ТҮРКІСТАН: 500 ТОННА ОРАМЖАПЫРАҚ БЕЛОРУССИЯҒА ЖӨНЕЛТІЛЕДІ

Түркістан облысының шаруаларына өнімдерін экспортқа шығаруға кедергі жоқ. Күні кеше Хусейн Бабуров атты кәсіпкер жер емген дихандардан 500 тонна орамжапырақ сатып алуға келіскен. Ол алғашқы 200 т. орамжапырақты жүк көліктеріне тиеп, Белоруссияға аттандырды.

Әр жүк көлігіне 20 тонна өнім сиятынын ескерсек, күніне 40-60 тонна экспортқа жіберілуде.
Рефрижераторы бар жүк көліктеріне тиелген капуста араға 5 күн салып белорусь еліне жетеді. Ол жақтағы қоймаға түскен қазақстандық экспортты саудагерлер өзге қалаларға жөнелтеді.
Ал Амантай Сарыбаев атты шаруаның айтуынша көкөніс тиейтін трактор, жұмысшыларға төленетін жалақыны есептегенде әр гектарға кететін шығын 1 млн. теңгені құрайды. Шет елге шығатын жүк көліктерінің шығыны 1 600 $. Былтырғыға қарағанда түсетін кіріс азырақ. Дегенмен, «Барға қанағат», дейді шаруа.
Жүк көліктерінің жүргізушілері шекарадан еш кедергісіз өтеді. Бар болғаны тепловизормен дене қызуын тексереді екен. Жүк көлігінің жүргізушілері әр рейстен 15%-ға жұмыс істейді. «Біздің жұмысқа пандемияның әсері жоқ» дейді жүк көлігінің жүргізушісі.

 

Капустаны тазалап, жүк көлігіне қалайтын жұмысшылардың күндік жалақысы 3000-7000 тг. аралығында. Жұмыс қиын емес, үйренген жұмыс қой дейді жігіттер.
Жалпы, Түркістан облысында биыл 300 мың тонна қырыққабат өндіру жоспарланып, онын 250 мың тоннасы экспортқа, 50 мың тоннасы ішкі нарыққа сату көзделген.

Түркістан облысының Өңірлік коммуникациялар қызметі