Жұртқа қайырымды іс жасаудан жалықпа..!

Төсегімді ашып түнгі ұйқыға жата бергенім сол еді, ватсапыма сообщение келіп түспесі бар ма? Әуелгіде, көп аудио жазбалардың бірі екен-деп онша мән бермедім оған. Кейін тыңдай салайыншы-деп аудио жазбаны қостым. Бейтаныс әйел басынан өткен оқиғасы жайында баяндап жатыр екен.

Бір жасқа әлі тола қоймаған баламмен, күйеуім үшеуміз Арқалықтың аржағындағы, Державенкада тұратын ата-анама бардық-деп бастады әңгімесін әлгі әйел.

Көптен көрмеген әке-шешем, асты-үстімізге түсіп жатыр. Қазақ үшін әкеңнің қабағымен, ананың аялы алақанынан асқан не бар шіркін. Қаладан қызым келді-деп құрақ ұшып. Барын алдыма қойып, баламды алдына алып, байыма жылы қабақ танытып жатыр әке-шешем.

Қайран уақыт, қыста терезеге ою салған аяздай, ата-анамның бетіне әжептеуір әжім түсіріпті. Әкемнің әдемі қырау шалған самайы бар еді. Бүгінде шашы қар түскен, Алатаудың шыңындай ағарыпты. Ернінің үстіндегі селдір мұртымен, иегінің астындағы шоқша сақалы бірігіп, қырау түскен қамыстай, оларда әппақ. Еңсесін түсірмейтін есіл әкемді, қарттық шіркін қатты еңкейтіпті биыл.

Бидай өңді анамның бетіндегі әжімі, баламның білегіндегі сызаттай тереңдепті. Қою түнде қолымен ине сабақтайтын анамның жанары жасаурайтын болыпты. Бұл үйде байқағаным, өзгермеген екі дүние бар екен. Ол әке-шешемнің кең пейілімен, қонақжай ниетіне берген, төрдегі ақ дастарханы ғана.

Менің ата-анам өте қарапайым қайырымды жандар. Осы үйден анамның қолынан ас ішпеген адам жоқ. Тіпті қаңтардың қақаған аязында далада қалған далнабойщик камазистерді талай рет әкем үйге әкелген. Анам ас-ауқатын беріп, ертеңіне шығарып салатын.

Шіліңгір шілденің ыстығында шөлдейсіңдер, ең болмаса бір бөтелке су алыңдаршы-деген анамның айтқанына құлақ аспадым. Арқалық-деген мынау тұр, аман болсақ екі сағатта жетерміз-деп бой бермедім. Баламды алдыма алып, бауыр басқан ауылға қош-деп қосағымыз екеуміз жолға шықтық.

Құдайдың құдіреті жарты жолға келгенде көлігіміз өзінен-өзі сөніп қалмасы бар ма?Айдала, жапан түз, үшеумізден басқа жан жоқ. Күре жолдың бойында, көк шөпке жайылып тұрған күрең аттай, капоты көтеріліп, көлігіміз тұр. Ағаш түгілі бұтасы жоқ жерден, күйеуім көлеңке іздеп әлек.

Бала шөлдеп, шырылдап бара жатыр. Бағанағы анамның айтқанына құлақ ассамшы. Манадан бері машинасының маторын шұқып, мазасы кеткен күйеуім негізі молодец жігіт екен. Бір ауыз сөйлеген жоқ маған. Артқы орындықта жатқан көрпешені, біздің төбемізге көлеңке қылып әлек.

Біраз уақыт өтті. Көліктің көлеңкесінде отырған менің көзіме алыстан шаң көрінді. Арқалыққа жол тартқан аппақ көліктің ішінен ақ жаулықты апамен, алпыстарды алқымдаған аға түсті. Сулары бар екен. Шөлімізді әбден қандырдық. Ақ көңіл әлгі аға, біздің көлікті біраз шұқып еді болмады.

Аға ақ пейіліңізге рахмет. Арқалыққа барсаңыз жолда тұрған ГАЙ-ға менің атымды айтсаңыз болды. Аттай шауып келетін, ағайыннан артық әріптестерім бар-деп жолдасым жалмаңдап жатыр. Шынында күйеуім әріптестерінің арасында өте абыройлы жігіт еді. Қалаға шамамен әлі қырық шақырымдай бар.

Жарайды, аманатыңды айтам айналайын-деп ағам көлікті айналып өтіп бара жатып маған қарады. Державенкада кімнің қызысың айналайын?-деді. Әкемнің атын айтып едіп. Ауылдың шетіндегі, каналдың жағасындағы үлкен үйде тұратын ағаның қызысың ба?-деп әкемнің атын айтты. Иә, сол кісінің қызымын-деп едім.

Ойбай, мен мына балаларды далада тастамаймын-деп ағам әйеліне қарады. Бұл қыздың әкесі мені қақаған қыста қатып қалған машинамды үйіне сүйреп апарған. Апамның қолынан ас ішіп сол түні аяздан аман қалғанбыз. Қайрымды ағаммен, қонақжай жеңешемнің балалары ғой бұлар. “Бір күн асын ішкен үйге, қырық күн сәлем-деген”.

Жақсылығын ұмытсам, азаматтығыма сын. Саспаңдар, өзім жетпесем де сендерді жеткізем-деп көлігінің артына біздің машинаны троспен тіркеді. Күйеуім рульде, шөлін қандырған балам балбырап ұйықтап жатыр. Тек менің ғана көзімнен шыққан мөлдір моншақ жасым, жүзімді жуып келе жатыр. Жасымды тоқтата алар емеспін. Жолдасымда неге жылап келе жатырсың -деп олда ешнәрсе сұрамады менен. Ол да үнсіз. Өлі тыныштық.

Бұл жылаудың да өз себебі бар еді. Ол кезде мен тұлымшағы желбіреген мектепте оқитын кішкентай қызбын. Сол жылы арқаға қар қалың түсті. Қаңтардың шұнақ аязы кеудесінде шыбын жаны бардың бәрін шырқыратты. “Аязынан арқар ауған арқаның, арқасынан алаш ауа көрмесін”-деп әкем жиі айтып отыратын еді сол жылдары, дастархан басында жарықтық.

Түнде оянып кеттім. Сағат түнгі төртен он бір кетіпті. Буырқанған дүлей боранның күші сыртқы терезелердің әйнегін сындырып кететіндей уілдейді. Анам байғұс ауызғы бөлмедегі пештің астына от салып, қазан асып жатыр екен. Қасына барсам қолындағы кекпірмен еттің көбігін алып болыпты.

Апа не істеп жатырсыз?-десем. Әкең, көлігі аязда қатып қалып, жолда қалған жігіттерді үйге алып келе жатыр. Маған қазанға ет сал-деп айтып кетіп еді. Келіп қалатын уақыттары да болды-ау. Байғұстар аман болса болар еді? Әбден жаурап қалған шығар. Келсе ас ішіп, бойларын жылытар. Аяқтың астына оралмай ұйықтай ғой қызым-деп апам маған қарады.

Ту, апа сендерде қызықсыңдар. Кім көрінгенді үйге шақырасыңдар. Еще оған тамақ бересіңдер. Осы үйден иттің итақайына дейін тек тамақ ішуге келеді. Ағайының емес, туысың емес, айдаладағы біреулер. Аязда қатып қалмақ түгілі, неге үсіп өлмейді. Көкемде қызық, әйелін аямайды екен-деп менде ауызымды жапай апама қарап сөйлеп жатырмын.

Балам, өйтіп асылық айтпа. Жолаушы байғұс мүсәпір емес пе? Аш кезде жеген құйқасын, тоқ кезіңде ұмытпас оларда. Дөңгеленген дүние, айналып ертең оларды алдыңа алып келмесін. Оданда орныңа барып жат қызым, таңертең сабаққа барасың-деп апам төсегіме жатқызып тастаған сол түні мені.

Міне дөңгеленген дүние, апам айтпақшы, барлығын алдыма алып келді. Ата-анамның қайырымы, топан су басқан дүниеде, алдамнан қайық боп кездесті. Асылық айтқаныма өкініштен өзегім өртеніп, көзімнің жасын тоқтата алмай келе жатқаным да сондықтан.

Қаланың шетіндегі май құю бекетіне әкеліп тастады, бізді әлгі ақкөңіл аға. Қоштасып, артынан қол былғап қалдық. Оталдырғыштың кілтін бұрап қалып еді, біздің үйдегі отағасы. Машина гүр етіп бірден оталып кетті. Екеумізде аң таң болып қалдық. Жаратқан бұнысымен не айтқысы келді екен бізге?

Адамдар кейде өзімнің ептілігімнен, пысықтығымнан, етімнің тірілігінің арқасында осы дәрежеге жеттім-деп ойлайды. Байлықта, билікте, абыройда аспаннан түскендей алшаңдап жүреді. Бастарына келген ауыр сынақтан сүрінбей өтсе, өзі шешкендей өктемсиді олар.

Қайдан білесің? Мұның барлығы ата-анаңның немесе ата-бабаңның құдайға жаққан бір ісінің арқасында болып жатқан шығар? Мүмкін қабыл болған бір дұғасы, мүмкін қабыл болған қайырымды бір ісі шығар. Балам бақытты, ұрпағым ұлағатты болсын десең. Жұртқа қайыры бар, қайырымды іс жасаудан жалықпа бауырым.

 

МАҚСАТ СҚАҚОВ  фейсбук парақшасынан