Алаш үшін айтулы шығарма
Биыл ұлы ағартушы-ұстаз Ыбырай Алтынсариннің 175 жылдық мерейтойы. Атаулы мерейтойға орай, Тобыл жерінде тұлғаның есімі барынша ұлықталып жатыр. Ағартушы жаңа қырынан зерттеліп, ұстаз жайында бұрын белгісіз болып келген тың дүниелер жарыққа шығуда. Соңғы жылдары жерлес ақынымыз, ғалым, филология ғылымдарының кандидаты, Халықаралық Жамбыл атындағы сыйлықтың лауреаты, Әлем халықтары Жазушылар одағының мүшесі Серікбай Оспанұлы осы іске зор үлес қосып отыр. «Сөнбес шырақ» деп аталатын кітап Ыбырай Алтынсарин шығармаларына жаңаша көзқарас ретінде оқырман қауымға жол тартпақ.
Автордың бұл еңбегінде Ұлы ұстаз Ыбырай Алтынсариннің тұлғасы, дүниетанымы, шығармашылық қырлары, ақындық ортасы, ақын шәкірттері, зерттеушілері, жанашырлары, үш жұрты – өз жұрты, қайынжұрты, нағашы жұрты, жұмбақ қазасы жайында әңгіме болады.
Естеріңізде болса, бұған дейін «ELANA» сайтында Серікбай Оспанұлының «Ыбырай хаттарын қайта оқығанда», «Ыбырай дүниетанымы» деген атаумен бұрын еш жерде жарияланбаған мақалалары жарық көрген болатын. Аталған дүниелердің де «Сөнбес шырақ» еңбегіне еніп отырғанын айта кетейік.
Кіріспеден басталатын кітап «Тәрбие – діннің тінінде», «Шығарма көркемдігі – тілінде», «Ыбырай зерттеушілері», «Алтынсарин айналасындағы адамдар» бөлімдерінен тұрады. Және автор түйін сөз орнына «Ыбырай тағылымы» деген атау берген екен. Ыбырай мен Абай, Ыбырай мен Ахмет, Ыбырай мен Тұрмағамбет жайлы сөз қозғалады. Сондай-ақ, Ыбырай сатирасының ерекшелігі де оқырман үшін қызық болатыны белгілі.
Жинақ жоғары оқу орындарының оқытушылары мен студенттеріне, орта мектептің жоғары сынып оқушыларына, ұлы ағартушының өмірі мен қызметі жайында тереңірек білгісі келетін жалпы оқырмандарға арналған.
Айтпақшы, жақында Қостанайға іссапармен Үкімет басшысы Кәрім Мәсімов келген болатын. Премьер-Министр Тобыл төсіндегі шаһардың тыныс-тіршілігімен таныса жүріп, ұлы ағартушы Ы.Алтынсариннің мұражайында болды. Серікбай Оспанұлы сол жерде әлі сиясы кеппеген «Сөнбес шырақ» кітабын Кәрім Мәсімовке сыйға тартты.
«ELANA» сайты оқырман қауымға ұлы Ыбырай бабамыз жайында тың дүниелер ұсынып отыратыны жайында уәде еткен еді. Ендеше бабамыз туралы жазылған «Сөнбес шырақ» кітабының электрондық нұсқасын қабыл алыңыздар!
«СӨНБЕС ШЫРАҚ» кітабы (осы сілтемеге өтіп, кітаппен таныса аласыз, жүктеуге де болады)
Қыдырбек ҚИЫСХАНҰЛЫ