Ұлттық нақыштағы архитектура Астананы ажарландыра түсер еді…

Астана — ел тарихының жаңа парағы ғана емес, ол тәуелсіз Қазақстанның жаңа өмір, жаңа бағыт жолындағы талпынысының айғағы екені даусыз. Себебі тәуелсіз қазақ елі өз астанасын саяси және стратегиялық маңыздылығын ескере отырып, өздері белгіледі. Қысқа уақыттың ішінде Арқа төрінен әлемге қанат қаққан әсем қаланың әрбір кірпішін қазақтар өздері қалап шықты. «Қазақтар — көшпелі халық, оларда қала болмаған, олар құрылыс сала алмайды» дейтін өркөкіректердің ауыздарына құм құйылды осы жылдары. Біздің тарапымыздан айтылып отырған бұл пайымдаулар қазіргі күнде ел жүрегіне әлдеқашан орнығып, көптеген адамдар өз болашағын осынау жас қаланың ертеңгі күнімен байланыстыра ойлайтын дәрежеге жетті. Жеткен жетістіктер, аңсаған арман, сол жолдағы төгілген тердің нәтижесі — бүгінгі әсем Астана болып өмірге келді. Бұл туралы қазақ елі әлем алдында қалай мақтанса да жарасып тұр. Тізе берсек сөз де, сөз етерлік іс те көп. Жақсылықтың жаршысы да, жыршысы да арамызда молынан табылатыны тағы бар. Ал осы мақаламызда тілге тиек етеріміз «негізгі құрылысы аяқталып қалған» (Елбасының сөзі) ж а с қаланың өн-бойынан байқалып жатқан кемшін тұстары туралы болмақ. «Біткен іске сыншы көп» десе де, жұрттың аузында жүрген кейбір көңіл толмас тұстарға, көңіл жықпастық үшін (биліктің) тоқталмай кетсек, азаматтығымызға сын болар…

Құрылыс нысандарынан ұлтымыздың иісі аңқып тұрса ғой…

Кезінде Мырзатай Жолдасбеков ағамыз Астананы мақтап тұрып «шығыстың экзотикалық ерекшелігіне ие» дегені бар еді. Бұл «өзіндік ерекшелікті» былайғы жұрт аса байқай бермейтін сыңайлы. Әйтеуір жұрт көзіне қуаныш сыйлайтыны әлемдік сәулет өнерінде сирек ұшырасатын құрылыстардың Елорда төріне орнай бастауы еді. Бұған дәлел Гиннестің рекордтар кітабына «әлемдегі ең үлкен шатыр» ретінде «Хан Шатыр» СОО енсе, «Астана Опера», «Қазақстан» ОКЗ, «Бейбітшілік және келісім сарайы», «Ұлттық музей», «Ұлттық мұрағат» т.б. заманауи нысандар көздің жауын алады. Астана осындай әсем құрылыстарымен ерекшеленіп келеді. Алайда қазақтың болмысын әлемге паш ететін, көрген жандар ұлы дала төсін мекен еткен жауынгер халықтың өткенін еріксіз еске түсіретіндей құрылыс үлгісінің әлі де туындамауы да Елорда салауатына сын болса керек. Ал қаланың басым бөлігі заманауи үлгідегі үйлермен кең ейіп келеді. Алайда бұндай үлгі қазір әлемнің барлық елдерінде бар. Яғни ешкімге таңсық емес. Баз біреулер «қазақтар көшпенді халық болғандықтан, қала салмаған. Сондықтан қазақта киіз үйден өзге бөгенайы бөлек құрылыс үлгісі жоқ» деп есептейтін көрінеді. Бірақ атақты ғалым Әлкей Марғұлан Қазақстан жеріндегі ежелгі кітапханасәулет-құрылыс үлгілері туралы кеңінен зерттеп, сызбасын салып кеткен жоқ па? Неліктен отандық сәулетшілер осы негізде жаңа жобалар жасамай отыр? Бұларды болашақтың еншісіне қалдыра тұрғанның өзінде, құрылыс сыртына да қошқар мүйіз өрнектерімізге орын бұйырмай тұр. Жанымызға жақын осы өрнекті салса болды, «қазақи түске» ене салады деген жалаң ойдан аулақпыз. Десе де Достық көшесі бойында орналасқан Ұлттық кітапхананың сыртындағы қара гранитке басылған қошқар мүйізге сүйсіне қарамайтын қазақ болмаса керек… Біреулер «киіз үй формасындағы құрылыстар тұрғызу керек» деген ойларын да ортаға салып жүр. Сәулетшілерге ақыл айтудан аулақпыз, десе де қазіргі Астананы көрген сырт адамдар бұл жерден пәлендей бір даралықты байқайды дегенге күмәніміз бар. Оны талай шетелдіктің аузынан естідік те…

Тарихи ескерткіштер аз

Бұл күндері Елорда төрінде талай тарихи ескерткіштер бой көтерді. Десе де көзі қарақты талай адам осыларға көңіл толмастық байқатып жүр. Бұлар туралы Ғаббас Қабышұлы ағамыз кезінде жеріне жеткізе сынаған да болатын. Ол кісіден асырып айту мүмкін де емес. Бір ескерткіштің образы ашылмай жатса, екіншісін адам түсінбей жататыны тағы бар. Осылардың ішінде жұрт назарын аударып жүргені Есіл жағасына орнатылған кенесарыКенесары ханның ескерткіші мен Абай көшесінің болымсыз бір пұшпағынан орын бұйырған ашаршылық құрбандарына арналған ескерткіш. Біріншісіне Алаш баласының айтар дауы жоқ. Алаштанушы ғалым Тұрсын Жұртбай ағамыз Астанадағы ашаршылық құрбандарыескерткіштер туралы айтқан бір әңгімесінде: «Барлық ескерткіштердің ішінде өзіме ең ұнайтыны — Есіл жағасындағы Кенесары ханның ескерткіші. Мағыналық тұрғыдан өз орнын дұрыс тапқан жалғыз ескерткіш сол ғана. Ал бүкіл Қазақстан бойынша көрген жанды ойға қалдыратын, яғни тарихқа кететін ескерткішті әлі кездестірген жоқпын», — деген еді. Ал көптеген адамдар ашаршылық құрбандарына арналған ескерткіштің сол жағалаудағы жаңа қаланың көрнекті жеріне қойылмағанына реніш білдіреді. Астана — болашақтың қаласы, ол «Мәңгілік елдің» бас қаласы болғандықтан, бұл жерде ел есінде қалатындай, қазақтың өткені мен кешкен тарихынан сыр шертетін ескерткіштердің болуы қазақтың елдігіне сын болары анық. Сөз түйінін Ақын Несіпбек Айтұлының «Астана — ескерткіштің ең ұлысы, ұлт үшін құрбандардың барлығына» дейтін шумақтарымен аяқтай отырып, алдағы күнде бас қаламызда таңғажайып ескерткіштер бой көтереді деп сенеміз.

Көне атаулардан құтылмаған көшелер көп

Астанада қандай көшелердің бар екенін білгіңіз келсе, ғаламтор немесе картаны қарай салсаңыз жеткілікті. Бұл жерде Ақмоладан қалған ескі көшелердің атаулары толығымен өзгеріп кеткен жоқ. Яғни, Кеңес Одағынан қалған көше аттары ескі қала аумағында әлі бар. Жүзге тарта көше атауы өзге ұлттың есімдерімен аталады. Бұған «қызғаныштың қызыл итін» үргізгіміз келмесе де, қазақпен түк қатысы жоқ, керек десең қазақ дейтін халықты білмеген адамдардың есімдерінің әлі күнге дейін Елорда төрінде ұлықталып тұруы — ойланатын жағдай. Ал көше атауларын өзгертуге келгенде әкімдердің «тізесі дірілдеп» қоя беретінін байқап та жүрміз. Осыдан екі жыл бұрын ғана «қой терісін жамылған қасқыр» Мирзоян атындағы көшені өзгертуге біраз адам мирзоян көшесіатсалысты. Әуелі БАҚ-тарда Мирзоянның «Мырза жан» еместігі толық дәлелін тапса да, көше сол бойы тұра берді. Біраз тартыстардан кейін барып, Қалалық тіл басқармасының сол кездегі басшысы Ербол Тілешевтің «ептілігінің» арқасында Қаныш Сәтбаев есімі «Мырзажанның» орнын басты. Жаңа қала жағындағы көше аттарына ешбір бөгде пікір айта алмаймыз. Тегіс қазақшаланып, тарихи тұлғаларымызбен, тарихи атауларымыз жаңғыртылып жатыр. Десе де Мұстафа Шоқай, Әлихан Бөкейхан сынды арыста-рымыздың есімдері ескі қаланың елеусіз бір шолақ көшелерінен аспай тұрғанын көргенде, жаңа қаланың ат шаптырым даңғылына берілген Хусейн бен Талал атауын қызғанып та кетесің. Бұған уәжіміз де жоқ емес, «Қазақтың атын әлемге шығарады» деп күтіп отырған «Астана EXPO — 2017» көрмесін шетелден келетін 5 миллион турист қазақтардың Иордания короліне деген құрметіне куә бола жүріп тамашалайтын болады.

Ерқазы Сейтқали