«Біз біргеміз!» акциясы аясында «Жастар» театрының труппасы ретро-концерттер өткізуде
Әртістер орындауында Абай мен Әсет Бейсеуовтың классикалық лирикасы шырқалды, деп хабарлайды Нұр-Сұлтан қаласы әкімдігінің ресми сайты.
Елордалық Жастар театрының әртістері «Біз біргеміз!» акциясы аясында көрермендерге онлайн режимде өнер көрсетті. «Жастар» театрының директоры Ернар Жұматаевтың айтуынша, театр ұжымы, өзге әріптестері сияқты коронавирустық инфекцияның пандемиясы салдарынан толық шығармашылық қызметін тоқтатуға мәжбүр болды. «Дегенмен, біздің әртістер театрға келіп, көрермендерге жақсы көңіл-күй сыйлау үшін онлайн-көрсетілімдер береді. Өйткені адамдар, әсіресе қазір қалада карантин жарияланған кезде, рухани азыққа мұқтаж. Біздің репертуарымыз негізінен ретро-туындылардан тұрады. Бүгінгі кеште классикалық лирика – Абайдың, Әсет Бейсеуовтың әндері шырқалды», – дейді «Жастар» театрының директоры Ернар Жұматаев. Елордада карантин кезінде жетекші театр, музыкалық ұжымдар мен эстрада жұлдыздарының онлайн-көрсетілімдері ұйымдастырылуда. Сонымен қатар, тілдерді оқыту, психология, аспаздық, қолөнер және т.б. онлайн-сабақтар өтуде.