АМАН БОЛШЫ, ДӘРІГЕРЛЕР!
Ауырмашы, ақ халатты періштем,
Қағатұғын жұртты тосын ажалдан.
Тілеуіңді тілеп жатыр ел іштен,
Карантинге амалсыздан қамалған.
Қауіп төнді адамзатқа, ғаламға,
Үрейлі сөз шығып жатыр әр үйден.
Өлім емес өмір сыйлар адамға,
Сырқат жанға салған сенің әр инең.
Ақ халатың – ақ жүрегің, пейілің,
Адамдарға өмір гүлін сыйлаған.
Шаршасаң да – жанарыңда мейірім,
Соңғы демді — үзілуге қимаған.
Жаман дертпен жүрсің күнде тіресіп,
Өшірмеуде әрбір үйдің шырағын.
Сырқаттарды емдеймін деп күресіп,
Аурухана болды-ау сенің тұрағың.
Көрінбейтін көзге суық тажалдан,
Өлім құшып жатыр мынау бәрі елдер.
Құтқаратын тосын келген ажалдан,
Аман болшы, емі- шипа дәрігерлер!
Жұлдыз ТОЙБЕК