Құрбан шалу кімге уәжіп?
Мұсылман үмметінің екі мейрамы бар десек, бірі Рамазан бітіп, Шәууәл айы есік қаққандағы Ораза айты болса, екіншісі – Зул-һиджа айын оны мен он үші аралығында төрт күнге созылатын Құрбан айт мейрамы. Биыл Алла қаласа Құрбан айт мерекесі қыркүйектің 12-15 күндері аралығына дөп келіп тұр. Яғни, 12-сі сәске уақытында айт намазын оқыған мұсылман жамағаты бірін-бірі ұлық мерекемен құттықтап, құрбандық шалуға кіріседі. Сол сәттен бастап Зул-һиджаның 13-і күнгі (қыркүйектің 15-і) екінті намазына дейін Құрбан айт мейрамының уақыты болып есептеледі. Яки, аталмыш уақыт аралығында шалынған құрбандық қана Алланың құзырында Құрбан айтта жасалған ізгі амал болып қабылданады. Сондай-ақ, осы күндерді «Тәшриқ» мезгілі деп те айтады. Оның мағынасы бес уақыт намаз мойнында парыз болған ерлер мен әйелдердің әр намазыдың ең соңында «Аллаһу Акбар, Аллаһу Акбар, Ләә иләһә иллаллаһ! Аллаһу Акбар, Аллаһу Акбар, Уә лилләһил-Хамд» деп 3 қайталап Аллаға мадақ айтуы уәжіп.
Ал, құрбандық шалу кімге уәжіп? Оған белгілі исламтанушы Абдусамат Қасым жауап береді.
Ханафи мәзһабы бойынша төмендегі талаптарға сай әр адамға құрбандық шалу уәжіп:
- Мұсылман болуы керек
- Тұрғылықты (жолаушы болмау)
- Ақыл-есі дұрыс
- Балиғатқа толған
- Бақуатты. (Негізгі қажеттерден тыс нисап мөлшеріндегі қаржыға ие болу. Нисап мөлшері – 85 грамм алтын немесе осы құнға тең келетін артық мүлікке ие болу).
Бұл дегеніміз, бір отбасыдағы кәмелетке толған, ақыл-есі дұрыс және де өзінің жеке байлығы бар ұл-қыздары мен өзінің жеке байлығы бар зайыбы да өз алдына бір қой құрбандық шалуы тиіс. Әкесінің шалған бір қой құрбандығы оларға жүрмейді.
Бірақ, өз дүниелері болмаса, отағасының шалған құрбанының сауабы оларға да жазылады. Себебі, ардақты Пайғамбарымыз (с.а.у) шалған құрбанының сауабын үмбетімен де бөлісетіндігі риуаят етіледі. Сахаба Жәбір ибн Абдулла былай дейді:«Пайғамбарымызбен бірге құрбан айт намазын оқыдым. Ол (с.а.у) намаздан шығып, бір қошқар алып келді. Оны құрбандыққа шалып жатып: «Бисмилләһи Аллаһу әкбәр. Уа Раббым! Бұл (құрбандық) менің және үмбетімнің ішінен құрбандық шала алмағандар атынан», – деді».
«ЕлАна»