ДАРИҒАНЫҢ БҰЛ КЕТУІ, ЖАЙ КЕТУ ЕМЕС

Ақордадан түске таман суыт хабар жетті. Шошып кетпеңіздер, бәрі аман, ел тыныш. Билік орнында. Тек қана саясат айдынында бір толқу байқалады. Теңіз шайқаларда, өзен-көлдер арнасынан асып-тасарда толқындар арыстанның жалындай ширатылып жағалауды ұрып жататыны бар ғой. Сол көрініс көз алдыма келіп тұр…
Тотыдай түрленген саясат тағы да өз дегенін жасағалы жатыр пайымдауымша. Суыт хабар дегенге көңілдеріңіз суып қалмасын, көптің көңілін күпті еткен, талай еңсені тіктеткен «болашақ президент» ойламаған жерден қызметінен кетіпті. Бұл ешкімнің ойына да келмеген, түсіне де кірмеген оқиға. Апырай, ә!

Анықтап айтсам, Сенат төрайымы Дариға Назарбаеваның өкілеттігін Президент Қасым-Жомарт Тоқаев тоқтатыпты. Не үшін? Бұған нақты жауап беру дәл қазір қиын.
Бір анығы, президент бұл шешімді «Үй артында кісі тұрғанда» көзсіздікке барып, «уәдесін бұзып» жасай қойды деуге келмес. Егер расымен де өз «жүрек қалауымен» осындай қадамға барса – бұл жаңашылдыққа талпыныс, тоң болып қатқан жүйеге сүймен қадаумен бірдей ерлік! Алайда менің  жүрегім, мұндай ерлікті мойындамайды. Демек жүрегіме әмір жүрмейді!
Соңғы уақыттарда белсенді болып ауыл халқына, қарапайым жұртына жылы шырай танытып, өткір ойлар айтып, түйткілді проблемаларды сөз еткеніне қарап, «шабыты жаңа оянып» келе жатқандай әсерге бөлегенін жоққа шығарғаным жараспас. Күні кеше ғана (30.04.2020) «Төтенше жағдай біраз проблеманың бетін ашты. Бұл біздің ауылшаруашылығы өндірісін дамыту бағдарламасын қайта қарау қажеттігін көрсетеді. Мұны бірінші орында жасау керек. Ауылшаруашылығы мен оған қатысты жеңіл өнеркәсіп, химия және сауда саласы экономиканы қалпына келтірудің драйвері болуы тиіс. Түркістан облысындағы орамжапырақ мәселесін қараңыздар. Бүкіл әлем көптеген елдерде аштық болуы мүмкін екенін талқылауда, ал біз дайын өніммен не істеу керек екенін білмейміз», – деді ол Сенат отырысында. Әжесінің қолында өскен қыздың ауыл жайлы, ондағы тұрмыс жайлы жақсы білетіні анық. Алайда оны айтуға асықпай келгені ғана қызық. Кім білсін, бұл да бізге белгісіз саяси ойындардағы бір маневр ма екен? Әйтеуір қарапайым қазаққа түсініксіз қылық!

 

 

Басқасын былай қойғанда әншілігі де ешкімнен кем емес еді – ау? Сахнаға сылаңдап шыққанда, айдай жарқырап жасарып, жайнап кетуші еді өзі!
Мұны неге қазбалап жатырмын, жақсылығын да айтып қояйын деген ниет қой.
Иә, сенат төрайымынан не үшін кетті? Батпан құйрық жер еді ғой. «Ана жаққа» да бір адым жақын… Бұл орайда әбден қордаланған шындықты биік мінберден айтқаны түбіне жетті деуге аузым бармайды.

Бәлкім ішкі-сыртқы саясаттағы «түртпектеуші күштердің» әсері болды ма? Олай дейін десем, бұған дейін не айтылмады Дариғаға? Көктен алды, жерге салды. Талай рет «ақ ит кіріп, көк ит» шықты ауыздардан. Балағаттың да неше атасын естіді. Оған көңіл бөліп, жүрегіне ауыр алса сонда қайда қалыпты? Инфаркт алып құлап қалса да ешкім таң қалмас еді ғой бұдан кейін?
Өмір болғасын көп нәрсе көңіл күйге де байланысты екені рас. Қанша күліп жүрсе де, жүзінен кірбің байқалатын еді. Темір емес адам ғой, ол да! Ұлының лаңы, Лондондағы дау-дамай да жүйкесіне тимейді дейсің бе?

Ең бастысы Ана ғой, және ауылдағы салпыетек әйел емес, сапалы білім алған әйел! Халық тағдырына жауапты қызметтерде әбден ысылған әйел! Және де жәрдемақыға телмірген, шиеттей бала-шағасының болашағына алаңдаған әйел емес, байлығы бір басына жетерлік әйел.

2013 жылы Қазақстанның ең бай 50 адамының қатарына кіру деген кімнің қолынан келеді? Бұл Дариға ханымның қолынан келді! Не сұрағыңыз келіп тұрғаны маған мәлім, “Forbes Қазақстан” журналы жариялаған елдің ең дәулетті бизнесмендерінің 2019 жылғы тізіміне Назарбаева неге енбей қалды онда» дегіңіз келіп тұрған шығар? Сіз де қызықсыз, адамда ұят деген болмай ма? Дариға ханым соншалықты ақылсыз әйел ме? Бай екенмін деп, қарны аш халықтың алдына қайта-қайта шыға берсе кім жақсы көреді? Ойланайық та, бір сәт?

Одан қалды, әр тараптан күзгі қара суықтай қалтыратар сыпсың сөздер мен өсек-аяңдар қаншама? Жүрегі нәзік әйелге мұның бәрі оңай ма?! Оны бастан кешпегесін айта береді жұрт! Қарша бораған оқ – сөздердің нәзік жанды ледиге тура тимей жанамалай өткенінің өзі – ауыр соққы емес пе?!

Қалай болжасақ та, ел басына күн туып, халық қалжырап, экономика «тұнжырап» тұрған осындай сәтте, президенттен кейінгі екінші адамның, «болашақтан үміті зор» қарақтың, Елбасының «ерке қызының» күтпеген жерден биіліктің биік транплинінен төмен қарай «сырғанап» кетуі елең етерлік жаңалық. Дана қазақ «Тесік моншақ жерде қалмайды» депті. Бізде соған сенеміз әрине. Күні ертең Үкіметтің басынан, не қасынан жарқ ете қалуы да ықтимал. Өйткені бізде бәрі мүмкін! Керек десеңіз, қалған ғұмырында қызмет істемей-ақ, зейнетке шығып алып, шетелдегі виллаларында серуендеп жүруіне де жол ашық!

Халықтың көз алдында жүргесін Дариғаның құзыреті күшті орыннан кетуі үлкен жаңалық болып, қазірдің өзінде әлеуметтік желі арқылы сан-саққа жүгіртіліп, талқыға түсіп таратылып жатыр. Халықтың да саяси сауыты әжептәуір өсіп қалғаны байқалады. Баяғыдай «жазған құлда шаршау бар ма» дейтін ел көрінбейді. Керісінше, Дариға ханымның бұл кетісінің саяси астарына үңіліп, өздерінше болжам жасауда. Бұған биліктегі саяси элита «Ит үреді, керуен көшеді» деп астамсып қараса қатты қателеседі. Өйткені халық айтса көп жағдайда қалып айтпайды. Осыны есте ұстаған дұрыс.
Шындығын айтайын, бұл жаңалыққа күйінгендерден көрі «күлімдегендер», қамыққандардан көрі қуанғандар қарасы мол тәрізді. Көрген көзде, сезген іште кінә жоқ қой, негізі?

Енді логикаға салып таразыласақ, Қазақстанның экс-президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың тұңғыш қызы Дариға Назарбаева 7 мамыр күні 57-ге толады екен. Тура «Отан қорғау» күнімен тұспа-тұс келіп тұрғанын қарасаңшы? Сол даталы күні үлкен қошаметпен кетсе де болар еді? «Бір жылға қоян терісі де шыдайды» демекші, енді қалған бір бес күнге халық та, билік те шыдар еді ғой. Бұл не суыт кетіс? Бәлкім кетуге мәжбүрлеп отыр ма? Қалай болғанда да мұның бір гәбі бар. Біздің аңғал бас та өзінше бірдеңелерді саралап көрмекші.
Жалпы президент Тоқаев көңіл жықпас жақсы азамат болғанымен, жолы өте ауыр кісі болып тарихта қалары анық. Осы кісінің кезінде Қазақ елі әбден шоғырланған, баттасқан проблемалармен бетпе – бет келуде. «Мен ұрлық жасағанда ай жарық болды» дегеннің кебі бұл.

Президент Тоқаев мырзаның бір жылының соңғы айларының өзі қандай сынаққа толы. Бензин бағасы құлдырады… доллар бағасы «тұнжырады»… коронавирус індеті… карантин… Бюджеттен шығып жатқан қырғын ақша… Бұл аз десеңіз, Өзбекстандағы су тасқынының зардабы оңтүстікті әбігерге салса, «Қуырдақтың көкесін түйе сойғанда көрерсің» болғалы тұр.

Осындай қиын сәттерде «Жығылғанға жұдырық» болып тұңғыш президенттің спикер қызының Лондондағы зәулім сарайы төңірегінде дау-дамай әлемге тарады.
BBC-дің ағылшын тіліндегі қызметі «Қайдан алынғаны белгісіз байлық Ордері Лондондағы зәулім сарайға назар аударды» атты мақала жариялады тіпті. Онда Қазақстанның саяси элитасының өкілі Нұрәлі Әлиевке тиесілі екені, сондай-ақ, «Миллиардерлер қатары» деп аталатын Hampstead ауданына қарасты The Bishops Avenue көшесіндегі әлгі үй офшорлық компанияға тиесілі екені жазылған.
Мұның бәрі онсыз да теңселіп тұрған билік сатысының шегесін майыстыруға, тіпті жұлып алуға жетіп жатыр.

Ішкі – сыртқы дұшпандардың «айызын қандырған» бұл оқиға қалай дегенде де билікті ойландырғанға ұқсайды. Бәлкім Дариғаның өзін, бәлкім әкесін. Өйткені елдің тыныштығына қара халық емес, қалтасында қаржысы көп бай-манаптар мүдделі.
Онсыз да түрлі қиындықтармен бетпе-бет келіп тұрған қазақ билігіне «ана мен бала арасындағы» қақтығыс, Лондондағы офшордағы миллиардтар «арық атқа қамшы ауыр» болғаны шындық.

Бәлкім азулы елдердің, БҰҰ секілді «дәулердің» жемқорлыққа қатысты ескертпелері де жүгенсіз істерге тоқтам болды ма екен? Біздікі болжам ғана, ақиқат бір Аллаға аян!
Әлде Дариға ханым, «Менің осы жасап жүргенім түйенің мойнынан да қисық. Билікті қуамын деп балаларымды бетімен жіберіп алыппын. «Атағым» алысқа кетті, әкемнің де бүкіл абыройына күйе жақтым» деп Ақордаға өтініш айтып, қызметінен өз еркімен кетіп жатуы да мүмкін ғой.

Қалай десек те, Дариғаның бұл кетуі жай кету емес… Және де бұл өзгерістің артында үлкен саяси ойын жатпасына кім кепіл? Әйтеуір ел аман, жұрт тыныш болса екен!
Кім біледі мұның да ел үшін бір қайыры болар. Көңілге күдік ұялатқаны, демалыс күні бола тұра осындай жарлыққа қол қойылуы, үлкен бір асығыстықтың белгісі емес пе? Асығардай не болып қалды?

Әй, саясат-ай, сені түсіну күн өткеннен сайын қиындап барады. Бірде қызыл түлкідей көзді арбайсың, енді бірде көкжал қасқырдай азуыңды ақситасың! Билік тағы бір жұмбақты халыққа жасырып отыр.

Бұл жұмбақтың шешуін тапқанша, тағы бір тосын оқиғаның бұлт астынан шыққан күндей жарқ ете қалуы да мүмкін. Әйтеуір, биліктегі өзгерістерге қалың қазақтың үлкен үмітпен қарап отырғанын президент Тоқаев мырза терең сезінеді деген ойдамын!

 

Сәуле Мешітбайқызы