Елорда колледждерінің емтихан форматы белгілі болды
Мемлекеттік емтихан мен диплом қорғау онлайн режимде өтеді. Технология білім алушыны экран арқылы бақылап, емтиханды толық видеоға жазуға мүмкіндік береді, деп хабарлайды Нұр-Сұлтан қаласы әкімдігінің ресми сайты. Қалалық білім басқармасының басшысы Шолпан Қадырова колледждердегі аралық және қорытынды аттестация, диплом жұмысын қорғау білім беру ұйымының оқу жоспарына сәйкес жүретінін атап өтті. Оның айтуынша, білім беру ұйымы емтихан сұрақтарын алдын-ала әзірлеп, жалпыға қолжетімді болу үшін қашықтан оқыту порталына орналастырады. «Диплом жұмысын (жобаны) алдын ала қорғау білім беру ұйымы жасаған кестеге сәйкес, өз уақытында орындалады. Мемлекеттік емтихан қабылдау мен студенттердің дипломдық жұмысын қорғау (жоба) онлайн режимде өтеді. Онлайн-прокторинг білім алушының өзін-өзі ұстауын экран арқылы бақылап, емтиханды видеоға жазуға мүмкіндік береді», – деп түсіндірді Ш.Қадырова. Сондай-ақ барлық колледждерде оқытушы, студент, ата-аналарға уақтылы техникалық қолдау (онлайн-кеңес) көрсетіп, оқу процесінің ұйымдастырылуын үнемі бақылауда ұстап, кері байланыс орнатуды қамтамасыз ететін штаб құрылды. Білім басқармасы басшысының айтуынша, техникалық және кәсіптік білім беру ұйымдарына оқуға қабылдау ережелеріне сәйкес, колледжге құжат тапсыру 20 маусым мен 25 тамыз аралығында басталады. Құжаттарды колледждің қабылдау комиссиясына қағаз түрінде немесе e.astana.kz сайтына электронды түрде тапсыруға болады. «Талапкерді қабылдау емтихандары колледж базасында таңдалған мамандыққа байланысты өтеді. Елімізде санитарлық-эпидемиологиялық режим ұзарған жағдайда, құжат қабылдау мен емтихан өткізу формасы туралы өтініш иелеріне қосымша ақпарат беріледі», – дейді Ш.Қадырова.