Елорданың 28 мың тұрғыны Nur Otan партиясынан көмек алады

«Біз біргеміз!» акциясының бірінші толқыны аяқталды, деп хабарлайды Нұр-Сұлтан қаласы әкімдігінің ресми сайты.

Наурыз айының аяғында Елбасы тапсырмасы бойынша басталған «Біз біргеміз!» акциясының алғашқы нәтижелері шығарылды. Нұр-Сұлтан қаласындағы «Nur Otan» партиясы филиалының бірінші орынбасары Ерлан Каналимовтың мәлімдеуінше, қазіргі уақытта азық түлік жиынтықтарымен 7672 отбасы қамтылған.

 

 

Жалпы алғанда 11 мың отбасына 165 миллион теңгенің, әрқайсысы 15 мың теңгені құрайтын азық түлік себеті беріледі. «Әлеуметтік қамсыздандыру басқармасы және елорда аудандарының әкімдіктерімен келісілгеннен кейін мұқтаждардың тізімі үнемі жаңартылып отырады. 19 наурыздан бастап бүгінге дейін партияның қалалық филиалының Қоғамдық қабылдау бөлмесіне 2800-ден астам өтініш келіп түсті. Олардың 80%-ы оң шешімін тапты», — деді Е.Каналимов. «Nur Otan» партиясының елордалық филиалының қызметкерлері карантин жарияланғанына қарамастан, халықтың әлеуметтік осал топтарына азық-түлік, гигиена құралдары, сондай-ақ қорғау құралдарын реттеп, тасымалдауды жалғастыруда. Осы үдеріске жұмылдырылған барлық адамдар арнайы қорғаныс киімдерімен қамтылған. Жеткізу байланыссыз, яғни көмек алушылардың пәтерлерінің есігіне дейін жүргізіледі.

 

 

Көмекті қалыптастыру жұмыстары таңертең ерте басталып, кешке дейін жалғасады. «Өткен аптада біз елорданың мұқтаж тұрғындарына 2 миллион бір реттік медициналық маска таратуға кірістік. Бүгінге дейін 15 мыңнан астам отбасы қамтылды. Бұл әр отбасына 50 бетпердеден, 750 мыңнан астам маска», – деп түсіндірді Е.Каналимов. Сонымен қатар, өткен аптада медицина мекемелеріне, қарттар үйіне, балалар үйіне, әлеуметтік қорғау басқармасының бөлімшелеріне, полиция қызметкерлеріне, сондай-ақ блокпосттарға жалпы сомасы 25 млн.теңгеге отандық өндірістің 16 мыңнан астам антисептик құтылары таратылды. «200-ден астам жалғыз басты зейнеткерлер мен қарттарды елорда мейрамханаларында дайындалатын ыстық тамақпен қамтуды белсенді түрде жалғастырамыз», – деп атап өтті Нұр-Сұлтан қаласындағы «Nur Otan» партиясы филиалы төрағасының бірінші орынбасары.

 

 

ҚР Тұңғыш Президенті – Елбасының тапсырмасы бойынша құрылған «Біз біргеміз!» қоры бүгінгі таңда жалпы сомасы 723 млн.900 мың теңгеге 14 478 адамға қаржылай көмек көрсетті. Олар 7 санат бойынша 50 мың теңгеден алды. Олардың ішінде әлеуметтік педагогтердің деректері бойынша АӘК алмайтын аз қамтылған және көп балалы отбасылар (1885 адам), АӘК алмайтын бірінші топтағы мүгедектер (1895 адам), мүгедек баланы күтуді жүзеге асыратын тұлғалар (АӘК алмайтын) (5288 адам), ең төменгі және одан төмен зейнетақы алатын зейнеткерлер (79 адам), жетім балалар (510 адам), ҰОС қатысушылары мен мүгедектері және оларға теңестірілгендер (2181 адам), сондай-ақ тыл еңбеккерлері (2640 адам). «Мамыр айының басында басталатын, акцияның екінші толқын аясында 28073 отбасы көмек алады. Оның ішінде барлық АӘК алушылар, 2 топтағы мүгедектер және басқалар қамтылады. Жалпы, акция аясында елордада 53 мыңнан астам отбасы қамтылған», – деп қорытындылады Е.Каналимов.

Нұр-Сұлтан қаласы әкімдігі