“ҚАЗГИДРОМЕТ” 2020 ЖЫЛДЫҢ МАМЫР АЙЫНА АРНАЛҒАН АУА РАЙЫ БОЛЖАМЫН ЖАРИЯЛАДЫ
Мамыр айында Қазақстанның солтүстік жартысында ауа температурасы климаттық норма шамасында, оңтүстік жартысында нормадан 1°С жоғары болады. “Республиканың басым бөлігінде жауын-шашын мөлшері норма шамасында, оңтүстік-батысы жартысында нормадан аз, оңтүстік-шығыс бөлігінің таулы және тау бөктері аймақтарында нормадан көп болады деп болжанып отыр”, – делінген хабарламада. Көпжылдық климаттық мәліметтер бойынша әдетте Қазақстанның оңтүстік жартысында мамыр айының бірінші жартысынан бастап, ал солтүстік жартысында айдың соңына қарай үсік болмайды. Дегенмен осы жылдың мамыр айында түнгі уақыттарда еліміздің солтүстік-шығыс өңірі мен оңтүстік-шығыстың таулы және тау бөктері аймақтарында ауа температурасы төмендеп, үсік жүруі ықтимал.
Айдың ең басында ауа райын Орталық Азия аймағынан келетін жылы ауа массалары анықтайды, бірақ фронтальды бөліктердің өтуіне байланысты республиканың кей жерлерінде найзағай ойнап, өткінші жаңбыр жауады, еліміздің оңтүстік және оңтүстік-шығыс жартысының кей жерлерінде күші 15-25 м/с дейін екпінді жел тұрып, қатты жаңбыр, бұршақ жаууы мүмкін. Қазақстанның басым бөлігінде ауа температурасы күндіз +18+25°С, солтүстік-батыстың кей жерлерінде +15°С, оңтүстік-батыста және оңтүстікте +25+30°С болады. 2020 жылдың 3-5 мамыр аралығында Карск теңізі аймағынан суық антициклонның кіруіне және фронтальды бөліктердің өршуіне байланысты еліміздің солтүстік-шығысында жаңбыр жауып, арты қарға ұласады, желдің екпіні 15-20 м/с-қа дейін күшейеді.
“Қазақстанның солтүстігінде, шығысында және орталығында түнде ауа температурасы -3+5°С дейін, күндіз +7+12°С дейін төмендейді, оңтүстік-шығысында түнде +2+10°С дейін, күндіз +15+23°С дейін төмендейді, еліміздің оңтүстік-батысы жартысында Иран аймағынан жылы ауа массаларының шығуына байланысты ауа температурасы +25+33°C дейін жоғарылайды”, – дейді синоптиктер. Бірінші онкүндіктің екінші жартысында жылу республиканың оңтүстік-батыс жартысынан қалған аймақтарына ығысатындықтан Қазақстанның басым бөлігінде жауын-шашын тоқтайды. Сондай-ақ екінші және үшінші онкүндікте ауа райы құбылмалы болады: екпінді жел тұрып, найзағай ойнап, жаңбыр, бұршақ жаууы мүмкін. Кезекті суық толқыны келгенде ауа температурасы: солтүстік, шығыс және орталық аймақтарда түнде -3+5°C дейін, күндіз +10+15°C дейін; Қазақстанның батыс және оңтүстік батыс жартысында түнде +5+13°C дейін, күндіз +13+21°C төмендейді. Алайда, екінші және үшінші онкүндіктерде жылы күндер көп болады деп болжануда: республиканың солтүстік жартысында күндіз ауа +20+28°C дейін; оңтүстікте +25+33°C дейін ысиды.