Ел болашағы ұрпақ тәрбиесінде
Әлемді әбігерге салған пандемия Еліміз үшін де қиын болып тұр. Біздің жас оқырмандарымыз да бүгінде сабақтарын үйде оқып, карантин уақытында оқуға, бос уақыттарын пайдалы өткізуге арнауда. Осы ретте кітап, газет-журналдар оқудың орны ерекше екені сөзсіз. Балалардың жақсы тәрбие алып, ойлы азамат болып қалыптасуына мерзімді баспасөздің де әсері болады. 15-сәуірден елімізде екінші жартыжылдыққа газет-журналдарға жазылу науқанының басталғанын хабарлаймыз. Өздеріңізге жақын орналасқан «Қазпочта» АҚ-ның бөлімшесіне барып «Мөлдір бұлақ» журналына жазыла аласыздар.
Алматы қаласы бойынша жазылу бағасы:
1 айға – 247, 5 теңге;
6 айға – 1485 теңге.
Облыстар, қалалар мен аудандар, ауылдар бойынша жазылу бағасы:
1 айға – 250, 25 теңге;
6 айға – 1501,5 теңге.
Журнал жайында аз-кем айта кетсек.
Жалпыұлттық «Алтын жұлдыз» сыйлығының иегері «Мөлдір бұлақ» республикалық балалар журналы 2002 жылдан бері ай сайын жарық көріп келеді. Жоғары интелектілікке бағытталған басылымда жас оқырмандарға арналған түрлі қызықты материалдар, сөзжұмбақтар, оқушылар шығармашылықтары, өлеңдері мен салған суреттері, ғибратты әңгімелер үзбей жарияланып отырады. Ай сайын 32 бет болып шығады. Қазақ елінің келешегін жарқын етер жас зиялыларымыз үшін 1 беті ағылшынша, 4 беті орысша және 2 беті латын әліпбиімен жарық көреді. Журнал айына бір рет шығатындықтан жас ұрпаққа өмірде болып жатқан оқиғаларды, жастарға қызықты жаңалықтарды сараптамалық талдау тұрғысында жариялауға тырысамыз. Журналдың басты ерекшелігі – еліміздің барлық өңірлеріндегі білімді, ақылды, дарынды жастарға бағыт-бағдар беріп, олардың жан-жақты дамуына әсер ету.
Балалар мен жасөспірімдердің еліміздегі тіл саясатын, өнері мен мәдениетін, туризмді, асыл мұраға айналған нысандарын тануына, білуіне, зерделеп, бағамдауына жол ашып, шығармашылық жағынан дамуына көп көңіл бөліп келе жатқан бұл басылым беттерінде «Тұғыр», «Өнер», «Табиғат тылсымдары», «Сарап», «Мінбер», «Мәдениет», «Алтын көпір», «Сөз өнері», «Асыл мұра» «Өлке» сияқты айдарлар арқылы осыны жүзеге асыруда.
Еліміздің жан-жағындағы талантты жастармен қатар еліміздегі ақын-жазушылардың тағылымды, ғибратты, ұрпаққа ой салар шығармалары мен туындыларын да үзбей жариялап, ұл-қыздарға тәрбие беруге, әдеби талғамдарының жоғарылауына, әдеби процестермен, жаңалықтармен дер кезінде танысуына үлес қосудамыз. Тіл саясатын қолдау бағытында көптеген маңызды тақырыптарды көтеріп, жас оқырмандарға қызықты дүниелерді берудеміз. Алдағы уақытта да осы бағыттағы жұмыстарымызды одан ары жалғастыруға пейілдіміз.
Журнал беттерінде өнер мен мәдениетті насихаттап, осы салалардағы ерекшеліктер мен тың жаңалық, өзгерістерді оқырман қауымға кеңінен таныстырып, алдағы уақыттағы даму, жетілу процестері жайлы мол материалдар беріп келеміз. Өнер мен мәдениеттегі, әдебиеттегі майталмандармен, шығармашыл тұлғаларымен әңгімелесіп, әртүрлі сұхбаттар алып, жас ұрпақты төл мәдениеті мен өнерін сүюге, ардақтап, аялауға шақырып келеміз. Жарқын тұлғаларды ұл-қыздарға үлгі ретінде таныстырып, балалар мен жасөспірімдерді мәдениетті, өнерлі, білімді, қабылетті болуға алдағы уақытта да барынша әсер етуге талпынамыз.
Журнал жас зиялыларға арналған танымдық басылым болғандықтан «Ойың ұшқыр болсын, балақай!», «Ойлан, тап», «Ойын ой ұштар», «Ғылым жаңалықтары», «Сен білесің бе?», «Таным», «Мәдениет» тәрізді айдарлардың аясында көптеген ғылыми-танымдық, мәдени, ойын-сауық, өнертабыстар жас оқырмандарға жетуде, өздерінің де ізденулеріне, өрелерінің өсуіне жол ашуда. Біз бұл тақырыптардағы материалдарды берумен қатар алдағы уақытта дарынды жастардың да осы салаларда жарқырап көрінулеріне әсер етеміз. Ой-өрісті дамытатын логикалық есептер, сөзжұмбақтар мен қызықты тапсырмалар, тест сұрақтары, түрлі лайфхактар тұрақты түрде жарияланып келеді.
Еліміздің көрікті табиғаты мен маңызды нысандары жайлы танымдық материалдарды үзбей жариялап жүрміз. Әр өңірлердегі тылсым табиғат, туристік жерлерді жазу, оқырмандарға таныту арқылы жас ұрпақтың бойындағы ұлтжандылықты, сұлулыққа құштарлықты, әдемілік пен тазалықты, табиғатты қорғап, қастерлеуді дамыту арқылы Отанның бір бөлшегі ретінде сезінулеріне игі әсер қалыптастыруды маңызды деп есептейміз. Сонымен қатар еліміздегі ерекше қорғауға алынған нысандарды оқырмандарға таныстырып келеміз. «Өлке», «Табиғат тылсымдары» тәрізді айдарлармен шыққан көптеген мақала, шолу, суреттер, сұхбаттар соған дәлел. Жас тілшілеріміз дайындаған «Тектұрмас кешені», «Аңызға айналған Бурабай», «Ертегілер еліндей Көлсай мен Қайыңды», «Таңбалы тастар сөйлейді», «Мәдени мұраға бай Маңғыстау», «Алтын киімді адамдар табылған құт мекен», «Тақсай ханшайымы», «Сарматтар елінің таңғажайыптары» сияқты танымдық материалдар жас оқырмандарымыздың ыстық ықыластарына бөленді. Біз алдағы сандарымызда да осы бағыттардағы қызықты да мәнді, мазмұнды дүниелерді тұрақты түрде жариялай беруді жоспарлаудамыз.
Балалар мен жасөспірімдердің шығармашылық жағынан дамуына көп көңіл бөліп келе жатқан бұл басылым әр сан сайын республиканың жан-жағындағы талантты жастармен қатар еліміздегі ақын-жазушылардың тағылымды, ғибратты, ұрпаққа ой салар шығармалары мен туындыларын да үзбей жариялап, ұл-қыздарға тәрбие беруге, әдеби талғамдарының жоғарылауына, әдеби процестермен, жаңалықтармен дер кезінде танысуына үлес қосуда. Алдағы уақытта да осы бағыттағы жұмыстарымызды одан ары жалғастыруға пейілдіміз. Балалар мен жасөспірімдер шығармашылығын журнал үнемі басты назарда ұстап келеді. Балалардың өлеңдері мен әңгімелері, ертегілері мен суреттері, қолөнер бұйымдары жиі жарияланып тұрады. Дарынды балаларды халыққа таныстыруда, олардың ой еңбектерін бағалап, оқырмандарға таныстыруда басылым алда әлі талай қажырлы еңбек етері сөзсіз.
Балалар мен жасөспірімдерге арналған ақын-жазушылардың «Дарабоз», «Алтын тобылғы», «Алтын ғасыр» «Тәуелсіз ел жастары» сияқты байқаулардың жеңімпаздарын насихаттау барысында, жас оқырмандардың олармен танысуы үшін жүлде алған шығармаларды журнал бетттерінде жариялап отыру дәстүрге айналған. «Балаларға базарлық», «Біз де бала болғанбыз», «Бәсіре», «Әдебиет әлемі» айдарлары соның айқын дәлелі.
«Мөлдір бұлақ» журналы әдеби аудармаларға да ден қойып, үздік шығармаларды басылым беттерінде шығарып отырады. «Туысқан ел әдебиеті», «Алтын көпір» айдарлары арқылы аудармашылардың қырғыз, өзбек, ұйғыр, әзірбайжан, түрік, татар, башқұрт, түрікмен, тәжік, орыс, ағылшын, испан, қытай тілдерінен тікелей аударылған әңгімелер мен өлеңдерді, халық даналықтары мен мақал-мәтелдерді жариялап келе жатқаны әдебиеттер байланысын, халықтар достығын дамытуда деп есептейміз. Бұл үрдіс алдағы уақытта да жалғасатыны анық.
Жылда дәстүрлі түрде өткізіп келе жатқан жас оқырмандарымызға арналған республикалық шығармашылық байқау көптеген дарындардың шығармашылық қабылеттерінің артуына көмектесіп келеді. Оқушылар өздерінің эссе, әңгіме, өлеңдерін көрсетілген тақырып бойынша жазып, редакцияның адресі мен электронды поштасына жолдау арқылы қазақ әдебиеті мен журналистикасы тұлғаларының саралауынан өтіп, жеңген жағдайда марапаттау рәсіміне арнайы шақырылып, қазылар алқасының қолынан дипломдар мен түрлі бағалы сыйлықтар алып жүр. Жүлде алған шығармалар мен туындылар журнал беттерінде жарияланып келеді. Былтырғы жылы өткен «Мен оқыған керемет кітап» атты республикалық байқауда отызға тарта жүлдегердің бағалы сыйлықтармен, дипломдармен, ұстаздарының Құрмет грамоталарымен марапатталғанын, ол жеңімпаздардың
Алматы қаласына арнайы шақыртылып, Қазақстан Жазушылары кітапханасында өткен марапаттау рәсімінде марапатталғанын айрықша айтқымыз келеді. Биылғы жылға арналған республикалық байқауымыз Абай Құнанбайұлының 175 жылдық мерейтойына орай «Жүрегімнің түбіне терең бойла» деп аталды. Шығармашылық байқаудың шарттары мен талаптары журналдың әр санында жариялануда. Бұл байқауға жас оқырмандарымыз тегін қатысады.
Журнал мемлекет тарапынан атқарылып жатқан шараларға, кездесулер мен конференциялар, өзге де мәдени іс-шараларға арнайы қатысып, маңызды материалдарды жариялап отырады. Сондай-ақ, журналда «Абай — 175» айдарымен ақын шығармалары мен қара сөздері туралы түрлі танымдық, әдеби мақалалар ұсынуды қолға алдық. Алдағы сандарда абайтанушы ғалымдардың жас ұрпаққа пайдалы сөздері мен зерттеулерін беру де жоспарымызда бар. Осы байқауға байланысты еліміздің түпкір-түпкірлерінен эсселер мен шығармалар келіп түсе бастады.
Сонымен қатар, ғұлама ғалым Әбу Насыр әл-Фарабидің 1150 жылдық мерейтойына орай, еліміз бойынша өтіп жатқан іс-шараларды, ғалымның еңбектері мен өміріне, ашқан түрлі жаңалықтарына қатысты тарихи материалдарды, сондай-ақ Алтын Орданың 750 жылдығына қатысты тарихи материалдарды тарихшылармен, мамандармен бірлесе отырып жариялауды, насихаттауды қолға алдық. Жас оқырмандар тарапынан олардың түрлі тақырыптардағы танымдық мақалалары мен зерттеулерін, ғылыми жобаларының тұжырымдамаларын жариялауды да жолға қойдық.
Өте белсенді оқырмандарымыз журналдың жас тілшісі деген куәлік алып, ай сайынғы шығатын журнал үрдісіне араласып, мақалалары мен алған сұхбаттарын, материалдарын шығарып тұруға мүмкіндік жасайды. Журналистика факультетіне оқуға түскісі келетін оқушыларға бұл үлкен тәжірибе, мектеп екені сөзсіз. Жас тілшілер арнайы чатқа қосылып, бас редактор мен журналистерден тікелей тапсырмалар алып, өз идеяларымен бөлісе алады. Жақында коронавирусқа байланысты еліміздегі төтенше жағдайға орай журнал өз тілшілері мен оқырмандарының арасында «Кітап оқып үйде бол» эстафетасын ұйымдастырды. «Мөлдір бұлақтың» инстаграм мен фэйсбук парақшаларына әр қатысушының ролигі қойылып отырғанын айтқым келеді. Бұл эстафетаға жиырмадан аса жас тілшіміз қатысты, ол ары қарай журнал оқырмандарының роликтерімен жалғасуда.
«Мөлдір бұлақ» журналы еліміздің ұлтжанды, отансүйгіш ұл-қыздарына арналған танымдық басылым болғандықтан оқырмандарын «елге – елеулі, халыққа – қалаулы, Отанға – опалы» болуға тәрбиелейді. Ата-аналар мен ұстаздарды қадырлеуді, үлкенді сыйлауды, кішілерге қамқор болуды, мейірімді, иманды, білімді, ақылды, тәрбиелі болуды жас оқырмандар журнал оқу арқылы үйрене түсері сөзсіз.
Журнал ұжымы еліміздің барлық өңірлерімен – облыстар мен қалалардағы, аудандардағы мектептермен өте тығыз байланыста. Жыл бойы
журнал қызметкерлері іссапарларға шығып, мектептер мен балабақшаларда, колледждер мен университеттерде кездесулер өткізіп тұрады. Жас ұрпақты кітап, газет-журнал оқуға шақырып, қоғамдық өмірдің алғышартарымен таныстырады. Жас таланттарды тауып, оларға қолдау жасап, бағыт-бағдар беру, олардың жетістіктері мен жаңалықтарын журнал беттерінде насихаттауда басылымның мүмкіндіктері көп.
Журналдың фэйсбук, инстаграмда өзінің жеке парақшалары бар. Жеке сайты жұмыс істеп тұр.
Еліміздің болашағы – бүгінгі ұрпаққа көбірек мән берейік. «Мөлдір бұлақ» журналын серік еткен ұл-қыздар шын мәнінде ақылды, ұлтжанды, тәрбиелі, білімді де білікті, зиялы тұлға боларына сеніміміз зор.
Саят Қамшыгер, республикалық «Мөлдір бұлақ» журналының бас редакторы