ХҚКО электронды форматта қол жетімсіз қызметтерді ғана көрсетеді

Халыққа қызмет көрсету орталықтары штаттық жұмыс режиміне көшті, деп хабарлайды елорда әкімдігінің ресми сайты.

Коронавирус инфекцияның таралу қаупінің сақталуына байланысты, сондай-ақ азаматтардың шоғырлануын болдырмау мақсатында, Нұр-Сұлтан қаласының ХҚКО электронды форматта қол жетімсіз, қағаз түріндегі қызметтерді ғана көрсетеді. Коронавирус қаупі әлі сейілген жоқ. Сондықтан электронды үкімет порталында азаматтарға мемлекеттік қызметтің 80%-дан астамы қолжетімді. Жеке және заңды тұлғаларға электронды цифрлық қолтаңба беру қызметі де онлайн-форматта қолжетімді, деп хабарлады Байқоңыр ауданының Халыққа қызмет көрсету бөлімінің басшысы Аманжол Сыдықов. «Қазір азаматтар үйден шықпай-ақ, аудандық әкімдіктер жанындағы өз-өзіне қызмет көрсету секторларында, ЭКСПО-ның сандық қызмет көрсету орталықтарында, сауда орталықтарында және қаланың басқа да нысандарында мемлекеттік қызмет ала алады», – деп атап өтті ол. Қала тұрғыны Ғаббас Таласбеков ХҚКО-ға құжат ресімдеуге келді. «Бүгін ХҚКО-на ұзақ үзілістен кейін келдім. Барлығы жақсы жұмыс істейді, құжаттар дайындалуда. Залға көп адам жіберілмейді, бұл дұрыс: карантин шараларын қатаң сақтау керек!» – дейді ол. Тағы бір келуші ХҚКО-да санитарлық нормалар сақталатынына ризашылық білдірді. «Кіре берісте мені ХҚКО қызметкері қарсы алды. Кезекте тұрғандардың аз екені байқалады. Қолды антисептикпен өңдеу мүмкіндігі қарастырылған. Келушілер бір-бірінен қауіпсіз қашықтықта, барлығы маска киген. Мұндай сақтық шаралары коронавирустың таралуын болдырмауға көмектеседі», – деді Әсел Сейфуллина.