Баспана – әйелдің қуаты

Біреудің үйі жоқ, біреу енесімен тұрады. Біреу жалдайды. Ал, біреудің пәтері бола тұра үйім бар деген сезімге бой алдыра алмайды.
Үйің жоқ болса, бұған не себеп?
Әр адамның, әсіресе әйелдің өз үйі болуы керек. Үйім бар деген сезім қанат жаюы маңызды. Бұл сезімсіз адам дертке ұшырайды. Үйім бар деген сезім болмаса, оның жаны мына әлемді жатырқайды. Үйлесімділік орнамайды. Әйелдің бақыты үйімен тығыз байланысты.
Үйі жоқ адам өмір сүрмегендей болмақ. Өмірін кейінге қалдырып, уақыт оздырады. Оның санасында күту белгісі қосылады. Осыдан үй алсам, көшсем, жөндесем, сосын барып…
Үй – өзіңді қауіпсіз сезінетін кеңістік. Үйде бар күш-қуатыңды қалпына келтіре аласың.
Мен үйдемін!
Үйде тынығасың, жаныңмен демаласың. Күш жинайсың. Маңызды шешім қабылдайсың.
Үй – жан жарасы емделер орын. Үйдегілер сені болмыс-бітіміңмен тұтас қабылдайды.
Үйден кеткің келмейді. Оны ұзақ уақытқа қалдыра алмайсың. Өйткені, ол тірі организм сияқты. Ол күш беретін ұя.
Үй адам туралы көп ақпар береді: біздің тілегіміз, арманымыз, қарым-қатынасымыз, қуатымыз қайда бағытталғанын, жан дүниемізде не болып жатқанын анық көрсетеді.
Үй – бүкіл өміріміз тамыр жаятын топырақ. Адамның ересек, саналы өмірі өтетін орын.
Әдетте адам баласы жеке тұлға ретінде жетілуі мен өсуін үйден тыс жерде іздейді. Ал, үй ұрыс-керіс, асығыс-үсігіс жасалған дәмсіз тамақ, лас, ебедейсіз жер. Таралмаған шаш, бейәдеп қылық көрсететін орын. Үй жай ғана түнемеге керек төсек қана сияқтанады. Бірақ ең маңызды сәттер осы үйде болады емес пе? Үйде қарым-қатынас орнатуды үйренеміз. Бала өсіреміз. Оларға бойымыздағы барымызды сіңіреміз. Сол байлықпен үлкен өмірге қадам жасап, аттанады.
Тек үйде шын өмір бар. Сенің өмірің қандай? Әлде сен үшін өмір деген жұмыс қана ма?
Егер күнделікті өмірді реттеп, жоспарлап, жүйелей алмасақ, онда үйден безіп кетеміз. Үйден саяхаттауға шығамыз. Демалып, бақыт іздеп шығамыз. Бірақ үйде жоқ бақытты саяхаттан да таппайсың. Келген соң ескі өміріңе қайта оралуға уақыт оздырасың. Саяхаттап жүрген әйел ішкі ыңғайсыздығын жасырып жүреді. Өмірден шаршағанын, тынышсыздығын, үйлесімділік таппағанын білдіртпеуге тырысады.
Егер әйел бір орынға жайланып, тамыр жібермесе, бұл жаман. Мұндай ауыспалы күй оның психикасына кері әсер етеді. Әйелдің жанын жаралайды, бүлдіреді.
Үйсіздік сезімін қалай анықтауға болады:
— егер жұмыстан үйге кешігіп келетін болса;
— егер үйден тыс жерде болған ұнаса;
— егер көп саяхаттаса және жиі көшіп-қонып жүрсе;
— егер үйде өзін сенімсіз, бөтен сезінсе;
— егер тұратын кеңістікте өзін қауіпсіздікте, үндестікте сезінбесе;
— егер үнемі көшіп кеткісі келсе, бір нәрсені өзгертіп, үйді үлкейткісі келсе.

 

Баспаналы болу сезімін қалай қайтарады?

Үй деген адам өзінің жүрегімен, өмірімен үндестік тапқанда келеді. Адам өмірге қадам басқанда, өмірді жаңа парақтан бастағанда, ұрпақ өрбіткісі, тамырын тереңге тартқысы келген кезде іргетас қаланады.
Өз үйің болуы үшін адам есеюі керек. «Баланың» үйі болмайды. Олар үнемі өзгенің үйінде жүреді. Жалдайды. Бала болып қала береді. Түйсікпен бала болып қалған олар санасында өз үйімен қоштаспаған болып шығады. Олар қауіпсіз, тыныш, оңай жерді, ата-анасының үйін аңсап тұрады. Неғылады үйді? Әке-шешесінің үйі бар ғой. Жан-тәнімен сонда барғысы, оралғысы келіп тұрады.
Үйдің бар не жоқтығы жан дүниеңде не болып жатқанын толық айшықтайды.
Өз қорқыныш-үрейіңді жеңіп үйрен. Бәлкім, кей адам бала күнінде үйге қайтуға қорыққан шығар. Үйде не күтетінінен қорыққан болар. Әке-шешенің ашуынан секемденген шығар. Олардың неге кешіктің, неге мынаны істемедің, неге үй жинамадың деген сөгістерінен мезі болған шығар? Досыңның, құрбыңның үйінде, көшеде, ойында, әйтеуір басқа жердің бәрінде жақсы, үйде ішкіштер, ұрыс-керіс сияқты үрей туындатарлық жағдай орын алған болса, адам үйсіздік сезімін жүрегіне егіп өскені.
Үй ол адамның санасына өте қауіпті жер болып сіңген. Үйге қайтуға қорыққан. Сондықтан қазір тамыр жаю, өну, үй болуға ниеті жоқ. Тәжірибесі жоқ. Бірақ осыны біліп алып, алға жылжу жеңілірек. Білмей өмір сүргеннен жақсы.
Отбасын құру үшін алдымен үй салу керек. Ортақ кеңістікті жасау маңызды. Онсыз отбасы болмайды. Отбасы бар, ал көп уақыттан бері үйі жоқ болса, бұл белгі. Бәлкім, бұл әйел осы ерді таңдамаған. Түйсікпен ата-анасының үйіне оралғысы келеді. Сондықтан ортақ үй бұйырмай тұр. Баспананың болмауы – нақты белгі: күту режимі қосылды деген. Енді сұрақ. Нені күтіп жүрсің?
Әйел ерді таңдаған кезде оның үйім болса деген тілегі бүр жарады. Ер адам мұны әрдайым сезеді. Әрекетке көшеді. Әйел ерін осы мақсатта қолдап отырса жеткілікті.
Мәселе ақшада емес. Үй керексіз кезде ақша табылмайды. Яғни, қуат кеңістігінде екеуі үй болып қалыптаспағаны. Пәтерлі болудың мәселесі екеудің қарым-қатынасына тәуелді: екеуі үй болып бір-біріне сіңіссе, онда баспана өзі-ақ келеді.
Жалдамалы пәтер – бұл психологиялық есеймеу. Әсіресе, бұл тірлік көп жылға созылып кетсе. Пәтер берушілер – ата-ана рөліне енеді. Қатал, жауапты. Олар бәрін шешеді. Не сатып алу, не өзгерту, не төлеу керек сияқтыны. Жалдаушы соларға тәуелді. Есі дұрыс адам еркін болатын жерде сен басыңды иесің. Бала сияқты. Мысық па, ит пе сатып алуға бола ма деп рұқсат сұрайсың. Гүл ексем бола ма деп. Қожайын өз үйінің тазалығы мен бүтіндігіне жауапты. Сен емес.
Сондықтан жалдамалы пәтерде тұрсаң, есейетін уақыт жеткенін түсін. Үй жоқтықтың астарында ақша жоқтық емес, үй болуға ниет жоқ екенін біл. Ата-ананың қанатынан шығып, бөлек өмір сүруге талпыну керек. Қалың ұйқыдан ояну секілді. Дұрыс бағытты таңда. Сенің басыңдағы жағдайды сен ғана түзей аласың. Өз үйіңе асық.

Санаңда өз үйіңнің сұлбасы көлбеңдеп тұруы тиіс. Өз үйін санасында жасап алған адам оған аз уақытта қол жеткізеді. Есейгін! Өз заттарың болуы керек. Жалдамалы пәтерде сенің затың жоқ. Бәрі бөтен адамдікі.
Үй деген жауапкершілік, ересек өмірге қадам
Ал, әйел үшін үй қуатын еселейтін кеңістік. Сондықтан үйіңде барлық нәрсе саған қуаныш сыйлауы керек. Бәрі сенің көңіл күйіңді көтеруге арналуы маңызды.
Баспанаң жоқ болса, тұрған жеріңде өз үйіңнің прототипін жасауға көш. Ертең өз үйіңе әкететін заттарды жинауды баста. Осыдан үйім болсын алам деп емес, мынау менің өз үйіме арналған зат деп жина. Ескі орындық, көне диванды таста. Жаңала, бәрін ниет реттейді.
Егер түсінсең, жалдамалы пәтерде ешқашан өз үйіңдегідей еркін болмайсың. Ол жерде тамыр жаюға, бала тууға мүмкіндік жоқ. Көш деген күні кетуге тиіссің. Қайтадан пәтер іздеп, қайтадан асай-мүсейіңді түгендеуді бастайсың. Жалдамалы үй несімен қорқынышты? Біз ол үйге ештеңе бермейміз. Ол үй де бізге ештеңе бермейді. Күш-қуатымыз ортая береді.
Іштей осыны тоқтату керек. Ары-бері көшуге не итермелейді? Өз үйің болса, оның несі жаман?
Ал, мынау күйеуі жоқ әйелдерге арналған: неге жалдамалы пәтерде жүрсің? Неге күйеуге шықпай, жалдамалы пәтерге кеттің? Бұл да кездейсоқ болған жағдай емес.
Бұл сауалдар ойлантуға тиісті. Түйткілдің тамырын іздеуге бағыттайды. Ол сенің өмір бойына қайталанумен келе жатқан мәселеге ден қоюға итермелейді.
Үй – бір қарағанға біткен, тәмамдалған ұғым. Бұл сенің таңдауың. Кіммен тұруың саған ғана байланысты. Осы негіздегі аяқталу, тұйықталудан әйел қорқады. Сондықтан қырық жыл бойы өзгенің босағасында қаңғырады. Өйткені, таңдау жасалмады.
Кеңес:
Біздің үйіміз – біздің айнамыз. Егер үй ішінде бірдеңе өзгерткіміз келсе, онда жан дүниемізден бастағанымыз жөн.
Үй – күш-қуат қайнары. Оны бағалап, сыйлайды. Сондықтан үйіңде дау-жанжал, ұрыс-керіс шығарудан сақтан. Өйткені, оның бәрі шаң болып әр бұрышқа қонады. Теріс күштің де қуаты бар. Ал, үй күш беруі керек.
Үйіңді жұмаққа айналдыр. Тамақтан баста. Оны ылғи махаббатпен, құрметпен жаса. Сонда ол отбасына береке, ынтымақ тартып тұрады.
Құдайы қонақ күтуге, жалпы қонаққа есігің ашық болсын. Үйдің ішінде тазалық пен үйлесімділік болсын. Тәртіп бар жерде бәрі таза, тозаңсыз болады. Үйде әйел бары сезіліп тұруы керек.
Әр күн үйіңе қуаныш пен жан рахатын сыйласын, асығыс өмір сүрме.
Отбасы мүшелерін шығарып салып, қарсы алуды біл. Күйеу мен баланы құрметпен, айғайсыз шығарып сал. Табалдырықтан күтіп ал. Сұрақтың астына алмай, тек мейіріммен қарсыла. Алдымен, дастарқанға шақыр. Сосын сұрарсың.
Әйелді үйде күйеуі қарсы алғаны жақсы емес. Өміріңде бір ретсіздік орын алғаны.
Өз отбасыңды немен қуантып, таң қалдырып, оларға бірегей үндестік сыйлауды ойлап жүр.
Қап тауында мынадай мәтел бар: Үйге қонақпен бірге Тәңір қоса еріп келеді деген. Қонақ шақырған сайын үйге береке шақырамыз. Береген қолым алаған. Қонаққа үнемдеме. Жақсылық жақсылықпен қайтады.
Әйел отбасында бақытты болуы үшін мейірімді, байқампаз, қонаққа құшағын айқара ашып, жомарт болуы әрі көркем киім киюі керек. Әйелдің рухани өсуі үйінен басталады. Сыртта емес. Әйел мен ердің арасындағы түсіністік үйде басталады. Бұл кеңістік жоқ болса, олардың қарым-қатынасының де келешегі жоқ деген сөз. Өзіңе ұнамайтын, бөтен, артық көрінген заттың бәрін тастай сал. Үйдегі барлық зат көз қуанышқа айналсын.
Әр адам өмірін өз үйінен бастап тазалауы тиіс. Өз әлеміңді жаса. Ол қандай болсын? Әлі күнге дейін үйің жоқ болса да, оның қандай болатынын жоспарла. Жақсы өмір сүруді бүгіннен баста. Сонда бақытты тәжірибе қалыптасады. Онсыз үйге қол жеткізе алмайсың. Жаңа пәтерді де өзіңнің үйіңе айналдыра алмайсың. Үрей басып кетеді.
Ал, бақыт керек қаражатты тартады. Адам санасында үйі бар екенін сезінсе, оның әлемі өзгеріске ұшырайды. Ойы, әрекеті күрт өзгереді.

 

Татьяна Дзуцева
Аударған Шынар Әбілдә