БАЛАҒА ЕРЕКШЕ ЕКЕНІН СЕЗДІРТЕТІН АЛТЫ АМАЛ
Бала өзін ешкім жақсы көрмейді деп сезінсе, бала болудан қалады. Ол бар болғаны кішкентай қорғансыз ересек адамға айналады. Баланы уақытынан бұрын есейтіп жібермеңіз. Қорғансыз қалдырмаңыз. Күн сайын балаңызға ерекше, сүйкімді, тәтті екенін сездіртіңіз. Бұл өте маңызды!
Бала бәрінен де ата-анасының назарына сусап есейеді. Баланың бәріне өзін жақсы көретінін, не істегенін байқайтынын, айтқанын еститінін, бағалайтынын сезіну маңызды. Немқұрайлылық – жалпы да зор қатыгездік, тек бала үшін емес. Сондықтан ата-ана ретінде балаңызға ерекше екенін сезіндіріңіз.
Күн сайын қайталайтын алты амалды ұсынамыз:
1. Баланың көзіне ұзағырақ қараңыз
Баланың әңгімесін үнемі тамақ жасай жүріп, телефонға үңіліп отырып тыңдайсыз ба? Бұл қылық балаға ерсі көрінеді, ол өзін екінші орынға қойып тұрғандай сезінеді. Немесе бала өзін ата-анасына мүлде қызық еместей сезініп қалады. Сондықтан бала сөйлесуге келгенде, барлық жұмысты ысыра тұрыңыз. Бір минут көзіне тура қарап, әңгімесін тыңдаңыз. Ол айтып болғанша, көзіңізді одан алмаңыз. Бір-екі сұрақ қойыңыз. Шынымен тыңдағаныңызды білдіріңіз. Егер жұмыс қауырт болып тұрса, балаға сәлден соң қолыңыз босайтынын, жанына өзіңіз баратыныңызды айтыңыз. Сосын оған қажетінше уақыт бөліңіз…
2. Әр күн сайын баламен екеуара өткізетін уақыт болсын
Күні бойы тек баланың жанында отыр деген қағида жоқ. Бірақ күніне 10 минут болса да бірге қалатын мезгіл белгілеңіз. Осының өзі тамаша. Не істейтіндеріңізді баланың өзі таңдасын. Мұндай кезде телефонды сөндіріп, басқа бөлмеге қалдырғаныңыз абзал. Әлеуметтік желіде не болып жатыр еді деп өзеуремей қоя тұрғаныңыз дұрыс.
3. Не жаңалық барын сұрап жүріңіз, балаңыздың өмірі жайлы үнемі ықыласпен сұраңыз
«Мектепте не жаңалық?» деумен шектелмеңіз. Не қызық бар? Не өзгеріс деңіз. Шынында да ықыласты екеніңізді білдіртіңіз. Мысалы, математикадан бақылау қалай өткенін біліңіз. Кешегі телешоудың ақыры немен тынғанын сұраңыз.
4. Маңызды дәстүрлерді қалыптастыра біліңіз
Бұл соншалықты күрделі дүние емес. Біз отбасымызбен жексенбі сайын таңғы асқа бірге құймақ пісіретінбіз. Сол дәстүрімізге қатысты көптеген тамаша естеліктер санамда жаңғырып тұрады. Сенбі сайын саябаққа барып серуендеуге болады. Немесе жұма сайын балалар дәмханасына бару. Осындай қарапайым дәстүр сізді ата-анаңызбен, балаларыңызбен жақындастыра түседі. Оның үстіне бірге өткізген уақыттан көп позитив жинайсыз.
5. Мейірімді болыңыз
Баланы ұйықтатар кезде құшақтап, бетінен сүю – өзін шын жақсы көретіндігіне сендіру емес пе? Әрине! Кей отбасылар ерекше тәсілмен амандасып жатады. Жай ғана «Сәлем» дей салмайды. Бір-біріне ерекше ат қойып, жақсы көрудің өзі де бір ғанибет. Мақтау айтып отыру сияқты ұсақ-түйекке дер кезінде назар аударған өте маңызды. Тым еркелетіп жібердім деп ешқашан алаң болмаңыз. Мейірім көп болмайды. Әсіресе, бала үшін. Оларға керегі тек мейірім.
6. Балаңыз ұнататынды ұнатыңыз
Олардың жақсы көретін мультфильмі ұнамаса да, бір рет болсын соны көріп, талқылауға қатысыңыз. Егер бала конструктормен ерекше бірдеңе жасаса, қосыла кетуді әдет қылыңыз. Баламен бір болу – ол үшін қаншалықты маңызды екенін білсеңіз ғой.
Аударған Шынар Әбілда