МАҚТААРАЛҒА АЛҒАШҚЫ ГУМАНИТАРЛЫҚ КӨМЕК КЕЛДІ
Жамбыл облысы әкімдігінің ұйымдастыруымен 30 тоннадан аса азық-түлік тиелген керуен киелі Тараз қаласынан мақталы Мақтаарал ауданына жетіп келді.
Көне шаһардың жақсыларынан жылу жинап, көмекке асыққан жамбылдық кәсіпкерлер 10 тонна ұн, 10 тонна күріш, 5 тонна қант, 1 тонна гречка, 2 тонна сұйық май, 2 тонна макарон өнімдері мен 5 тонна гигиеналық заттар жөнетілген.
Бүгін бас-аяғы 10 миллион теңгеден астам демеушілердің есебінен жиналған көмек қызыл судан зардап шеккен азаматтарға үлестіріледі. Жамбыл облысы әкімінің орынбасары Нұржан Календияров сарқын судан жапа шеккен мақтааралдықтарға мұнымен көмек тоқтап қалмайтынын айтты.
Айта кетейік, Түркістан облысы Мақтаарал ауданындағы су тасқынының салдарынан қиын жағдайға ұшыраған азаматтарға қолдау білдіреміз деушілер үшін «Түркістан» корпоративтік әлеуметтік даму қоры жұмыс істейді. Қайырымдылықты аталмыш қордың есеп шоттарына да аударуға болады.
Түркістан облысы әкімінің баспасөз қызметі