Бердібек Сапарбаев: «Қытайлық компаниялар Қазақстан заңына бағынуы тиіс»

Аймақ басшысы Бердібек Сапарбаев жол құрылысының сапасына жіті көңіл бөлуде. Оған осы тақырып аясында жүйелі түрде өтетін жиындар мен кездесулер барысынан көз жеткізуге болады. Ол сала кәсіпорындарын аралап, жай-күйімен танысудан талған емес. Олардың жаңа маусымға деген дайындықтарының қыр-сырын жеке бақылауда ұстап, ағымдағы мәселелерін жедел шешуге қол ұшын беруде. Бір сөзбен айтқанда, Ел Президентінің бөлінген қаражаттың уақтылы әрі сапалы игерілуі бойынша алға қойған міндеттерінің орындалуын айрықша назарда ұстауда.

Бердібек Сапарбаевтың Шу ауданына жұмыс сапары барысында жол мәселелеріне баса мән берілді. Мұнда ұзындығы 262 шақырым болатын қайта Меркі-Бурылбайтал автожолының қайта жаңғырту бойынша үлкен жоба жүзеге асырылуда. Облыс әкімі құрылысы жүріп жатқан аумақтарда болып, жол-құрылыс компанияларының басшыларымен кездесті,-деп хабарлайды облыс әкімінің баспасөз қызметі.

 

 

 

Ірі жобаға қытайлық «China Xinxin Corporation» және қазақстандық «ABK-Avtodor NS» компаниялары тартылған. Сонымен қатар, «Sinohydro Corp Limited» компаниясы Балқаш-Бурылбайтал жолының 35,6 шақырымын салуда. Ал «Todini and SMS» бірлескен кәсіпорны Күрті-Бурылбайтал трассасының 62 шақырымдық аумағының құрылысын іске асыруда. Облыс әкімімен болған кездесуге ИИДМ автомобиль жолдары комитетінің өкілдері, «ҚазАвтоЖол» ҰК» АҚ мен Ұзынағаш — Отар жолының құрылысын атқарып жатқан қазақстандық мердігерлік ұйым «ҚазақДорСтрой» өкілдері де қатысты. Айта кету керек, аталған автожолдың 16 шақырымы Жамбыл облысы аумағы арқылы өтеді.

Қытайлық мердігерлермен қазақ тілінен тікелей қытай тіліне аударған тілмаш арқылы сөйлескен Бердібек Сапарбаев олардан Қазақстан заңдарын қатаң сақтауды талап етті. Ол қытайлық кәсіпорындардың жалақысы төмендігін алға тартып, оның мөлшері жыл сайын кем дегенде 10 пайызға арттырып отыру керектігін атап өтті. Сондай-ақ, аймақ басшысы барлық жұмысшылар үшін тең жағдай жасау керектігін еске салып, әсіресе жалақы, тамақтану және жүріп-тұру мәселелеріне көңіл бөлді.

Б.Сапарбаев мал өткелдерін салу және жол бойындағы арықтар мен көпірлерді жөндеу қажеттігін баса айтты. Жол жөндеу жұмыстары жақын маңда орналасқан жергілікті тұрғындардың 13 үйінің қабырғаларының жарылуына себеп болған. Оларды 15 күннен кешіктірмей жөндеу керек. Бұл үшін 8,5 миллион теңге қажет.

— Қазақстанда бизнестің әлеуметтік жауапкершілігі деген ұғым бар. Компаниялар жақын маңдағы елді мекендерге, облыс орталығына әлеуметтік мәселелерді шешуге көмек көрсетуі керек. Әсіресе, коронавирус жағдайын ескере отырып, жағдайы төмен, көп балалы отбасыларға көмектесу қажет.

Қазақстан Республикасының заңдары, оның ішінде «Тіл туралы Заңы» қатаң сақталуы керек. Мемлекеттік тіліміз — қазақ тілі. Барлық маңдайшалар, оның ішінде кіреберісте орналасқан компанияның атауы да қазақ тілінде болуы керек. Вахталық кенттерді аралау барысында осыған назар аудардым. Мен тағы да осында келіп, бұл тапсырмаларымның қалай орындалғанын тексеремін, — деп атап өтті облыс әкімі.

Қытай компанияларының жетекшілері Сапарбаевтың талаптарына толықтай келісетіндіктерін білдірді.

Аймақ басшысы Меркі-Бурылбайтал жолының бір бағыттының құрылысы биыл аяқталып, жол қозғалыс қалпына келе ме? Мердігерлер құрылысты толығымен жоспардан бір жыл бұрын, яғни 2021 жылы аяқтай алады ма? Бердібек Сапарбаев осы секілді бірқатар сауалдарын жолдады.

Бұл мәселелерде аймақ басшысы мердігерлер тарапынан түсіністік тапты.

Талқылау көрсеткендей, жол салушылардың алдында ешқандай кедергілер кездесіп отырған жоқ. «Todini and SMS» БК басшысы Мойынқұм ауданы аумағында карьерлерді бөлуге қол ұшын беруді сұрады.

— Ең бастысы, барлық жұмыстар уақтылы және сапалы атқарылуы керек. Меркі және Шу аудандары арасындағы жолдың бір бағытының құрылысын биыл аяқтау керек. Жол құрылысында жергілікті материалдар пайдаланылып, ал жергілікті адамдар жұмыспен қамтылғаны маңызды. Жол салушылар қазақстандық өндірушілермен келісім-шарттар жасасып, битум қорын қалыптастыру керек.

Тағы да қайталап айтамын – заңға бағыныңыздар және бизнестің әлеуметтік жауапкершілігі туралы ұмытпаңыздар. Сонымен қатар, қазіргі жағдайда, әсіресе құрылысшыларға арналған жатақханаларда санитарлық нормаларды қатаң сақтау – басты талап болып табылады. Адамдардың денсаулығы бәрінен маңызды, — деп түйіндеді Бердібек Сапарбаев.

 

Бекнұр Сатыбалдиев