ТЕРМИНОЛОГИЯНЫ ДАМЫТУҒА АРНАЙЫ ТЕТІК КЕРЕК

 

С.Ерғали, педагогика ғылымдарының магистрі

Тіліміздің дамуындағы өзекті мәселені термин жайы алып отыр. Терминді қазақшалау лексикалық қорды байыту ғана емес, ең әуелі тілдің ғылыми саласын дамыту көрінісі болып табылады. Сол себепті, тілдің қаншалықты лексикалық қоры бай болса да, оның терминдік жұтаңдыққа тап болуы заңды да. Терминологияны дамытуға сөздерді «құлағынан тізіп терминге айналдырудың» қатысы жоқ, ол ең әуелі сәйкес ғылыми саланың дамуына тәуелді жайт.

Басқаша айтқанда, терминология — белгілі бір ғылыми ойлау жүйесінің даму нәтижесі. Егер де ғылыми салалар қазақ тілді ғалымдармен қамтылмаса, ал олардың жұмысы өз тіліндегі ғылымды дамытуды қамтымаса, сол саладағы терминология да тоқырайды. Сондықтан терминология саласын біржақты Мемтерминкоммен шешу мәселені жартылай және жасанды жолмен ғана қарастыру болмақ.

Сайып келгенде, қазақтілді терминология қазақтілді сәйкес ғылыми салалардың дамуына бірден бір тәуелді нысан, сол салаға сәйкес қазақтілді ғылыми орта нығаймай, оның тілін ортасыз дамыту жасандылыққа душар етіп, одан ештеңе шықпайтынына назар аударатын уақыт келді. Біздің кәзіргі терминологияның жайы да осымен шамалас ахуалды бастан кешіп отырғаны жасырын емес. Терминология саласындағы мәселелер шешілуден гөрі кейбір күрмеулі сипатқа ие болып отырғаны да сондықтан. Бұл – бір мәселеден өзге мәселенің туындап отырғанының айғағы. Енді туынды мәселелерді санамалап көрейік.

Бірінші. Қоғамдық ортаның талқылауында термин мен жаңа ұғымдар, сөз тіркестері мен лексикалық бірліктердің әуесқойлық форматта қаралуында. Терминнің өзі — ең әуелі ғылыми тілдік нысан. Ендеше, оны қарастыратын да, қолданатын да, тіпті дамытатын да ғылыми субъект болуы керек еді. Бұл мәселені шешуден біздің ғылым субъектлері аласталған секілді енжар немесе олардың дауысы ескерілмейді және оларға қазақтілді терминологияны дамыту міндеті толық жүктелмеген болмаса ғылыми лингвистикалық бастаманы алға бастыратын тетік жоқтықтан осындай халды кешіп отырмыз. Ғылыми кеңестердің терминмен айналысу мүмкіндігі мен әлеуеті қарастырылмаған. Содан келіп, бұл күрделі мәселе ғалымдар мен сарапшылардың емес, қарапайым тіл жанашырларының, ұлтшылдық нысанына айналған.

Өз кезегінде әлгі термин тудырушы «жанашыр топ» қазақтілді термин мен неологизмді қоздатып, терминологияны ұшқары көріністерге ұрындыруда. Сала мамандарының міндетіне қол сұққан әуесқой лингвистер мен тіл жанашырлары аталмыш салалық терминологияға пайдасынан гөрі, қолданымы жарамсыз жасанды «неологизмдерді» балалатып, залалын келтіруде. Ал, бұл жайт аталмыш сала бойынша білім негіздерін қазақ тілінде оқып сіңіруді ауырлатып, білім тұтынушы жастарды қазақтілді білім көздерінен шошытуда, қашыруда. Олар амалсыз түрде орыстілді білім

көздеріне жүгініп, нәтижесінде қазақ тіліндегі тұрмыстық деңгейді меңгерген орыстілді маманға айналуда.

Терминологиясы әрі-сәрі ЖОМдардағы (жоғарғы оқу мекемесі) білім беретін қазақтілді бөлімдер мемлекеттік тілдегі оқулықтармен, керек-жарақпен қамтылмастан, қазақтілді студенттердің, аспиранттардың орыс тілінде оқуы дағды мен нормаға айналып, ақырында қазақтілді ғылым тілі тоқырауды бастан кешуде.

Екінші. Қазақ тілді терминологияны дамыту мәселелері тілдік сұраныстан гөрі, тілдік кембағалдықтан (неполноценность) туындап жатқандай сыңайы бар. Мәселен, терминнің қазақшалануы ғылыми ортаның сұранысынан емес, ең әуелі отаншылдық тұрғыдан тіл жанашырларының араласуынан жаппай қазақша терминдету қозғалысын туындатып жіберді. Бұл сырттай қарағанда, қазақ тілінің лексикалық қорын байытушы, тілді тазартушы сипаттағы үдеріс болып көрінгенмен, терминология мәселесін қарастыру ғылыми үдерістен тыс, маманданған негізде емес, қоғамдық сипатты болғандықтан, керісінше, тілдің лексикалық қорын әлдебір лингвистикалық вируспен былғайтын, тілдік жүйені ыдырататын және тіл тұтынушыларын жирендіретін ахуалға әкеліп соғуда.

Уәжіміз жалаң болмасын, мысал келтірейік. Тілге соңғы жылдары зорлап-зомбылап кіріктірген программа, лидер, рыйнок («рынок» деп орысша жазып жүргенімізді мойындайық) сөздерінің баламасы болып жүрген бағдарлама, көшбасшы, нарық неологемдері арқылы қазақ тілі байыды ма, лингвистикалық жүйесі нығайды ма, сөзжасам қабылеті артты ма?! «Иә» деуге асықпайық! «Ориентир» ұғымын беріп келген «бағдар» сөзі арқылы қазақ тілі «ориентировка» ұғымын беретін «бағдарламадан» қағылып қана қойған жоқ, осындай қатардағы сөздердің қазақша баламасын тудыру үдерісі тұйыққа тірелді.

Бұған дейін «аялда» етістігінен «аялдама» зат есімін тудыру қалыптасқан үдеріс болса, енді кемінде 6-7 салалық мағынасы бар «программа» сөзін бір ғана дәйексіз сөзбен баламалау тәжірибесі пайда болды. «Бағдарлама» сөзі белгілі бір бағытты жалпылама дөрекі түрде бетке алу мүмкіндігі болса, «программа» ұғымы нақты тәсілдер мен мүмкіндіктер қарастырылып, қойылған мақсатқа, межеге нақты жету жолы болып табылады. Нәтижесінде қазақ лексикасын «тонайтын» шала терминге тап болып отырмыз.

Бұған қоса, тіліміздегі белгілі бір нысан (әскер, ел, жол) бойынша басшылықты білдіретін қолбасшы, елбасшы, жолбасшы сөздерінің жасамдары енді белгілі бір топтың, лектің ұшы, басы дегенді білдіретін «лидер» сөзіне «көшбасшы» деген жадағай да жасанды сөзді балау арқылы тәрк етілді; «лидердің» ешқандай басшылыққа қатысы жоқтығы ескерілмеді, сөйтіп, тілдің морфологиялық әлеуетіне нұқсан келтірілді. Термин дефинициядан ажырады. «Лидер» қазақшаланғанмен, қазақ тілінің сөзжасам қасиетінің кейбір мүмкіндіктеріне нұқсан келді. Осылайша, аталған жаңа сөздер арқылы «қазақ тілі нығайды ма?» деген сауалға берілетін жауап жоқ, тұйыққа тіреліп отыр.

Белгілі ғылымтанушы, экономика ғылымдарының докторы, профессор, Орақ Жолмырзаұлы Әлиев кәзіргі сіңісті болған «өркениет» пен «мәдениет» терминдерінің орны ауысқанын дәлелдеп тастағалы бірнеше жылдың жүзі болды. Оның дәйегінше: культура – мәдениет емес, өркениет, өйткені, ол терминнің басында ауыл шаруашылық сипаты жатыр, егіннің белгілі бір дақылды өркендету мазмұны жатыр, ал «цивилизация» ұғымында қалалық тірліктің мазмұны сіңген гректің «қала» сөзін білдіретін латынның civilis деген адам дамуының өлшемін байқататын қала ұғымымен шендеседі.Ал біз ол сөзді «мәдениет» ретінде керісінше «культураға» қолданып жүрміз. Бұл сөз араптың Мәдине қаласының атауы, ендеше бұл Орекең айтқандай шынында да «цивилизацияға» сұранып тұрған термин емес пе?!

Енді бір мысалға назар аударайық. Бірнеше ғасырлық тарихы бар «рыночная цена» ұғымын беріп келген нарық сөзі зорлықпен «рынок» ұғымының баламасы болып таңылды. «Сауда орны» ұғымымен бірге «тауар айналымының алаңы» деген ұғымды бере алатын «рынокқа» одан да «базар» сөзі лайық емес пе еді?! Сөйтіп, «нарық-рынок» баламасы арқылы тілдің талай ғасырлық қалыптасқан лексикалық мазмұнын тәркілеу жүзеге аса бастады.

Ондап саналатын бұл нәтижелер тілімізге ене бастаған әлемдік неологемдерден өш алып жүрген Дон Кихотты елестетеді. Мұндай көріністердің астарында шын мәнінде, біздің тіліміздің ішкі қуатын күшейтумен айналысудан гөрі, терминологиялық әуесқойлық дағды орын алған, халықаралық ұғымдар мен терминдерді түсінбеуден туатын құрметтемеу және қабылдай алмау кембағалдығы мен қазақ лексикасын дамыту жолындағы шыдамсыздық жатыр.

Үшінші. Терминологиямен айналысатын тиянақты ғылыми- мемлекеттік құрылым жоқ. Кәзіргі ғылыми сипаттан алшақ үдерісті қолданып, қазақша термин тізімдерін бекітумен айналысатын Мемлекеттік терминологиялық комиссияны ғылыми алқаға да, мемлекеттік құрылымға да, тіпті, термин мәселесіне тиянақты араласатын қоғамдық ортаға да жатқыза алмаймыз. Бір қызығы сол – мемтерминком бекіткен терминдердің міндетті қолданымдық құзыры жоқ. Оның үстінде бұл комиссияның атауында «мемлекеттік» анықтауыш болғанмен, терминді мемлекеттік тұрғыдан қарастыратын мемлекеттік құрылым емес. Себебі, жылына анда-санда жиналып, қолға түскен термин жобасын талқылайтын бұл құрылым форматы жағынан қоғамдық алқаға жатады.

Мемтерминкомның термин мәселесін жүйелі шешетіндей қауқары да, мүмкіндігі де жоқ. Ғылыми салалық кеңестермен де, қоғамдық ортамен де тығыз да жүйелі қатынас орнатылмаған. Ұсынылған баламаларды алдын ала талдайтын, сараптайтын зертхана жоқ. Термин жобаларын жариялы түрде талдауға арналған заман талабына лайық бұқаралық ақпарат-жаршы құралы тағы жоқ. Нәтижесінде қарастырылған терминдер субъективтік сипаттан әріге аса алмауда, бекітілген терминдер лингвистикалық ортаның сенімінен шыға алмай, көбіне күмән мен дау тудыруда.Бекітілген терминдеріміз де дәйексіз ономастикалық ахуалдың кебін киюде. Тіпті, бір билік өкілінің

терминге қатысты пікірі әлгі лингвонысанның тағдырын шешіп жүргені адам жылатар жағдай.

Жалпы, Мемтерминком — Кеңестік өкімет талабы мен тоталитарлық қоғам тудырған және ақпараттану қарқыны бәсең кезеңге тән өткен шақтың құрылымы. Оны заман мен тілдің даму талабына сәйкестендіруді ойластыратын уақыт келді. Қысқасы, Мемтерминкомның кәзіргі ахуалы қазақ тілінің терминологиясына үлес қосатындай тіл талабы мен заман қарқынына ілесетіндей құрылым бола алмай отырғанын мойындау — әлдекімдерді жазғырудан туындаған жайт емес, мемлекеттік тілдегі тоқыраған ғылым тілін ғылыми ортаның жанды қатынас құралына айналса деген аңсардан туындаған ортақ уәж.

Сонымен, қазақ терминологиясын дамыту үшін не істеу керек? Біздің пайымымызша, ол үшін төмендегідей ұстанымдар ескерілгені жөн:

— термин – ғылыми нысан, бірақ жалпыға ортақ тұтыным сипаты бар лексикалық бірлік;

— термин дамыту мәселесі — мемлекеттің араласу міндеті болып табылатын мемлекеттік тілді дамыту саласы, бірақ термин қалыптастыру – тілді қолдану үдерісіндегі қоғамның ортақ міндеті.

Аталмыш ұстанымдарды ескерсек, терминологияны дамыту құрылымы төмендегіше түрде өзінен өзі туындайды.

Біріншіден, қазақ терминологиясын дамыту тұжырымдамасы мен сәйкес нормативтік акт қажет.

Екіншіден, белгілі бір ғылыми кеңес, технологиялық ұжым немесе мемлекеттік мекеме мүдделі бола тұрып, нақты терминді қазақшалауға немесе неологемдік сұраныс жасайтындай алгоритм орнығуы керек.

Үшіншіден, белгілі бір терминді қазақшалауға немесе неологемдік ұсыныс жасауға сәйкес түрде салалық ғылыми кеңес, кафедра, технологиялық ұжым немесе мемлекеттік мекеменің,тіпті, жекедара сарапшының қақы болуы тиіс.

Төртіншіден, мемлекеттік тараптан терминологияны дамытуға бағытталған, жаңа терминдер мен неологемдерді зерделейтін ғылыми терминологиялық зертхана болғаны жөн.

Бесіншіден, сұранысқа сәйкес түскен ұсыныстардың талқысы жариялық сипатта жүруі керек, ол үшін арнайы электрондық сөзжария (сайт, портал) лайықты құрал болар еді.

Алтыншыдан, Терминологиялық зертхана мен ғылыми кеңестердің талқысынан өтіп, сұрыпталған ақырғы терминдік бірліктер сәйкес министрлік (Білім және ғылым) құзырымен сынақтық мерзімге қолданысқа ұсынылғаны жөн.

Жетіншіден, сынақтық мерзімнен өткен терминдер үкіметтік терминологиялық комиссия қаулысымен бекуі тиіс.

Осылайша құрылған терминологиялық ғылыми-мемлекеттік-көпшілік құрылым жалпы тіл тұтынушылары мойындайтын және баянды да дәйекті термин саласын дамытып қана қоймай, бұл саладағы ұшқарылық пен тоқырауды жояды деген сенім бар.