Экология министрi Түркістан облысының су шаруашылығы нысандарының жағдайын тексеріп шықты

      Қазақстанның Экология, геология жəне табиғи ресурстар министрі Мағзұм Мырзағалиев өзінің еліміздің оңтүстік өңірлеріне жұмыс сапары барысында Түркістан облысындағы су нысандары мен арналарды аралап шықты.

 

 

  «Бүгін Түркістан облысындағы су нысандарының ахуалымен, арналарды тазалау жұмыстарымен таныстым. Суармалы жерлерді үздіксіз сумен қамтамасыз ету үшін өңірде ұзақтығы 108 шақырым арнаны механикалық тазалау жүргізіледі. Тазалау жұмыстары 74%-ке орындалды», — деп жазды М.Мырзағалиев өзінің Twitter-дегі парақшасында.

 

 

         Министрдің айтуынша, өңірдегі су басудың салдарынан арналарды тазалау кейінге қалдырылды. Барлық бұрын жұмылдырылған техника төтенше жағдай салдарын жоюға жіберілді. «Осыған қарамастан белгіленген жұмыстарды мерзімінде аяқтауға тырысамыз», — деді ведомство басшысы.

 

 

      Министр сондай-ақ қазіргі уақытта плотинаны жөндеу жəне жер сілкінісіне төзімділігін арттыру үшін құрылыс-монтаж жұмысы жүргізіліп жатқан Шардара су қоймасына барды. М.Мырзағалиевтің айтуынша, жобада 125 адам жұмыс істеуде. Оны келесі жылы аяқтау жоспарланып отыр.