ЕЛ МЕН ЕР

Билік пен жемқорлықтың арасында сиқырлы көпір бар.
Ол:заң мен ардың көзіне ғана көрінеді. Өзгеріс керек.
__
Автор

Ерден намыс кеткен соң,
еліңнен  кетер ырысың.
Жемітшіл жендет жайлады,
жеңдескен дұшпан құрысын.
Қанағат түбі қайыр-ды,
ұяттан ұлды айырды,
Өмір сүрген жұрт еді,
Бәрі үшін және бір үшін.

Арманда кеткен бабаның,
төгілген қанын ұмытты.
Көзге бір біткен қарашық,
ойып жеп оған құнықты.
Отанды солай тонаса,
күндердің-күні болғанда,
Аруана боздап жылар-ды,
Айналып жансыз тұлыпты.

Қараша үйдің түндігін,
қара бір торғай түтіп тұр.
Қазағым қамсыз- қара нар,
қалжырап бойы бітіп тұр.
Алты қырдың басында
атамнан қалған сайғақ бар,
Ел үшін туған ерлерді
баталы байрақ күтіп тұр.

Туған да елдің көзінде,
ту ұстап арман көшіп жүр.
Нақақтан аққан көз жасын,
қарға мен құзғын кешіп жүр.
Қара орман жұртым қайдасың,
көк теңіз еді- көңілің,
Саған да біткен қайықтың
ескегін кімдер есіп жүр?!..

Көкбөрі шалдар апанда,
жарасын жалап жазбақ дүр.
Жайлаған қоныс жұртында,
жаққан бір оты маздап тұр.
Тектіден- текті туатын,
атаның жолын қуатын,
Сол секілді асылдың
ұрпағы қалай азбақ бұл?!..

Ел менен ердің арасын
Ібіліс жайлап алғандай.
Жер түбінен жебір кеп,
қаныма қолын малғандай.
Ұры- қары ұйытқып
бірін-бірі ұлықтап,
Қыл сағақтан азуын
қиналмай келіп салғандай.

Тәуелсіздік қол жетпес,
Ай менен шектес құз еді.
Көк туы күннен бедерлі,
Бабамнан қалған із еді.
Өз елің сенің- өз анаң,
Өз анаңды тонаған,
Өзімшіл жемқор дүние,
жүрегің неткен мұз еді.

Сабыр Адай
29.04.20ж