Қазақ баласын қалай оқытып жүр?
Қазақтың саяси элитасы өліп бара жатса да, ұл-қыздарын Қазақстанда оқытпайды. Орта мектептен бастап, шенділердің көбі қатыны мен бала-шағасын Батыс Еуропаның ең жоғары өркениетті елдерінің ірі қалаларына көшіріп апарып тастайды. Лондон, Париж, Берлин, Мюнхен, Уашингтон, Нью-Йорк қайда жоқ дейсің, бәрінде біздің жоғары лауазымды тұлғалардың ұл-қыздары орта мектеп-лицейлерінен бастап, озық университеттерінде сатылап білім алып жатыр.
Бірақ, олардан Қазақ елінің жарқын болашағы күту бекер. Себебі, әрбірі қазақша бірауыз сөз білмейді. Әке-шеше, ата-әжелерімен тек орысша тілдеседі, өзара ағылшынша ғана сөйлеседі. Қазақ тілі, қазақы дәстүр дегенді орта ғасырлық феодалдық сарқыншақ деп есептеп, одан ат-тондарын ала қашады.
Ал, сол балалардың әке-шешелері елдегі жоғары лауазымдық қызметтерін атқара жүріп, елдегі білім реформасының көрігін қыздырып бағады. Өз бала-шағасы мұнда оқымайтындықтан, оларға бәрі бір. “Пұл болмаса, күл болсын” білсе де, білмесе де, реформаның қолға түскенін елдегі мектеп, ЖОО атаулының бәріне тықпалай береді.
Біреулері айтуы мүмкін, “менің отбасым Астанада балаларым осында білім алып жатыр” деп. Әрине, бірең-сараң ондайлар бар. Бірақ, олардың балалары Назарбаев зияткерлік мектебінде немесе Назарбаев университетінде оқиды деп ойласаңыздар қатты қателесіздер. Олар бұл оқу орындарын мүлде місе тұтпайды. Гумилев университетін тіпті санатқа да қоспаса, еш таңғалудың қажеті жоқ.
Олардың балалары мектептің өзінде Астанадағы ең атақты оқу орны — British School Haileybury Astana-ны ғана таңдайды. британдық аталмыш мектептің оқу ақысын айтып, сіздерді шошытпай-ақ қоялық. Оның оқу ақысын төлеуге біздің «бизнесмен-чиновниктердің» ғана қалталары ғана көтереді.
Бұл мектептің түлектері әлемнің ең таңдаулы университеттеріне түседі. Гарвард, Оксфорд, Кембридж секілді ірілерді ғана таңдайды деген сөз.
Ал, Назарбаев университетіне бай-чиновниктердің балалары түсе қоймайтын болса, елдегі өзге ұлттық, мемлекеттік деңгейдегі атақты оқу орындарына кімдер қалай түсіп, білім алады? Бәрі болмаса да, бірқатар қазақтың бала оқыту үрдістерінің жайы көп жылғы тәжірибеден аңғарылғаны төмендегідей:
— Бастауыш мектепте баласының тапсырмаларын өзі жазып-сызып орындап береді, оны үздіктер қатарына қосу үшін мұғалімге жағымпазданады, сыйлық жасайды, қонақ етеді;
— Орта мектепте түрлі науқандық іс-шараларға өзі дайындап, класс жетекшісімен бірге қосарлана шабады, пән мұғалімдерінің барлығын аралап, жағалап жүріп, баласына «бестік» баға сұрап, тоқсан сайын үздік оқитындар қатарында болуын қадағалайды;
— Олимпиада, ғылыми жоба атаулының бәріне қатыстырып, өзіне таныс ғалымдардан ұсыныс-пікірлер жаздырып алады, әділ қазылардың арасынан таныс-білістерін іздейді, таныс таппаса пара беріп, баласының топ жаруына ықпал жасауға тырысады;
— Түрлі сертификат, диплом жинастырады, баласының қабілеті жетпесе сатып ала береді, мектеп директорынан қолдау іздейді, ретін тауып баласына дем бергізеді;
— Нәтижесін есепке алмай-ақ баласын күн-түн демей шет тілінің немесе өзге де төлемақылы курс, семинарларға салпақтатып қояды;
— Мектеп бітірерде жанын салып жүріп баласына алтын медаль алып беру үшін күллі өнерін салады. Ондағы ойы қалай да мемлекеттік білім грантын алу ғана;
— Баласының қарым-қабілетіне қарамайды, оның қай салаға бейім екендігімен де санаспайды, мамандық таңдамайды, қай салада білім гранты көп, соған құжат тапсыртады;
— ҰБТ тапсыратын кезде білім мәселесі жайына қалады. Әр пән мұғалімдерінің смартфондарына бірліктерін салып беріп, «майданның арғы шебіне окопқа» тығып қояды, Оқу корпусының аузында тұрған күзетшілерге, өзге де тексеретіндерге «бес-он» теңгесін ұстатса да амалын тауып баласын бірнеше смартфонмен ішке енгізеді. Баласы да ҰБТ-ға дайындықты шпаргалка әзірлеумен қамдайды. Жейделерінің жеңін түріп қалсаң, химия, физиканың формулалары, шет тілінің мәтіндері қаптап тұрса оған таңданудың қажеті жоқ, Емтихан тапсыру біліктілік сайысы емес, тест жауаптарын ұрлау ғана болып шығады;
— Өстіп ілдебайлап жүріп, білім грантына қол жеткізген соң да ата-ананың қарбалас тірлігі бір сәт толастамайды. Факультет деканы, кафедра меңгеруші, пән профессорларын жағалап, баласына тек қана «бестік» баға сұрайды. ЖОО-да оларға делдал болатын пысықайлар да табыла кетеді. Соларды араға салып жүріп, 4 жыл бойы терлеп-тепшіп, баласын «қызыл дипломмен» (негізі үздік диплом ғой, бірақ, бізде міндетті түрде онысы қызыл болады) бітіртеді;
— Баласы «Қызыл дипломмен» ЖОО бітіргенімен ата-анасының тырбаңдауы түгесілмейді. Енді, ол жұрт қатарлы магистратураға түсуі керек. Тағы да жанталас. Ағылшын тілінің тесті жауабын сататын делдал іздейді немесе сертификат сатып алудың жолын қарастырады. Екеуі де болмаса, тағы да смартфонның көмегіне жүгінеді. Реті келсе, баласына түрі ұқсайтын бір «ағылшын» табылса, тіпті, жақсы. Емтиханға сол кіріп тапсырып шығады. Бірақ, оның ұсталу қаупі басым болғандықтан көбінесе, шпаргалкаға ғана сенім артады;
— Магистратураға түскен соң да халтура жалғаса береді. Баласын магистранттық шәкіртақыға қаратып қоймайды. Әлде бір жалақысы тәуір қызметке орналастыру үшін тағы да тамыр-таныс немесе алақаны жайылатын арсыз бастық іздейді. Іздеген соң табады. Жұмысқа орналстырған соң 2 жыл зу етіп өтіп баласының магистратура бітіретін уақыты жақындағанда тағы да үргін-сүргін басталады. Оның магистрлік диссертациясын даяр етіп беретін жазғыш керек. Оны да табады, диссертация дайын болады. Енді қорғаудан сәтті өткізу (тағы бестік баға) үшін мемлекеттік аттестация комиссия төрағасын, ғылыми жетекшісін жағалайды. Сөйтіп жүріп тағы бір «қызыл» диплом алып береді;
— Келесі жылы әлгі баласын докторантураға түсіру үшін жанталас басталады. Тағы да ағылшын тілі, мамандық пәні деп жүріп… оны да еңсереді, 3 жылдан кейін қорғау, диссертациялық кеңесті сатып алу… Әбден ысылып тәжірибе жинақтағандықтан мұның бәрі өте жеңіл. Еңсеріп тастайды;
— Ары қарай баласының өзі елуді еңсеріп, ата-анасы сексенге жетіп селкілдеп қалады. «Ұяда не көрсе, ұшқанда соны ілетін» қағида бойынша баласы бұл кезде айтулы ғалым болып қатырмаса да, әйдік залым болып қалыптасып алады…
Қуандық Шамахайұлының фейсбук парақшасынан