Замандас, кездескенде есіңе алып, амандас! – Нұртөре Жүсіп

«Сәлем – сөздің анасы» дейді біздің қазақ. Үлкенге сәлем беріп, алғысын алу – қазақ салт-дәстүрінің ең озық түрі. Сәлемі түзу балаға үлкендер «Көсегең көгерсін, жүз жаса, бақытты бол» деп алғыс айтқан. Дұрыс амандаспаса, «үлкенді сыйлай білмейді, көргенсіздің баласы» деп ата-анасын кінәлаған. Осылай баласына қарап, ата-анасына баға берген. «Атаңа сәлем бер», «Әжеңмен амандас», «Оң қолыңды беріп амандас» деп жастайынан үйреткен.

Құран Кәрімде «Егер сіздерге біреу амандасса, сәлемін одан да асыра не дәл солай қабыл алыңыздар» делінген екен.

Амандасу – адамгершілік қасиеттің бір белгісі. Қазақтың қанға сіңген дәстүрі бойынша екі кісі жолыға қалғанда алдымен жасы кішісі «Ассалаумағалейкүм!» деп бірінші болып сәлем береді. Жасы үл­­к­е­ні «Уағалайкүмассалам!» деп сәлем ала­ды. Содан соң мал-жан амандығы сұ­­ра­лады.

Амандасу – салт-дәстүрімізде ерекше орын алатын құндылық. Жасы кіші – үл­кенге, атты кісі – жаяуға, келе жатқан адам отырғанға сәлем беруі ежелден қа­лыптасқан.

Алайда «алыстан алты жасар бала кел­се, алпыстағы адам барып сәлем бе­ре­ді» деген қағида тағы бар. Мұның бәрі – халықтың өзара ізет пен құрмет әде­бі.

Бұрынғы қазақ ауылға атпен тіке кір­мейтін. Ауылға алыстан атпен ша­уып келу жаман ырым саналатын. Шет жа­­ғына, киіз үйдің жанына жақын­да­ған­да аттан түседі, оны кермеге байлайды. Ауылға қонақ келгенде мін­дет­ті түрде аяңдап келіп, үй сыртына жа­қын­дағанда «сөйлес» деп дауыстайды. Үш қайталаудан кейін жауап болмаса, мейманды бұл үй қабылдамаған болып есептеледі. «Құдайы қонақ» дегенде ғана ерекше ықылас танытатын болған. Мейман киіз үйге енгенде «Ассалаумағалейкүм» деп жалпыға сәлем беріп кіреді. Тіпті, үй ішінде ешкім жоқ болса да «Ассалаумағалейкүм» деп да­уыстап, шаңыраққа сәлем беру әдеті қа­­лыптасқан. «Ассалаумағалейкүм» араб­­ша  «сізге әлемнің тыныштығы болсын» деген мағынаны білдіреді. Демек, мұ­­сыл­­маншылықта сәлем берудің негізі – тілек, екі мұсылман кездескен жерден бір-бі­ріне Жаратушының тыныштығын тілеп, д­ұға етеді. Мұсылмандардың сәлем­десу әдебі Құран аяттарымен және Пай­ғамбарымыздың хадистерімен бекі­тіл­ген.

Қасиетті Құранда былай делінеді: «Уа, иман келтіргендер! Өздеріңнен үйле­ріңнен басқа үйлерге қашан үйре­ні­сіп, иелеріне сәлем бермейінше кір­мең­дер. Солай еткендерің өздеріңе жақсы, бәл­кім, үгіт аларсыңдар».

Байырғы қазақ дәстүрі бойынша аман­­дасу арқылы адамдардың әлеу­мет­тік тегінен, байлығынан және жалпы өмір­дегі алатын орнынан белгі бере­тін бол­ған. Ел билеушілермен аман­дасу, қара халықтың сәлемдесу тәртібі бұл­жы­майтын қағида ретінде белгі­лен­ген. Бұл елді сыйлау, кісіні сыйлау тәртібіне айналған.

Қазақ бір-бірімен жолыққанда «Мал-жан аман ба?» деп сұрасқан. Бірінші кезекте «Мал аман ба?» деп сұрауы тегін емес. Мал – тіршілік өзегі. Сосын барып – жан. Қазақтың тірлігі төрт түлікпен тікелей қатысты болған. Соған байланыс­ты мал және отбасы туралы жөн сұрасу қалыбы қалыптасқан.

Далада бір топ қазақ бір-бірімен ат үстінде кездесіп қалса, «Асса­лау­ма­ға­лейкүм» деп оң қолын созып аманда­сып, сол қолын амандасушының оң иы­ғына қоятын болған екен.

Қазақ халқының бұрынғы амандасу үлгісі нағыз мұсылманша болатын. Кездескен кезде оң қолын жүрек тұсына қойып, «Ассалаумағалейкүм!» деп дауыс­тап сәлем берген. Әуелі оң қолын беріп, үлкен кісілерге қос қолдап амандасқан. Жас адам – үлкенге, жалқы адам жалпы көпшілікке бірінші болып сәлем берген. Ал әйел кісілермен «Есенсіз бе?» деп хал сұрасқан. Осылай сәлемдесу әдебін балаларына да үйреткен. Сол тәрбие арқылы шынайы мұсылманшылық болмысын талай ғасыр сақтап келген еді. Соны жоғалттық…

Өзбекстанда ер болсын, әйел болсын «Ассалаумағалейкүм» деп амандасады.

Кеңестік дәуір, оның ішінде Бреж­нев­тің тұсында беттен былш-былш сүйі­су дәстүрге енді. «Сәлеметсіз бе» деген сызылма сәлем қолданысқа кірді…

Бұрын біз ауылға барғанда жасы мен жолы үлкен адамдарға арнайы барып сәлем беретінбіз. Бұл күнде бәрі өз­герді…

Қазақтың қазіргі амандасу үрдісі әр­түр­лі: біреулер қол береді, біреулер құ­шақ­тап, беттен сүйеді, енді біреулер сал­ғырт бас изейді…

Өңірлерде де сәл айырма бар. Оңтүс­тік жақта жапырлай қол берісіп, қол алысып жатса, батыс облыстарда бір сөзбен «Сәлем бердік» дей салады…

Мұндағы ең басты нәрсе – амандық сұрау. Жалпы біздің қазақ сәлем беруге ерек­ше мән берген. Амандасудың, сәлем бе­ру­дің негізінде адамдардың бір-біріне деген ыстық ықыласы, құрметі, сый­лас­ты­ғы жатыр.

«Сәлем – сөздің анасы», «Сәлем тү­зел­­мей, әлем түзелмейді». Қандай кере­мет мәні бар сөздер.

Сәлем беру, сәлем алу деген адам баласы өркениетті жолға түскелі жөн-жо­рал­ғыға айналған дәстүр. Соны қазір сақ­тап жүрміз бе?

Қазір қазақ қалаға жиналды. Ірі қала­лар­ға ағылған адамдар көп.

Урбанизация. Түсінікті. Жұрттың көбі асығыс-үсігіс… Өз тірлігі өзінде…

Амандасу дағдымыз қалай?

Подъезде, лифтіде, көшеде қарсы ұшырасқан адамға сәлем бермей өте шығатынымыз рас қой. Осы мәдениетке, әдепке жата ма?

Жұмысқа, сабаққа бара жатқанда, жол­­да, дүкенде немесе басқа ортада жиі кездестіретін адамдармен амандаса­сыз ба?

Қоғамдық орындарға (дәмханаға, асха­на­ға) кіріп келе жатқан таныс не бейтаныс адамдармен қалай амандасасыз?

Қазақстанға сырт көзбен қарап кө­рейік­­ші: «танымасын сыйламас» деген­дей, қоғамдық ортада біздің амандасу, сәлемдесу салтымыз біртүрлі ерсілеу: біреудің берген сәлемін екінші біреу алмайды; анау Америкаңыз бен Еуропа елдерінде жұрт танысын-танымасын бір-біріне жылыұшырай қарап, амандасу ізетін жасайды; бізде осы қарапайым нәрсенің өзі жоқ қазір.

Қазіргі таңда бізде сәлемдесуге аса мән бермейтін, тіпті елең қылмайтын, селт етпейтін ұрпақ қалыптасты. Қазіргі сәлемдесу үлгілері бір-біріне жауапсыз сұрақ қойғандай әсерде қалдырады. Мә­се­лен, «сәлеметсіз бе?» дегенге – «сә­ле­­метсіз бе?» деп жауап береді. Не «қа­лайсың?» дегеннің жауабы «қалай­сың?». Сонда не болды?

«Қандай да бір-екі мұсылман бір-бірі­мен кездескенде қол берісіп амандас­са, олардың күнә-қателіктері кеші­рі­ле­ді» деген хадис бар.

Коронавирус келгелі қол беріп амандасу жайына қалды.

Алайда «Әр нәрсенің қайыры бар» деген. Аты жаман індеттің кең тарама­уы үшін халқымыздың бұрыннан келе жатқан амандасу салтын қайта ор­нық­тыру қажет секілді. Қазір кей­бі­реу­лер амандасқанда жұдырығын түйіп, кей­­біреулер шынтақ түйістіріп жатыр. Өткенде әлемдік ақпарат АҚШ прези­ден­ті Дональд Трамптың ежелгі үнді елінің амандасу дәстүрін қабыл алып, қолын қусырып амандасып жатқанын көрсетті.

Қолымызды кеудемізге апарып, сәл ғана бас изеу.

Сақтық шараларының бірі ретінде, жал­пы бұдан былайғы тірлікте осы амандасу амалын – алыстан жүрек тұсы­на қол қойып, бас изеп амандасуды қайта қа­лыпқа келтірген жөн деп ойлаймын.

Кейде дастарқан басында отырған кісілердің қолын жаппай алып болғаннан кейін, «қолымды жуып келейін» дейтін адамдар да болады. Осы не тірлік? Қан­дай әдепке жатады?

Сосын бәріміз ұялы телефон ұстай­мыз. Сыртта жүргенде қанша адаммен қол беріп амандасамыз. Ұялы телефонды қолымызды жумай ұстай береміз. Оны сүртіп барып пайдалану деген қаперімізге кірмейді. Осыны да ескерсек.

«Сақтансаң – сақтаймын» деген сөз елдің бәрінің есінде тұруы, жүруі керек. Президент елде төтенше жағдай жариялап, барлық сақтық амалдарын қарастырып жатыр. Біз мұны қалың ел болып қолдауымыз қажет. Әр адам тұтас халықтың денсаулығына жауапты болуы тиіс!

Сонымен, амандасу мәдениетін ор­нық­­тыру туралы ойымызды түйін­де­сек:

Ұлттық сипаттағы амандасу үлгісі:

Кім болса да кездескен адамға сәлем беру қажет.

Бұл үшін оң қолымызды кеуде тұсы­мызға қоямыз. Басымызды сәл иіп ізет білдіреміз. «Ассалаумағалейкүм» деген­ді әр адам өз қалауына қарай айта­ды. Ішінен айтуына да болады. Қазақ­стан халқының басым бөлігі мұсыл­ман дінін ұстанатынын ескерсек, осылай амандасу орынды болмақ.

Мемлекеттік, ресми сипаттағы үлгі:

Ресми шаралар мен жиындарда мем­ле­кеттік лауазым иелері, мемле­кет­тік қызметшілер және басқа тұл­ғалар жиналғандар алдында «Сала­матсыздар ма?» деп ұстамды түрде амандасады. Кей жағдайда «Армысыздар» нұс­қа­сын қолдануға болады. Мұнда да оң қолымызды жүрек тұсымызға қоямыз, сәл бас иіп, ізет ишарасын жасаймыз. Бұл келе-келе халықаралық хаттамаға енгізілуі мүмкін. Сол кезде Мемлекет басшысынан бастап лауазымды тұлғалар басқаларға қолын созбайды, тікелей қол алыспайды. Бұл сақтық шарасы үшін де қажет.

Әлеуметтік сипаттағы үлгі:

Қазақстан түрлі этнос өкілдерінің басын құрап отырған ел. Халықтың тең жартысынан көбі қалалы жерде тұрады. Қалалықтар подъезде, көшеде, лифтіде, паркте бір-бірімен кездескен кезде әуелі жылы жүзбен қарап, бас иіп құрмет көрсетуге тиіспіз. Егер үлкенді-кішілі жиын, отырыс, кездесулер бола қалған жағдайда сырттан кірген адам бір ауыз «Сәлем» деген сөзді айтса да болады. Қарсы жауап ретінде «Сәлем!» десек, жаңа заманның сәлемдесу салты қалыптаспай ма? Жастар жағы жалпы­қазақ­стандық амандасу үлгісін қабыл алады деп ойлаймын.

Ұсынылып отырған үш нұсқаның – «Ассалаумағалейкүм», «Сала­мат­сыз­дар ма?», «Сәлем» негізінде бәріне ортақ – Сәлем деген ұғым жатыр. Бұған қоса біз мемлекеттің әнұраны орын­далғанда қолымызды жүрек тұс­ы­мызға қоямыз ғой.

Амандасудың үш үлгісінде де біз өзімізді төл Мемлекетімізбен байланыс­тыра қараймыз. Демек, біздің сәлем беру, сәлем алу үрдісімізде өз елімізге, Тәуелсіз Қазақстанның мемлекеттік атрибуттарына құрмет көрсету нышандары қашанда бірге жүретін болады! Бұл мемлекетшілдік рухты күшейтеді.

Бұқар жырау бабам нағыз данышпан ғой!

Өзек қуа ағады,

Өзен судың сағасы.

Алыстан сәлем береді,

Әдепті елдің баласы, – деген екен бір заманда.

Бұл заманға да келіп тұр!

Сөзімді халық әнінде айтылатын «Замандас, кездескенде есіңе алып, амандас» деген жолдармен аяқтағым келеді. Дүние – бір көш керуен. Амандаса білейік! Амандасып жүрейік!

 

Нұртөре ЖҮСІП,
сенатор, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері.
Мақала «Егемен Қазақстаннан» алынды