ТЖД рұқсат етілмеген жағажайларда шомылу қаупі туралы ескертеді
Жағажай маусымына дайындық мәселесі талқыланды, деп хабарлайды Нұр-Сұлтан қаласы әкімдігінің ресми сайты. Елордада су нысандарын тізімдеу жұмыстары жүріп, нәтижесінде жүзуге арналған 23 орын анықталды. Оның ішінде Орталық жағажай, «Три пескаря» және «Столичный двор» демалыс аймақтарына рұқсат етілді. «Алматы-3, Байқоңыр-1, Есіл-3, Сарыарқа-3 аудандарындағы он учаскеде қосымша тегін жағажай ашу туралы ұсыныс жасалды. Бұл су аймақтарындағы қарбаласты айтарлықтай азайтады», — делінген Нұр-Сұлтан қалалық төтенше жағдайлар департаментінің хабарламасында. Сондай-ақ, тағы он учаскеде су деңгейінің төмендігі, кіретін жолдардың болмауы, қалың тоғайлы әрі қамысы болуы салдарынан жағажай ашу қолайсыз деп танылды. «Оқыс оқиғалардың алдын алу үшін рұқсат етілмеген жерлерге тыйым салу таңбалары мен қалқыма белгілер қойылады. Өзеннің төменгі бөлігі шомылу орындары ретінде тексеріліп, қауіпті учаскелер қоршалады және патрулдік полиция күн сайын күзетеді», – дейді ТЖД. Мамандардың айтуынша, жыл сайын рұқсат етілмеген шомылу орындарының саны көбею тенденциясы байқалады (2017 жылы – 10, 2018 жылы – 12, 2019 жылы – 20). Оның негізгі себебі рұқсат етілген қалалық жағажайлардың саны мен қашықтығына және қаланың су аймағы бойында жаңа аудандар мен көпқабатты үйлердің салынуына, халық санының артуына байланысты. Осыған байланысты Нұр-сұлтан қалалық мәслихатының тыйым салынған шомылу орындарын және оларға қойылатын талаптарды анықтау туралы шешіміне толықтырулар енгізілді. Бұдан басқа, алдағы жағажай маусымына 90 «Шомылуға тыйым салынады» белгісі және қала су айдындарында адамдардың қаза болуы статистикасы бар 25 ақпараттық стенд орнатылады. Сондай-ақ Департаменттің «ӨС және АҚЖҚ» ММ, «ЖҚЖ» бөлімшелері 20 қалқыма белгі орнатып, суға шомылу орындарында өзен түбін зерттеу және қауіпті учаскелерге қоршау жүргізеді. Бұл жұмысты департамент қызметкерлері бекітілген жоспарға сәйкес тұрақты түрде жүргізеді.