ОРЫНСЫЗ ТӘКӘППАРЛЫҚ

Қарапайым киінген егде әйел мен көнетоз кәстөм-шалбар киген еркек Бостон вокзалынан түсіп қалды. Олар Гарвард университеті президентінің кеңсесіне бет алды. Кездесуді алдын ала келісіп қойып еді.
Хатшы алыстағы ауылдан келген адамдарды Гарвардта не бітірмек екен деп жақтырыңқырамады.
– Ол күні бойы бос болмайды.
– Біз күте тұрамыз.
Хатшы жақтырмаған қонақтарды бірнеше сағат бойы сарылтып күткізіп қойды. Өздері-ақ әбден шаршап, тарс бұрылып кетіп қалар деп үміттенді. Алайда жұбайлар ешқайда асықпады. Амалы таусылған хатшы президентті мазалауына тура келетінін түсінді.
– Мүмкін, тез-тез қабылдасаңыз, олар жылдам кетіп қалар?
Қонақтар ішке кіргенде президент қабағын түйіп, сұсты кейіпке енді. Алдымен әйел сөйледі:
– Біздің жалғыз ұлымыз болған еді. Бір жыл сіздің университетте оқыды. Осы жерді жақсы көретін. Мұнда бақытты күндерін өткізді. Бірақ, өкінішке орай ол бір жыл бұрын аяқ астынан көз жұмды. Күйеуім екеуміз баламыздың құрметіне университет аумағына бір ескерткіш тұрғызсақ деп едік.
Президент естігеніне еш қуанбады. Тіпті керісінше, бұрынғысынан да бетер ашулана бастады.
– Ханым, – деді ол, – Гарвардта оқып, қайтыс болғандардың бәріне құлпытас орната алмаймыз. Олай етсек, бұл жер мазарға айналар еді.
– Жо-жоқ, – деп қарсы шығуға асықты әйел, – біз құлпытас орнатуды ойламадық. Біз тек Гарвардқа тағы бір ғимарат соғып берейік деп едік.
Президент әйелдің үстіндегі түсі оңып кеткен көйлегіне, күйеуінің ескі кәстөміне бажайлай қарады да, дүрсе қоя берді:
– Ғимарат? Ондай ғимараттың құны қанша болатынын білемісіз? Гарвардтың ғимараттары кем дегенде жеті миллион доллар тұрады!
Бір сәтке әйел үндемей қалды. Сосын күйеуіне бұрылды да, бәсең үнмен:
– Бір университет салуға осынша ғана қаржы кете ме? Онда неге біз өз университетімізді салмаймыз? – деді.
Күйеуі басын изеді. Гарвард президенті сасып қалды.
Мистер және миссис Стэнфорд орындарынан тұрды да, кабинеттен шығып кетті. Калифорниядағы Пало-Альтоға оралған соң олар сүйікті ұлдарының құрметіне жаңа университет ашады. Университет олардың тегімен аталды — Стэнфорд Университеті.
Стэнфорд Университеті – теміржол магнаты, АҚШ сенаторы Леланд Стэнфорд пен жұбайы Джейн Стэнфордтың қалауымен ашылған. Университетке олардың жалғыз ұлы, 16 жасқа жетпей 1884 жылы қайтыс болған, кіші Леланд Стэнфордтың аты берілді. Баласының атына университет ашқан қарт сенатор әйеліне: «Енді калифорниялық балалардың бәрі біздің баламыз болады» деген екен.

Аударған Шынар Әбілдә