Маңғыстау облысында жол сапасы қалай?

Маңғыстау облыстық сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызмет департаментінің әлеуметтік желідегі ресми парақшаларында «өңірдегі автомобиль жолдарының сапасы туралы» тікелей эфир өтті.

Эфирде Маңғыстау облыстық сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызмет департаменті басшысының бірінші орынбасары С.Қаныбеков автомобиль жолдарының құрылысына қатысты сұрақтарды жолдады. Облыстық жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары басқармасының басшысы Б.Ережепов өңірдегі жол сапасы мен көпшіліктің осы салаға қатысты сұрақтарына жауап берді.

Тікелей эфирде С.Қаныбеков «Сапалы жол» жобасы шеңберінде департамент қызметкерлері мен «Маңғыстау – адалдық алаңы», Арнайы мониторингтік топ мүшелері жол құрылысының сапасына көңіл аударып, үнемі бақылау жүргізіп отырғанын атап өтті.

Онлайн жиында Б.Қайроллаұлы өңірдегі жол сапасы мен қазіргі кезде атқарылып отырған жұмыстар туралы баяндай келе, соңғы кезде жыры бітпей құрылыс мерзімі ұзаққа созылып кеткен кейбір тас жолдардың қазіргі жағдайына тоқталды.

«Жыңғылды – Шайыр – Шерқала мекені» тас жолының құрылысы сапасыз әрі баяу жүргізілгеніне байланысты ««Алтын Құрық» ЖШС жол құрылысын жүргізуді бастаған еді. Алайда, департамент мамандары мен «Ұлттық жол активтері сапасы орталығы» РМК Маңғыстау облысы бойынша филиалының өкілдері наурыз айында жүргізген соңғы мониторинг нәтижесінде құрылыстың дұрыс жүргізілмей жатқандығы анықталды.

«Мекеме жол активтер сапасы ұлттық орталығы жүргізген талдау қорытындысымен келіспей отыр. Аталған тас жол бойынша ендігі кезекте тағы бір тексеру жұмысы өтеді. Мердігер мекеме барлық ескертпелерді жою керек. Ескертпелер орындалмаған жағдайда, мекеме өз қаражатына құрылыс жұмыстарын аяқтайды,»- деді Б.Ережепов.

Сондай-ақ, ол аталған жол құрылысы биыл аяқталып, республикалық бюджеттен бөлінген қаржы игерілуі тиіс екенін, мердігер мекемеге осындай тапсырма берілгенін жеткізді.

Тұрғындардың шағымымен «Тұщықұдық – Шебір» тас жолы да әлі күнге дейін даулы мәселе қатарында. «Жол құрылысын жүргізу барысында жұмыстың сапасыз істелгені белгілі болды. Қазіргі кезде Маңғыстау аудандық жол бөлімі мен мердігер компания соттасып жатыр,»- деді облыстық жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары басқармасының басшысы.

Өз кезегінде ол «Тұщықұдық – Шебір» тас жолын салып жатқан мердігер мекеме өз қаражатына жолды аяқтап, тапсыруы міндетті екенін жеткізді.

Айта кетейік, жолдың сапалы болуы бөлінген қаражаттың көптігімен ғана емес, құрылыс жұмыстарын жүргізетін арнайы мамандардың біліктілігі де маңызды рөлге ие. Осы орайда, Б.Қайроллаұлы өңірдегі сала бойынша қызмет көрсететін санаулы мекеме бар екенін айтты. Сәйкесінше, жол құрылыстарын істейтін мамандар мен техникалардың жетіспейтіні белгілі болды.

Айта кетейік, облысымызда «Сапалы жол- Адалдық алаңы» жобасы аясында Маңғыстау облысы Сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызмет департаменті ұйымдастыруымен автомобиль жолдары және көліктік бақылау саласындағы жолдардың сапасына мониторинг жұмыстары алдағы уақыттарда да жүргізіліп отырады.