Діни мерекелерді тойлаудың үкімі
Егер шариғатта тыйым салынған істер араласпаса, діни мерекелерді ескеру, атап өту мұсылмандар үшін сауапты іс. Өйткені Алла Тағала Құранда: «وذكرهم بأيام الله» «Алланың күндерін ескерт,»[1] — дейді. Пайғамбардың (Оған Алланың игілігі мен сәлемі болсын)сүннетінде мұндай істер болғаны жайлы хадистер келген. Сахих Муслимде айтылғандай, пайғамбар (Оған Алланың игілігі мен сәлемі болсын) әр аптаның дүйсенбі күндері ораза тұтып: «Бұл күні мен туылдым,» — дейтін. Сахих Бухари мен сахих Муслимде Ибн Аббастан риуаят еткен хадисте: «Алла елшісі(Оған Алланың игілігі мен сәлемі болсын) Мәдинаға келген кезде яһудтардың Ашура күні ораза тұтқанын көрді. Олардан: «Бұл сіздердің ораза тұтқан күндеріңіз қандай күн?» — деп сұрады. Олар: «Бұл — ұлы күн. Бұл күні Алла Тағала Мұса мен оның халқын құтқарып, ферғауын мен оның қауымын суға батырды. Сонда Мұса шүкір үшін ораза тұтты, сондықтан біз ораза тұтамыз», — деді. Сонда Алла елшісі(Оған Алланың игілігі мен сәлемі болсын) : «Ендеше Мұсаның істерін істеуге сіздерден гөрі біз лайықтымыз», — деп ораза тұтты да, ораза ұстауға әмір етті,» — делінді.
Осыған байланысты жоғарыда айтылғандай түрде атап өтілуі -шариғат құптаған іс. Ол — Алла Тағаланың белгілерін ұлықтау. Құранда Алла Тағала:
«و من يعظم شعائر الله فإنها من تقوى القلوب»
«Кім Алланың белгілерін ұлықтаса, күмән жоқ ол жүректің тақуалығынан,» — дейді[2].
ҚМДБ Шариғат және пәтуа бөлімі.