Жеңісті жақындатқан тылдағы Ардагер аналар
Өкпебаева Тиішкен 1919 жылы дүниеге келген. 12-13 жасында ашаршылықты бастан өткізеді. Әрине, ол күндерді сөзбен айтып жеткізу мүмкін емес. 1941 жылы соғыс басталғанда жолдасы Қонысбеков Қожамқұл алғашқылардың бірі болып соғысқа аттанады. Бірақ соғыстан оралмады. Қазір Мойынқұм ауданы, Жамбыл ауылында Ұлы Отан Соғысына қатысушыларға арналған ескерткіш тақтада есімі жазылып тұр. Тиішкен апа соғыс жылдары өгіз айдап, жер жыртып, егін егіп қара жұмыс істейді. Тоған шабады. Соғыс аяқталған соң жарын күтеді. Алайда оралмаған соң тағдырдың жазуымен қайынағасы Қонысбеков Бейсебаймен бас қосып төрт баланы өмірге әкелді. Қиын қыстау күндерін күрсіне еске алып отырушы еді. Бейбіт күнде бала-шағасының ортасында өмір сүріп, немере, шөбере сүйіп 88 жасында 2007 жылы өмірден озды. Мереке қарсаңында еске алу артында қалған ұрпақтың парызы. Осындай жақсы күнді сыйлаған ата-апаларымызға мың тағзым.
Байгелдиева Дүрдана Шәкібайқызы 1921 жылы Айдарлы ауылында дүниеге келген. Әкесі Шәкібай үлкен молда болған. Балалық шақта ашаршылық көреді. 1941 жылы соғыс басталғанда күйеуі соғысқа алғашқылардың бірі болып аттанып, соғыстан хабарсыз, қайтпай қалады. Соғыс жылдары қара жұмыс істейді.Өзінің айтуынша өгіз арбамен Меркіден трактордың майын жалғыз өзі тасыған екен. Қолғап, шұлық тоқып ұрыс даласына жіберіп отырған. Соғыс аяқталған соң қайта тұрмыс құрып 8 баланы өмірге әкелді. Бейбіт өмірде бала-шағасының ортасында өмір сүріп 86 жасында 2007 жылы дүниеден озды. Тылда еңбек етіп, жастық шақтарын қиын сәтте өткізген ата-апаларымызға тағзым ету артта қалған ұрпақтарының борышы. Жандары жаннатта болсын.
Гүлсім Нарбаева -Аудандық “Аналар кеңесі” мүшесі, Кітапхана ісінің ардагері
_______________Жеңiс мерекесі- бейбітшілік сүйгіш бүкіл адамзат қауымының, әсіресе жеңімпаз әкелер мен аға буынның және сол ардагерлеріміздің iсiн алға апаратын жас буынның мерекесі. Бұл жеңіс бiзге оңай түскен жоқ. Бүгінгі біздің бағымызға бұйырған бейбітшілік таңы сан мыңдаған жандардың жауқазын өмірін қиған, асқан ерлікпен жеткені үшін де өткенге сан мәрте салауат айтамыз. Біздің бақытымыз үшін жанын аямай қан майданда шайқасқан ата-әжелеріне қазіргі ұрпақ сәт сайын алғыс айтса да артық емес.
Сiздерге шын жүректен денсаулық, тiршiлiктiң ұзақ та, алаңсыз күндерін тiлеймiн!
1941-1945 жылдарғы Ұлы Отан соғысы елге де, ерге де үлкен сын болды. Кеңес әскерiнiң қатарында бiздiң Республикамыздың бiр миллион 200 мыңнан астам ұлдары мен қыздары соғысты. Осындай сын сағатта кеңес халықтарының туысқандық достығы ерекше көзге түсті.Отан қорғаушылар жасаған ерліктер мәңгілік және уақыт ағысымен жоғалып кетпейдi. Сол бір каhарлы соғыс жылдары алыстаған сайын оның маңызын бiз ерекше ұғына түсудемiз. Мiне бүгін халқымыздың бейбітшілікте, тоқшылықта өмір сүрiп жатқаны, соғыс ардагерлерi мен тыл еңбеккерлерінiң арқасы! 1418 күн мен түнге созылған қан майданда бүгінгі жастардың болашағы мен бақыты үшін тер төккен ата – бабаларымыздың даңқы еш уақытта ұмытылмайды.Соғыстан қайтпаған мыңдаған қазақтың жаны жаннатта болсын! Аудан тұрғындарын Ұлы Жеңістің 75 жылдық мерекесімен құттықтаймын, елімізге бейбіт өмір тiлеймiн!