БҰЛБҰЛ МЕН БАЙҒЫЗ

Биылғы ораза карантинмен қатар келді. Сәуірдің соңы. Қала жұрты үйден шықпағалы қырық күн болған. Сәресі ішіп, ауыз бекіткен соң таза ауа жұтқалы аулаға шықтым. Таңның мезгілі таяп қалғанмен түн қараңғылығы сейіле қоймаған. Қала жым-жырт. Көп қабатты үйлердің терезелеріндегі жарық әр жерден салынған алтын тістердей жарқырап тұр. Кімнің ауыз бекіткенін сол терезелерге қарап білуге болатындай.

Үйден шыға бергенде құлағыма ең бірінші жеткені бұлбұлдың үні болды. Таңды шақырғандай тамылжыта сайраған кішкентай құстың әсем үні мұң басқан көңілімді бірден сергітіп жіберді. Ешқандай нотаға бағынбайтын табиғаттың сиқырлы әуені бойымды баурап, жүрегіме шаттықтың сазын құйып жатқандай. Бұлбұл үні қандай ғажап! Осынау әуен үзілмесе екен деп, жан-тәніммен ынтыға тыңдап, ілкі сәт көзімді жұмып, елітіп, рахат күй кештім. Кішкентай ғана жүректен шығып жатқан ғажайып әуен көкірегіңді тіл жетпес нәзік сезімге бөлеп, өмірге құштар ете түсетіндей. Елдегі індет жайлы үрейлі ақпараттардан зәразап болған менің санамның терең түкпіріне бұлбұлдың үні арқылы жарқын үміттердің сәулесі жеткендей. Баладай қуанып, жүрегім елжіреп барады. Менің өмір сүргім келіп кетті. «Өмір, сен кереметсің!» деп айғайлағым да келген.
Өмір жайлы ойлап едім періштедей былдырлаған, балдай тәтті немерелерім есіме түсті. Соңғы кезде өмірді, тіршілікті ойласам көз алдымда немерелерім тұрады. Ендігі өмірдің бар мәні соларға байланып қалғандай. Мұқағали ақынның: «Ал мен үшін ең бақытты күндерім – сендер үшін бақыт іздеп жүргенім» дегеніндей солардың қамын ойлап, солардан үміт күтіп, соларды алданыш қыламын. Ойлап тұрсам, олардың былдырлап сөйлегені, алаңсыз ойнап-күлгені, бірін-бірі қуаласып, бірде құлап, бірде жылап, үйдің ішін бастарына көтеріп, азан-қазан қылатыны – ең бақытты шақтарымыз екен. Бұл күнде сол бақыт та сағынышқа айналды. Шын бақыттың қадірін енді білгендейміз. Олар қаланың сыртында тұрады. Қалай сағынсам да, қалай бұлқынсам да карантиннің темір құрсауынан шыға алмай, еріксіз маталып отырмын. Басқа салса амал жоқ. Әрқайсысын құшағыма қысып, мауқымды басып, тұлымынан иіскегім келеді. Алмадай беттерінен шөпілдетіп сүйгім келеді. Не шара? Күнара бір мезет телефон соғып, оларды дисплейден көріп, тәубә деймін. Телефонның бүгінгі жетістіктеріне де шүкір! Алыстағы адамның жүзін көріп, жаныңда тұрғандай сөйлесесің. Кеше кешкісін осы әдіспен немерелерімді тағы бір түгендеп шықпақ болғанмын. Амандасып үлгірмей жатып:
– Ата, мен сені жақсы көрем!– деді алты жастағы Едіге,– Сен мені қашан алып кетесің?
– Ой, түріңнен айналайын, атасының баласы! Мен де сені жақсы көрем. Алып кетем… Алып кетем…– дедім оның «сені жақсы көрем» деген сөзіне ет-жүрегім елжіреп.
– Қашан?– деді Едіге еркелей сөйлеп.
– Карантин біткен күні алып кетем.
– Ол қашан бітеді? Мен содан кейін аулада ойнаймын ба?
– Ойнайсың, балам. Бірақ сен қазір далаға шықпа, жарай ма?
– Шықса не болады? Ауырып қалам ба?
– Ауырып қаларсың,– дедім мен. Айтарын айтсам да, осы сөздің өзінен зәрем ұшты. «Е, Құдай, өзің сақтай гөр! Ауырта көрме, қошақанымды!» деп ішім қалтырап кетті. Содан соң Едігеден кейінгі егіз қызды өзім қойған аттарымен атап: – Қоңыр қозы қайда? Ақ қоян қайда?– деп сұрадым.
– Олар мультик көріп жатыр. Сен оларды сағындың ба?– деді Едіге.
– Әрине сағындым, балам. Мен бәріңді де сағынамын ғой.
– Апа ше? Апа да сағынды ма?
– Ол да бәріңді сағындым деп жатыр. Қоңыр қозы мен Ақ қоянды көрсетші,– дедім өтініп. Едіге менің өтінішімді орындаудың орнына:
– Ата, мен саған барам. Мен сені сағындым. Бүгін барам, болды!– деп жылап қоя берді. Жанарынан жас тамшылап, қыстыға жылады. Едіге жылаған соң әкесі менімен асығыс қоштасып, телефонды сөндіріп қойды. Жүрегім сыздап кетті. Айналайын, құлыным-ай! Айдың, күннің аманында екеумізді екі жақта қалдырып, бір көруге зар қылған мына карантин қашан бітер екен? Екеуміздің бір-бірімізге жете алмай, ішқұса болып жүргенімізге де қырық күн болыпты. Осы қырық күн қырық жылдай болды-ау.
Бұлбұл әлі сайрауда. Таңның нұры сезілген сайын құйқылжыта сайрайтын сияқты. Немеремді аңсап зарығып жүргенде оның әуені жаныма демеу болғандай. Көңілімдегі шерді дөп басып, барлық мұңды ұмыттырғандай. Бұлбұлдар карантинді білмейді. Шаттыққа толы әуен, таңғажайып күй! Сайрашы бұлбұл, тағы сайрашы!
Осы күйде рахаттанып тұра берер ме едім, кенет ауладағы бақтың бір түкпірінен мұңды байғыз сұңқылдай бастады. Сұңқ-сұңқ! Сұңқ-сұңқ! Бейне біреуді жоқтап отырғандай ауыр үн. «Ой, Алла-ай, бұл қайдан жүр?» деп елең еттім. Бұлбұл жүрген жерде байғыз да жүретіні-ай! Бұлбұлдың әуеніне елітіп тұрған көңілім әпсәтте құлази бастады. Бұлбұлдан қалмайын дегендей байғыз да сұңқылын жиілетті.
Бала кезімде байғыз жайлы анамның айтатын аңызы ойыма оралды. «Баяғыда бір бай болыпты,– дейтін анам,– Сол бай бір перзентке зар болып, әулиеден әулие аралап жүріп, ақыр ұлды болыпты. Мұратыма жеттім деп ұлына Мұратәлі деп ат қойыпты. Жасы ұлғайғанда көрген баласын бетінен қақпай, тым еркелетіп жіберіпті. Еркетотай болып өскен ұлы шолжаңдап, ешкімнің көңіліне қарамай, көрінген адамға былапыт, дөрекі сөздер айтады екен. Бір күні Мұратәлі қасиетті Ұмай анаға да тіл тигізіпті. Сол қылығына нала балған Ұмай ана оны жұдырықтай құсқа айналдырып жіберіпті. Өзінің қателігін кеш түсінген Мұратәлі өкініп, сұңқылдап жылайды екен. Жардың басында жәрбиіп отырған жұдырықтай құсты көрген жұрт: «Мынау баяғы Мұратәлі ғой, байғұс-ай!» дейді екен. Содан байғыз атанып кетіпті».
Кейінірек ел аузынан «Байғыз жақсы құс емес. Ол қонған үйіне жамандық тілейді» дегенді де естідік.
Тағы бір оқиға есіме түсті. Біздің жақта Қайдар деген бір жігіт ертеректе байғызды аңдып жүріп атыпты. Содан сол байғыздың рухы ма, әлде, басқа байғыз ба белгісіз, түн жарымында келіп, дәл Қайдардың үйінің қасындағы бақатеректің басына қонып, қысы-жазы сұңқылдайтын болыпты. Көп уақыт өтпей-ақ Қайдардың әулетінде өлім-жітім жиілеп, шаңырақтың берекесі қашып кетіпті. Шынында да байғыздың қарғысынан болды ма, немесе, жай сәйкестік пе, ол жағын ел болжап біле алмайды. Бірақ сол оқиғадан кейін ауыл адамдарының байғызды жеккөріп кеткені анық.
Осы құсты менің де суқаным сүймейді. Бұлбұлмен жағаласып сұңқылдай бастағанын жақтырмай тұрмын. Сұңқ-сұңқ! Сұңқ-сұңқ!
Ауыр ойлар еңсемді басты. Өмірден өткеніне он жыл болған анашымды еске алдым. Ол кісі өмірден өткенде көңілімнің сене алмағанын ойладым. Қаңтар айының ортасында еді ғой. Жылап-еңіреп жоқтадық. Арулап аттандырдық. Күндер жылжып жатты. Сырғып сегізінші Наурыз мерекесі де келді. Жыл сайын осы күні таңертеңнен тұрып, анамды құттықтайтынмын. Ойымда ештеңе жоқ, ескі әдетім бойынша анашымның телефонын тердім. «Байланыс аясынан тыс жерде» дейді. Қайта тердім. Тағы сол жауап. Үшінші рет теріп жатқанымда анашымның екі ай бұрын бақиға аттанғаны есіме түсті. Басым айналып, көзім қарауытып кетті. Анамның мына жалғанда жоқ екенін түпкілікті түйсінген сәтте солқылдап жылап жібердім. Анашымның ақ дидарын енді мәңгі көрмейтінімді сонда ғана түсіндім. Ол кісінің рухы пейіште шалқысын!
Атамды мен көрмедім. Ол соғыс майданында опат болған. Ақ әжем Социалистік Еңбек Ері еді, оның өмірден өткеніне де қырық жылдан асыпты. Әкем менің жасымда бақиға аттанған. Анам қайтыс болғанда тұл жетім қалғанымды анық сезіндім.
Бірге тумақ болғанмен бірге жүрмек жоқ екен, туған бауырларым анда-санда хабар алысқаны болмаса бір-бір отау болып, бөлектеніп кетті. Әркімнің өз тірлігі бар. Жан бөлек. Кейде байғыз сияқты мен де жапанда жалғыз қалғандай сезінемін. Екі миллион халқы бар тас қаланың төрінде отырып өздігімнен жалғызсыраймын. Мұңға батамын. Мына карантин жалғыздығымды бетіме басқандай, одан сайын жанымды езіп барады. Әйтеуір осы індеттен аман шықсақ екен.
Байғыз әлі сұңқылдауда. Тек жамандық шақырмасын. Бұл жолы оның дауысы тым алыстан естілді.
Бұлбұл құс құйқылжыта сайрауда…

Темірғали Көпбайдың

фейсбук парақшасынан