Өрік шырынын даярлай білесіз бе?

Әбден пісіп жетілген, соғылып, зақымдалмаған жемістер таңдап алынады. Олардың сағақтарын тазартып, жақсылап жуады. Суы толық сорғыған соң жемісті ішіндегі сүйегінен ажыратады. 2 келі өрікке 1 кесе су құйып, 10 минут қайнатады. Піс-кенде металл тор үстіне салып езеді. Езілген өрік үстіне қант салып, (1 литр сиропқа 250 г қант) сироп жасалады. Алынған қосындыны тағы 10 минут қайнатады. Осы күйінде ыстық су буына ұстап жылытылған шыны банкаларға онша толтырмай су құяды. Ішіндегі суының температурасы 70 градус қазанға банкаларды қойып, зарарсыздандырады. Одан кейін банкалардың аузын жылдам жауып, суыту керек. Өрік шырынын банканы зарарсыздандырмай-ақ жасауға болады. Ол үшін қайнатылған шырынды жылытылған банкаларға құйып, аузын тез жақсылап жауып, 10 минут орап қояды. Одан кейін салқындатады.

Өрік компоты. 3 келі өрікке 2 литр су 750 г қант, 3 лимон керек. Піскен өрікті жақсылап жуады. Жеміс сабағын 2/3 рет тілімдейді. Су мен қантты қайнатып алып, сиропқа араластырады. Лимонды турап салып, тағы біраз қайнатып, ыстық күйінде банкаға құяды. Содан соң дереу банканың аузын тығындайды. Одан кейін көрпеге орап, осы күйі суытады.

Бал қосылған өрік компотын даярлау. 3 келі өрік 1,5 л су, 1 келі бал керек. Піскен өріктерді жуып, сабағынан тазартып, тегенеге салады. Су қосылған балды қайнатып, өрікке құяды. Осы күйінде 24 сағат қояды. Одан кейін сиропты құйып алып, тағы да бір рет қайнатып, өріктерді банкаға салып, суытылған су құяды. Банканы тығыз жауып, түбі тор көзді кастрюльге қойып 5 не 25 минут зарарсыздандырады. Осылайша банканы тығыздап жауып тастаймыз. Бұл қыстыгүні дәруменге толы таптырмас сусын.

Гүлфия Елтайқызы