырғызып, өлең оқуды, сыйлық, марапат беруді де менен бастап, менің пікіріммен санасып отырулары маған қанат бітірді. Мен де алдымен маған жол беріп тұрған соң, сөзде де, жырда да, басқада да аянып қалған жоқпын. Сондай жауапкершілік жүктеліп тұрғанда қазағымды тек жақсы жағынан көрсетуге тырысып, барынша шешен сөйлеуге, мәнерлеп оқуға, кішіпейілдік танытуға, дұрыс жүріп-тұруға, уәдеде тұруға қатты мән бердім. Өзімнің елімді, халқымды, елбасымды, әдебиетімді, өнерімді іштей  мақтан тұттым.

IMG_0653

    Әдеби басқосулардың ортасында, түскі, кешкі аста әзірбайжандық сенаторлар мен депутаттармен жолығып отырдық. Мұса Уруд, Иса Хадидәйлі, Джаваншир Фейзиев, Ганира Пашаева сияқты «миллет өкілдері», яғни, халық өкілдері – депутаттардың бірі ғалым, академик болса, бірі жазушы, енді бірі өнертанушы, тағы бірі ақын екен. Депутаттардың, билік адамдарының арасында руханият саласының тұлғалары көп болуының қандай бақыт екенін түйсіндім. Миллет өкілдері қай жерде болмасын, осы кездесулерді ұйымдастырушыларға көмек қолын созуға дайын екендіктерін білдіріп, халықтар мен халықтарды жақындата түсетін осындай шараларды қолдауға дайын екендіктерін айтып жүрді. Бір депутат өз сөзінде: «Түркінің түркіден жақын досы жоқ»,- деп қалды. Ираннан келген әзірбайжан ақындары Динмаз Түрік, Үміт Нәджәри, қырғызстандық Қалича Жакупова, башқұрт жазушысы Айгиз Баймұхаметов, өзбекстандық жас ақындар Махфуза мен Шохиста Ортыкова, Түркиядан келген  жас ғалым Зейнеп Тек, әзірбайжанның жас ақын-жазушылары Интигам Яшар, Ефсане Қыпшақ, Емиль Расимоглу, Сәрвәр Камрани, Нөфәл Үміт, бәріміз бірімізге-біріміз қарап, жымыңдап қоямыз. Осы күндерде бәріміз керемет достасып кеткен едік.

    Бакудегі басқосулардан түркі халықтары бір-бірімен жақын жүруі керек екенін, тарихымыз бен тағдырымыз, тілдеріміз, жан дүниелеріміздің ұқсас екенін терең түсіне түстім. Әдеби шығармаларды көбірек аударуымыз үшін тіл үйренуді жетілдіру керек екенін аңғардым. 

    1998 жылы Түркістанда бас қосқан Түркі халықтарының жас ақын-жазушылары осы мақсаттағы істерді жалғастыру үшін Бакуде халықаралық Түркі халықтары жас қаламгерлерінің одағын құрыпты. Бұл одақ осы жолы да түркіге түркіден жақын досы жоқ екенін танытты.

    Соңғы түнде әзірбайжан достарымыздың әрқайсысы бір бөлмеге бөлініп, біздің қасымызда қонып шықты. Үйлеріне қайтпастан, бізді қимағандықтан сөйтті. Ертеңінде таңертең бізді барлығы әуежайға шығарып салды. Бізбен құшақтасып қоштасқан соң артымызға қарай-қарай кетіп бара жаттық. Әкбар Қошалы мен Сәрвар Камранидің бізді қимай жылап тұрғандарын көріп, менің де көңілім босап кетті…

   Біз әлі кездесеміз, достар!

                                                               Саят Қамшыгер,

ақын.