Кейбір аймақтарда ХҚО жұмысы қайта жанданады

Нұр-Сұлтан қаласы мен Батыс Қазақстан, Қарағанды және Маңғыстау облыстары әкімдігінің жанындағы төтенше жағдай тәртібін қамтамасыз еті жөніндегі штаб шешімімен 4 мамырдан бастап осы аймақтарда ХҚО-лар қайтадан жұмыс істей бастайды.

Алайда вирустың таралу қаупі мен қазақстандықтардың өмірі мен денсаулығына алаңдаушылықтың сақталуына байланысты халыққа қызмет көрсету орталықтарының жұмыс тәртібін өзгерту туралы шешім қабылданды.

Өзгерістер ХҚО-да көрсетілетін мемлекеттік қызмет түрлерін, оларды ұсыну форматын да қамтиды.

— Енді қазақстандықтар ХҚО-да электронды форматта қолжетімсіз, тек «қағаз» жүзінде көрсетілетін қызметтер мен egov.kz арқылы рәсімделген өтініштердің нәтижесін ала алады.

— ХҚО-ға бару үшін 1414 байланыс орталығы немесе немесе egov.kz сайтындағы арнайы сервис арқылы кезек уақытын алдына ала брондау қажет болады.

Бұл азаматтардың ХҚО-да көптеп жиналуын болдырмайды және вирусты жұқтыру қаупін жояды, осы ретте қызмет алушылар да өз уақытын үнемдейді. Алдын ала брондаусыз еш қызмет көрсетілмейді.

Азаматтар электронды форматқа аударылған және egov.kz порталында қолжетімді барлық мемлекеттік қызметтің 80%-дан астамын тек өздігінен немесе бұрынғыдай ХҚО ғимараттарында емес, әкімдіктер жанындағы кеңселерде, оқу орындарында, медициналық ұйымдарда және т.б. жерде орналастырылатын өзіне-өзі қызмет көрсету секторларында ала алады.

Онлайн қызметтерді жылдам әрі ыңғайлы алу үшін азаматтар 1414 нөміріне хабарласа алады, онда ХҚО операторлары кеңес беретін болады.

Айта кету керек, карантин жарияланғалы бері қазақстандықтар egov.kz электронды үкімет порталы, телеграмдағы eGovKzBot2.0 боты және eGovMobile мобильдік қосымшасы арқылы өз бетінше онлайн түрде 10.5 миллионнан астам мемлекеттік қызметті алған.

Дегенмен 3 санаттағы азаматтар, яғни зейнеткерлер, көп балалы отбасылар және мүгедектер электрондық қызметтерді ХҚО-дан ала алады. Әр фронт-офисте олар үшін жеңілдік терезесі жұмыс істейді. Сондай-ақ олар да ХҚО-ға баратын уақытын алдын ала брондауы керек.

«Азаматтарға арналған үкімет» мемлекеттік корпорациясының басқарма төрайымы Әсемгүл Балташеваның айтуынша, коронавирус пандемиясы көптеген процесте, оның ішінде мемлекеттік қызмет көрсету ісінде де өзгерістердің қажет екенін көрсетті. «Жаңа ережелердің пайда болуы заңды. Бір-бірімізді қорғау үшін біз ХҚО жұмыс форматын өзгертуге мәжбүрміз. Біздің екі мыңнан астам қызметкеріміз сізге 1414 байланыс орталығы және виртуалды ассистенттің бейнеқоңырауы арқылы азаматтарға электрондық қызметтерді қашықтан алуға көмектеседі», – деп қорытындылады Балташева.

Ол сондай-ақ, аталған өзгерістердің Нұр-Сұлтан, Алматы, Шымкент қалалары мен облыс орталықтарындағы ХҚО жұмысын қамтитынын атап өтті. Ал аудан орталықтары мен ауылды жерлердегі ХҚО жұмысы еш өзгеріске ұшырамайды.

ХҚО-ға кезекті 1414 және https://egov.kz/services/SR.06/#/ арқылы беруге болады.

2020 жылғы 4 мамырда жұмысын қайта бастайтын ХҚО тізімі: https://gov4c.kz/ru/zhanalyktar/2020/04/30/keibir-aimaktarda-khko-zhumysy-kaita-zhandanady/?edit_off

 

БАСПАСӨЗ ХАБАРЛАМАСЫ

30 сәуір Нұр-Сұлтан қ.