РУХАНИ ЖАҢҒЫРУ ДЕГЕНІМІЗ НЕ?
«Рухани жаңғыру» Қазақстандық қоғамдық даму институтының төрағасы – Кемелбек Ойшыбаев:
Біріншіден – адам өмірде бәсекеге қабілетті болуы керек. Ол үшін оған алдымен не қажет? Дұрыс, бүгінгі заманда адам баласы сауатты болуы шарт. Сауаттылық тіл арқылы келеді. Бұл тұрғыда «үш тілді меңгеру» бағытын ұстанып, өзінің бойындағы тілге деген қызығушылықты оята білген кез-келген азамат әлемдік аренада өзіндік орнын алып үлгерген кітаптарды, ғылыми еңбектерді түпнұсқа тілінде меңгере алады. Еуропаның, Американың, Шығыс елдерінің әйгілі ғалымдарымен иық тіресе отырып, пікір алмасу немесе олармен бір ұжымда жұмыс істеу үшін «үш тілді меңгеру бағыты» бізге ауадай қажет.
Екіншіден – прагматизм және рационалдылық. Бұл сөздерді оқыған оқырманның ойына келетін алғашқы сауалды мен біліп отырмын. «Сонда прагматизм мен рационалдылық дегеніміз не?» Мысал келтіріп, түсіндіріп өтейін. Технологиялар дамып, табиғи ресурстар тарылған заманда өмір сүргендіктен, әр азамат өзінің табиғат алдындағы жауапкершілігін сезінуі тиіс. Біз күнделікті пайдаланатын табиғи ресурстарға немқұрайлы қарамай, бойымыздағы үнемшілдік қасиетті тәрбиелеу керекпіз. Яғни, табиғи ресурстарды үнемдеген адам көп жағдайда автокөліктен гөрі жаяу немесе велосипедпен жүруді жиі таңдайтын болады. Физикалық тұрғыдан белсенді болған адам, өзінің адами ресурстарын тиімді пайдаланып, күнделікті өмірдегі үйреншікті дүниелерге басқа қырынан да қарай бастайды. Соның ішінде денсаулығына, эмоционалды мінезіне, ұзақ сапалы өмір сүруіне.
Мысал келтіремін дедім ғой, соған оралайын. Англияда білім алып жүрген жылдары байқағаным, жұмыс күндері қалаларда мейрамханалар көп жағдайда жартылай бос болып тұрады. Ал зейнетке шыққан қариялар өз үйлерінде бос уақыттарын өткізеді. Жергілікті билік осы екі істің басын қосып, керемет шараны ұйымдастырды. Олар мейрамханалармен келісіп, қарияларды көндіріп, ағылшын тілін үйренемін деген кез-келген шет ел азаматына «Ақысыз ағылшын тілі» курстарын ұсынатын болды. Сонда, бұл шарадан кім не ұтады және прагматизм қай жерде жатыр? Біріншіден, мейрамхана иесінің қалтасына шет ел азаматтарының сусындар үшін төлеген төлемі түседі. Екіншіден, бос уақыты өте көп зейнеткерлердің қоғамға әлі де пайда әкеле алатыны туралы жағымды ой қалыптасады. Үшіншіден, өз туған тілін шет ел азаматтарына насихаттайды. Бұл жерде үш тараптың ешқайсысы да ұтылмайды және билік өз бағдарламасын азаматтарға жалықтырмай насихаттап отырады. Прагматизм мәдениеті дегеніміз – қандай да бір жобаны жүзеге асырғанда, тиімділік пен үнемділікті ұмытпау.
Үшіншіден – санамызды өзгертеміз деп ұлттық бірегейлігімізді ұмытпау керекпіз. Ұлттық бірегейліктің түсінігінде біздің тарих, мәдениет, әдебиет пен тәрбие бар. Өз басымнан өткен жағдайды айта кетсем болады, барлығы да түсінікті болатын сияқты. Балалық шағым Батыс Қазақстан облысының ауылында өтті. Мектеп оқушысы болған кездерім Совет үкіметінің құлдырап, Тәуелсіз Қазақстанның саяси аренаға шыққан сәтіне тұспа-тұс келген болатын. Сонда біздің Батыс Қазақстан өңіріңде қандай тарихи ескерткіштер, табиғи байлықтар барын бізге ешкім түсіндірмеді де көрсетпеді де. Ер жетіп, арман қуып шет ел астым. Англияда тіл үйреніп жүрген, бірге оқып жатқан қыз-жігіттер – әлемнің түпкір-түпкірінен келген азаматтар. Олардың барлығы да өз елінің ескерткіштерін бізге жарыса түсіндіріп, мақтанып отыратын еді. Ал мен қазақтың ән-күйлерінен басқа ештеңені көрсете алмадым. Ауыз толтырып, тарихы мол қазақ елінің, туған жерімнің сакралды жерлерімен мақтана алмадым. Себебі, заман сондай болды. Ал қазір шүкір, бұл олқылықтардың орыны толып отыр.
Мемлекет өз азаматының туған елімен танысуына мүмкіндіктер тізбегін жасады. Сананың өзгеруі ұлттық кодымызды ұмыту емес! Қайта қазақтың рухы мен салтын, тарихы мен сакралды жерлерін әлемге паш ету. Шет ел асып жатқан жастарымыз өз кіші Отаны туралы толық мәліметтер мен деректерді білген жағдайда, әлем елдеріне насихаттай алады. Ал ол үшін бүгінгі оқушылармен мектеп қабырғасынан бастап туған өлкесіне экскурсиялар мен басқа да танымдық іс-шараларды жүйелі түрде жүргізіп отыруы қажет. Қазақстаннан шет ел асып шыққан әр азамат біздің елдің елшісі екенін ескеру қажет.
Төртіншіден – білім алуға құмар болу. Өміріңізде кітапты серік етсеңіз ұтылмайсыз. Әр оқылған кітап сайын өмірге және әлемге деген көзқарасыңыз өзгеріп, серпіліп қалады. Бұның өзі сананың өзгеруі емес пе?!
0Z9A1034.JPG
Бесіншіден – революциялық емес даму жолына жақын болу. Бұл сөздердің мағынасы неде? Санамыз бен болмысымызды әлемге ашу, жаһаннан бар қажеттіні бойға сіңіру. Бұл процестерді жасай бастаймыз деп қазақшылығымызды ұмытып кетеміз деген сөз емес. Біз Қазақ болып қала береміз және соны мақтан тұтамыз! Жақсы өзгерістерден адам қорықпау керек. Әлемдік деңгейдегі өзгерістерге ашық болуымыз керек. Қазақшылығымызды жоғалтып аламыз деген қорқыныш ойдан арылу керек.
Оған да тоқталып өтейін. Барлығымыз да қонақжай қазақпыз. Атадан балаға дарып келе жатқан қасиетті қасиетіміз – қонақжайлылық. Біз және біздің балаларымыз әлемнің қай мемлекетінде білім алып немесе қызмет етіп жүрсе де қазақтың қонақ күту кәдесін ұмытпаған. Бұл азаматтарға сол кәдені ешкім арнайылап үйретпеді де. Ол біздің қанымызда бар дүние – Ұлттық код! Сол себепті жаңашылдықпен бір толқында болсақ та, қанмен дарыған қасиетті ештеңе жоя алмайды!
Алтыншыдан – сананың ашықтығы. Мен, сен, көрші апай, әріптес, мектептегі мұғалім, ауланы жинаушы ағай, дүкенші, мемлекет қызметкері, студент, оқушы, зауыт қызметкері, құрылысшы және басқалары да білімге, жаңашылдыққа, салауатты өмір салтына, үнемділікке, тиімділікке ашық болу керек. Ұзақ түсіндірген шығармын (күлді)?!.
Қорытындылайын. «Рухани жаңғыру» дегеніміз – кез-келген адамның жан-жақты дамуы. Санамызды өзгерту, табиғи ресурстарымызды дұрыстап пайдалану, бабадан қалған жеріміздің құндылықтарын алдымен өзімізге тану, білу, тұлға ретінде өсуіміз бен дамуымызды тоқтатпау деген ұғыммен пара-пар.