Елорда оқушылары арасында бұрымдылар байқауы өтуде
Челлендж мақсаты – ұлттық құндылықтарды насихаттап, оқушылардың ұлттық сана-сезімінің көкжиегін кеңейту, деп хабарлайды Нұр-Сұлтан қаласы әкімдігінің ресми сайты.
Елорда мектептері арасында Елбасы Н.Ә.Назарбаевтың «Рухани жаңғыру» бағдарламасының «Ұлттық бірегейлікті сақтау» бағыты бойынша, «Салтың – санаң, ғұрпың – ғұмырың, дәстүрің – дәулетің» жобасы аясында «Бұрымды қыз» атты байқау челленджі бастау алды. Челлендж алғаш елордадағы №10 мектеп-гимназиясында «Шаш өру – қазақ қызына тән әдептілік» атты ғылыми жобалар байқауы ретінде басталып, өзге мактептерге жолданған. Аталған байқаудың мақсаты – оқушыларға ұлттық құндылықтарды (атап айтқанда, шаш өру өнері, сондай-ақ шашбау мен шолпы тағыну) насихаттау және ұлттық сана-сезімнің көкжиегін кеңейту. Челлендж барысында Нұр-Сұлтан қаласындағы 40-ға жуық білім ордасының 220-ға жуық оқушысы өз бейнероликтерін әлеуметтік желіге жүктеді. Қазіргі таңда жоба Павлодар, Қарағанды және т.б. қалаларда кеңінен қолдау табуда. Жоба карантин уақытында аналар мен қыздар арасындағы қарым-қатынасты нығайтып, ұлттық салт-дәстүрді кеңінен насихаттауды көздейді. Челлендж қатысушылары өз отбасымен бірге ұлттық киімде бейнероликтер түсіруде. «Бұрымды қыз» челленджін республика көлемінде кеңінен насихаттау мақсатында орта кәсіптік және жоғары оқу орындарында да жобаны жалғастыру ұсынылуда.
Нұр-Сұлтан қаласы әкімдігі