Әкенің баласына ықпалы 2
2. Даралық тақырыбы, яки өзіңді Қабылдау
Дара болу – әркімнің өзінің «мен кіммін?» дейтін сұрағына жауабы. Бұл әлемде өзін сезіну ерекшелігі. «Адам бойындағы адамдығы». Бұл саладағы түйткілдің бәрі – өзінің «Менін» тұтас сезіне алмаудан, тұлға ішіндегі конфликті, өзін қабылдамау, өзіне деген немқұрайлылық, өз жанындағы кейбір қырларынан қорқу, кейде тіпті басып тастау, саналы қабылдау табалдырығынан ысырып, тығып тастау, көлеңкеде қалдыру, мұндайды мамандар «диффузды даралық» деп атап жатады – осы сұраққа тиянақты жауап таппау, бұлдыр, бейтарап, бытыраңқы, кереғар пікірлер айтуы.
Бұл саладағы түйткілдер мынадай:
Баланы тұлға ретінде қабылдамау (бұл мақалада әкесінің қабылдамауы);
Баланың әкесін қабылдамауы (яғни, айналасының әкесін қабылдатпай тастауы).
Бірінші нұсқада бала өзінің кейбір даралық ерекшеліктерін «ішкі сыншы» арқылы қабылдайды. Ол сыншының бойынан әкесін оңай танимыз. Ереже орнату, критерийлерді анықтау, бағалау әкенің тікелей қызметі. Бала әкесінің құндылық өлшеміне сай әр қадамын санап басады. Егер әкесі шектен шыға қатал болса, әлде керісінше именшек, мақұлдай бергіш болса – бала дұрыс бағыт алмағаны, өзі туралы теріс бағалауды алады. Есейіп кеткен, бірақ өзін қабылдай алмайтын ересек адам (өзінің қай болмысын қабылдамайды?) бас тартатын мінездерін анықтап, оларды түсініп, іштегі сыншының сөздерін жоққа шығарып, әкенің тұлғалық ерекшелігін қайтарып, «мен осындаймын» дегенді талап ете алады.
Келесі нұсқада – бала әкесі туралы тек негатив естиді. Әкеге құрмет жоқ. Мысалы, ата-анасы ажырасқан делік. Немесе қарым-қатынастары ауыр, үнемі ұрыса береді. Баланы өз ұрыстарына араластырады. Бала кімнің жағына шығарын білмейді. Оның жүрегінің жартысы анасына, жартысы әкесіне тән. Әкесін жақтаса, анасын сатып кеткені. Көптеген ажырасудан кейін бала анамен қалады. Көбіне ана зәбір көрген жақ боп шығады. Бала әлсіз адамның жағына шығады. Анасының жағына шыққанда әкесіне жақтасқан жүрегін сатып кетеді. Осыдан кейін «әкесінен аумай қалған» дегенді естудің өзі қиямет. Мақтау сөз емес, келемеж сияқты естіледі.
Мұндай жағдайда әке – «ішкіш», «жүргіш», «опасыз», «есалаң», «түрімшік», «қатынбасша», «жауыз» деген сөздермен анықталады. Әке туралы есте қалатын жалғыз жайт осы ғана боп қалады. Әкеден берілетін болмысы содан кейін бүлінеді. Әлгі анықтауыш сөздердің ар жағынан әке болған адам көрінбейді. Кезінде мінезінің бөлектігіне қарамастан анасын сүйген адам еді. Немесе әке туралы мүлде ештеңе айтылмайды. Бала асырап алған кезде, әкесі қайтыс болған жағдайда, әкесіз бала тапқанда, әкесі қылмыскер болса…
Мұндайда бала «отбасылық әділдікті» орнату үшін әкесінің қабылдамаған мінезінің бәрін өзіне қабылдайды. Бала іштей ең осал, әлсізге жақтасатынын атап кеттік. Әкесінің бақытсыз тағдырын қайталауға іштей пейілді боп шығады. Қыз ба, ұл ма бәрібір – тек бейсаналы түрде кімнің жағына шығып, кімді таңдайтынына тәуелді. Іштей бұғып, тығып ұстаған мінез шығар тесік іздеп, өзін көрсетуге, бізге айтпастан «билікті» басып алуға тырысады. Оның барлығы басыңа күн туғанда, қайғырғанда, түсініксіз жағдайларда, басқарылмайтын жайттар кезінде, тәуелділік сәтінде көрініс береді.
Не істеу керек? – Әкенің бұлдыр тартқан бейнесін қайта сомдау. Бүтін болмысын ашып көрсету. Тым қатты әсіреленген, «әулие» әке образы да бүтіндікті білдірмейді. Мұндай кемелдікті «адамға» айналдыру керек. Оның әлсіздігін, кемшілігін ашып көрсеткен абзал. Көлеңкелі тұстарын түсіндірген ләзім. Сонда өз кемшілігін түсіну оңайға түседі. Әкесі қандай болса да, оның тағдырына деген құрметті ақырындап қайтарып беру.
(жалғасы, басы алғашқы жазбада, жалғасын табады)
Мария Летучева
Аударған Шынар Әбілда