Сынығы бар ыдыстан су ішпеңіз!

Ыдысы сынбайтын, шытынамайтын үй бар ма екен?! Егер ондай үй бар болса ол жерде адам тұрмайтын болғаны. Әрбіріміз байқаусызда, кейде әдейілеп ыдысты сындырамыз. Кейде ыдыс шашылып сынбағанымен, тек жарықшақ пайда болады. Енді осы сынық ыдыстың тұрмыс-тіршілігімізде қолданылуы жайында сөз қозғайық. Бұрын ата-әжелеріміз сынық ыдысты үйде ұстама дейтін, бірақ бұның мәнісі неде екенін көпшілігіміз біле бермейтінбіз. Біреулер бұл бақытсыздық алып келеді деп те жатады. Ал мұндай бақытсыздықтың мәні неде? Немесе бұл халық арасында қалыптасқан сенім бе? Енді істің анық-қанығына көз жеткізіп көрелік.

Алдымен, ойығы не жарықшағы бар немесе жарылған ыдыстар жайында асыл шариғатымызда, ислам кітаптарында не делінгеніне ой жүгіртейік. Осыған байланысты ардақты Пайғамбарымыздың (Алланың оған игілігі мен сәлемі болсын) мүбәрак хадисін келтіре кетсек.

  1. Пайғамбарымыз жырығы бар, ойылған ыдыстан ішуді және судың бетін үрлеуге (мысалы шәй ішкенде немесе су ішкенде) тыйым салған.(«Сахих ибн Хиббан», № 5315)
  2. Имам ибн Абдиль Барр былай дейді: «Ислам ғұламаларының айтуы бойынша хадистегі айтылған істің жағымсыз екендігін, яғни істемегені дұрыс екендігі меңзелген»
  3. Имам ат-Тахауи «Шархумани асар» кітабында былай деп жазады: Ғалымдардың айтуынша Пайғамбарымыз (Алланың оған игілігі мен сәлемі болсын) шеті ойылған немесе жарылған ыдыстан су ішуді тыйуы, бұл жарық ыдыстың арасына жиналатын зиянды бактериялардан сақтану үшін айтылған деп келтіреді.

Бұл жайында адамдардың ең абзалы болған Пайғамбарымыздың (Алланың оған игілігі мен сәлемі болсын) айтқаны бізге жеткілікті. Енді қазіргі заман ғалымдары және санитарлық қызметкерлер бұған не дейді екен, соны қарастырайық. Санитарлық талаптар бойынша жырығы бар, жарылған, шет жақтары сынған ыдыстарды қолдануға рұқсат жоқ. Нақыс пен жарық ыдысты жарамсыздыққа алып келетін жағдай. Ыдыстағы кез-келген сынық сіздің денсаулығыңызға зияндық тигізеді, себебі, жарылған жерде түрлі микроптар жиналады. Сондай-ақ эмальды ыдыстардың ойылған жерлерінде, ішіндегі сұйықтықтың әсерінен метал жиналып, қосымша қышқылдану реакциясы жүреді.

Тағы да білуге маңызды нәрсе: ыдыстың бояуына зиянды тұзды металдар қолданылады. Мысалы, кобальт, бор және кадмия. Ыдыстың сыртқы жылтыры, яғни, сыртқы қабаты зақымданбайынша ол жарамды болып есептеледі. Егер ыдыста жарық немесе сынық пайда болатын болса улы заттар асқа түсе береді. Біртіндеп адамның ағзасына да зиянын алып келеді. Мұның арты адамды гастрит ауруы мен асқазан жарасына алып келеді. Ыдыстың жарылған жерінде жиналатын бактериялардың бірі – протейн таяқшасы шіріткіш бактериялардың қатарына жатады. Көбіне шіріген қалдықтардың құрамында көптеп таралады. Сынығы бар ыдыстарда көпке дейін сақталып, сол жерде көбейеді.

Егер ауыз қуысыңызда ойық жара пайда болса сондай-ақ ерініңіз жарылып жатса үйіңіздегі кесе, сыптыаяқ (кружка) т.б ыдыс-аяқтарыңызды тексерген жөн, арасында жарылған, ойылған, жырығы бар ыдыстар болуы мүмкін.

Ендігі сұрақ, осыдан 1400 жыл бұрын өмір сүрген Пайғамбарымыз (Алланың оған игілігі мен сәлемі болсын) осының бәрін қайдан білген деген ой туады. Әрине, бұл Алланың Пайғамбарымызға жіберген ілімі екендігінің дәлелі.

Тек бүтін ыдыстарды қолданыңыздар және ауырмаңыздар… 

Ерлан ӘЛМЕНОВ