Дерттен дін аман шықты

Екі апта бойы қатерлі індеттің құрсауында болған «Қарасу» тұрғын алқабындағы №38 үй карантиннен босады. Ағымдағы жылдың 7 сәуірінде осы үйден COVID-19 инфекциясын жұқтырған науқас табылған болатын.

Содан бері қатаң бақылауға алынған көппәтерлі үйдің тұрғындары әкімдік тарапынан азық-түлікпен қамтамасыз етілді. Сонымен қатар аталмыш үйдің кіреберістерінде дезинфекциялық өңдеу шаралары жүргізілді. Бұл үйде 26 тұрғын тұрады, оның 11-і 18 жасқа дейінгі жасөспірім, 15-і ересек адам. Жергілікті емхана дәрігерлері 14 күн ішінде барлық тұрғындардың денсаулығын бақылауда ұстаған. Нәтижесінде ешқандай арыз-шағым тіркелмеген. Бұл туралы Тараз қалалық тауарлар мен көрсетілетін қызметтердің сапасын бақылау басқармасы басшысының орынбасары Ғабит Әбділда мәлімдеді. Тұрғындарды азық-түлік және тұрмыстық заттармен қамтамасыз етуге әкімдікпен қоса ерікті азаматтар да атсалысты. Сонымен қатар онлайн жеткізу қызметтері де тұрғындардың екі апта ішінде қолайлы өмір сүруіне ықпал етті. – Қойылған талапқа сәйкес екі апта бойы үйден шыққан жоқпыз. Дәрігерлер бекітілген уақыт бойынша келіп, денсаулығымызды қадағалап отырды. Қатаң тәртіптің арқасында инфекциядан таза болып шықтық. Сондай-ақ мемлекет және демеушілер тарапынан күн сайынғы азық-түлік беріліп отырды. Қысылтаяң кезеңде бізбен бірге болған азаматтарға алғыс айтамын. Ал қала тұрғындарына мұндай қауіпті кезеңде барынша тәртіп сақтап, сақ болуға кеңес беремін, – дейді 38-ші үйдің тұрғыны Аягөз Майлиева. Соңғы деректерге сүйенсек, еліміз бойынша коронавирус жұқтырғандар саны 1967-ге жетті. Оның ішінде 452-сі жазылып шықса, 19 адам көз жұмды. Жалпы облыс бойынша 65 коронавирус оқиғасы тіркелген. Инфекциялық стационарда 46 науқас ем алуда, жағдайлары тұрақты. Жалпы аймақта осымен 11 адам коронавирустан айығып шықты.