Бүгін ауданымызға ҚР экология, геология және табиғи ресурстар министрі М. Мырзағалиев пен облыс әкімі Б.М.Сапарбаев жұмыс сапарымен келді.
Ең алдымен Байзақ және Талас ауданы шекарасындағы Ақмола су қоймасының жобасымен танысты. Құрылыстың негізгі мақсаты — Талас өзенінің қысқы ағысы лимитін 6500 гектар суармалы жерге жинақтау есебінен вегетациялық кезеңде ең жоғары тапшылықты жою және де Темірбек гидропостынан төмен кепілді ағынды сумен қамтамасыз ету болып табылады.
Келесі Байзақ және Сәмбет каналына барып, жөндеу жұмыстарының барысын бақылады. Естеріңізге сала кетейін, 2019 жылы «Казсушар» РМК аудан бойынша 9,4 млрд. теңгеге 72 каналға күрделі және ағымды жөндеу жұмыстарын бастаған. Кездесу барысында, аталған екі каналдың өткізу қабілетін жоғарылату мақсатында, бетондау мәселесі көтерілді. Оны Мағзұм Маратұлы қолдап, орынбасарына нақты тапсырма жүктеді.
Ауданымыздағы жұмыс сапарын қорытындылай Төрегелді магистральді каналына тоқтады. 20 жылдан астам уақыт ешқандай жұмыс жүргізілмеген каналға, биылғы жылы «Жұмыспен қамту — 2020» жол картасы бағдарламасы аясында 10,1 млн. теңгеге, механикалық тазалаудан өтеді. 1850 гектар егістік алқапты және де Ботамойнақ, Байзақ елді мекендердің қосалқы шаруашылық жерлерін ағынды сумен қамтамасыз етеді.