«…ӨЗІМНІҢ ЖҰЛДЫЗЫМДЫ БЕРЕМ»
Мәлік Ғабдуллин. Бұл есім — Ұлы есім. Таныс та, бейтаныс есім. Бір қарағанда Кеңес Одағының Батыры, академик, жазушы, публицист – бәрін білетін сияқтысың. Ал тереңіне бойласаң, білмейтініміз көп-ау деген ойға келесің…
Сабақтарымда ұлт үшін жанын пида еткен ұлы тұлғалар туралы міндетті түрде айтып өтемін. Қазақтың қамы деп, тілі деп, болашағы деп өз басын бәйгеге тіккен ұлт зиялылары туралы, олардың өнегелі өмірі жайында айтқанда, селт етпейтін оқушы болмайды. Менің педагогикалық тақырыбым — көркем шығарманы оқыта отырып, оқушыларды ұлтты сүю, ұлтқа қызмет етуге, бір сөзбен айтқанда, ұлтжандылыққа тәрбиелеу.
Сондай ұлы тұлғалардың бірі және бірегейі Мәлік Ғабдуллин туралы да оқушыларға айтып отырамын. Ауыз әдебиеті түрлерін жинау, зерттеу, әсіресе, батырлар жыры туралы жазғандарына баса көңіл бөлемін. Ал майдангер-жазушылар шығармашылығы тақырыбына келгенде, Мәлік Ғабдуллиннің зиялы қауым ішінде алғашқы болып Кеңес Одағының Батыры болғанын, Мәншүк Мәметоваға атақ алып беруге қалай еңбек сіңіргенін айтып өтемін.
… Мәншүктің ерлікпен қаза тапқаны туралы газеттер Мәскеуде Қызыл Армияның Саяси Бас басқармасында орыс емес ұлттардың жауынгерлері арасында үгітші болып істейтін Мәліктің қолына тиеді. Ол қаралы хабарды ести салысымен, дереу Невель қаласына аттанады. Келе сала: «Мәншүкке не істеп жатырсыңдар?»-дейді. Олар ІІ дәрежелі Отан соғысы орденіне ұсынғандарын айтады. Мәлік Ғабдуллин сонда қатты ашуланып: «Айтыңдаршы, Алматы мен Мәскеудің арасы қанша шақырым?» -дейді. Біреуі 4800 десе, біреуі 5000 дейді. «Мейлі, 4000 ақ болсын. Басқаны қойып, қазақтың жиырмаға жаңа шыққан қызы сонша жерден Отанымды, Мәскеуді қорғаймын деп келіп, қолына орыстың винтовкасын алып, соғысамын деуінің өзі сендерге ерлік емес пе? Осыдан артық немене керек? Дереу құжаттарын қайта дайындаңдар. Комсомолдың Орталық комитетінің бірінші хатшысы Михайловқа, болмаса маған Батыр атағын берген Калининнің өзіне барам. Тіпті Ворошиловқа кірем. Одан түк шықпаса менің Мәлік атым құрып кетсін, өзімнің жұлдызымды берем», — деп қайтадан дайындалған құжаттарды алып кетеді. Содан алты ай дегенде, 1944 жылы 5 наурызда Мәншүкке Батыр атағы беріледі. Иә, бұл да — үлкен жүректі адамның ғана қолынан ғана келетін іс. Ол үлкен жүректің иесі — ұлтын сүйетін Мәлік сияқты ұлы жан.
Ұлы тұлғалардың ізгі істері ұрпаққа үлгі. Ұлтты сүйер ұландар ұлы тұлғалардан тәлім алып, есімдерін естен шығармасын деп тілейік!