ӨМІРЗАҚ ШӨКЕЕВ МАҚТААРАЛДАҒЫ ЭВАКУАЦИЯЛЫҚ ОРТАЛЫҚТАРДЫ АРАЛАДЫ 

Түркістан облысының әкімі Өмірзақ Шөкеев Мақтаарал ауданындағы су астында қалған ауылдардың халқымен кездесіп, оларға мемлекеттік комиссия шешімін жеткізді. Уақытша ашылған орталықтарда азаматтардың тұрмыстық жағдайларымен танысып, мұң-мұқтажын тыңдады.
Сарыағаш ауданының әкімдігіне бекітілген Игілік ауылындағы орта мектептегі эвакуациялық ошақта Жаңатұрмыс ауылының 200-ден астам тұрғыны орналасқан. Барлық эвакуациялық орталықтар азық-түлік пен бірінші қажеттіліктегі заттармен толық қамтылған. Үш мезгіл ыстық тамақ беріледі. Мұнда медицина және полиция қызметкерлері тәулік бойы қызмет етеді. Ауыл тұрғындары барша қазақстандықтарға алғыстарын білдіріп, ақсақалдар ақ баталарын берді.
«Су астында қалған ауылдың әрбір тұрғыны 100 мың теңгеден көмек алады. Мырзакент елді мекенінде жаңа ықшам аудан соғылады. Ол жерге Жеңіс, Жаңатұрмыс, Достық ауылдары толықтай көшіріледі. Жаңа қалашықта орталықтандырылған ауыз су және газ тартылып, электр жарығы, байланыс желісі, жолдар жасалатын болады. Жаңа мектеп, балабақша, яғни, әлеуметтік нысандар салынады. Ең бастысы ауызбіршілігіміз  ажырамай, бар қиындықты ел болып еңсеруіміз қажет»,- деді ауыл тұрғындарымен кездесу барысында Өмірзақ Шөкеев.
Облыс басшысы Келес ауданына бекітілген Фердоуси ауылының халқымен жүздесті. «40 жылдық» ауылында орналасқан орта мектепте 530 тұрғын уақытша мекен тапты. Судан зардап шеккен Өргебас және Фирдоуси халқына таңдау берілді. Олар өзге елді мекеннен бой көтеретін жаңа мөлтекауданға көше алады. Мемлекет тарапынан өз үйлерін қалпына келтіруге не әрбір тұрғын үйін өзі салуға ниет білдірсе, оған өтемақы төленеді. Тұрғындар шешімді шұғыл түрде өзара ауыларалық жиналыста шешетін болды.
Бұдан бөлек, тұрғындар апат аймағында жүргізілетін құрылысқа шақырылды. Құрылыс жұмысына қатысушы азаматтарға жалақы төленеді. Сондай-ақ, Ауыл шаруашылығы тауар өндірушілерінің шығыны төленеді. Несиесін төлеу уақыты кейінге шегеріледі. Ал, жоғалған малдың шығыны Төтенше жағдай бойынша Штаб жанынан құрылған комиссия шешімімен өтеледі.
Облыс әкімі №5 мектеп-гимназиясына жайғастырылған Жеңіс елді мекені мен су басу қауіпі жоғары Нұрлыжол ауылының халқымен кездесті. Орталыққа жауапкершілік Шардара ауданының әкімдігіне бекітілген. Мақтаарал ауданының аумағындағы 11 эвакуациялау орталықта 2404 адам орналастырылған.
Өмірзақ Шөкеев Төтенше жағдайға қатысты ашылған арнайы қоймада болды. Сыйымдылығы 2000 тоннаға есептелген қоймада 232 тоннадан астам азық-түлік қоры жиналған. Ет, ұн, күріш, май және киім-кешек пен күнделікті қолданысқа қажетті заттар Мақтаарал ауданындағы эвакуациялық орталықтарға  жайғастырылған тұрғындарға күнделікті таратылуда. Мұнда сын сағатында қол ұшын созған өңірдің барлық аудандары мен өзге облыстардан гуманитарлық көмектер жеткізілуде. Бақылау «Nur Otan» партиясы Түркістан облыстық филиалы басшылығына жүктелген.
Түркістан облысы әкімінің баспасөз қызметі