БАҚЫТТЫ БОЛУҒА ЖЕТЕЛЕЙТІН КЕҢЕСТЕР…

Адам баласы әртүрлі болғанмен бәрімізге ортақ бір нәрсе бар: бәріміздің де бақытты бол­ғымыз келеді. Бірақ бақыт туралы түсінік әркімде әрқалай. Ал даналар бақытты болу адамның түсінік-пайымына байланысты дейді. Сөйтіп бақытты болуға жетелейтін мынадай кеңестер қалдырыпты:

1. Адамды бақытсыз ететін нәрсе – ерік-жігерінің әлсіздігі мен тәуекелсіздік. Адам өзіне сенімді болуы, тәуекелете білуі керек.

2. Қолға алған істі тоқтатпаңыз. Бүгін бітіруге болатын шаруаны ешқашан ертеңге қалдыруға болмайды.

3. Кез-келген істі сабырмен, өзіңе деген нық сеніммен істеуге тырысу керек. Жылдам қимылдауды асығыс-үсігіс, атүсті істеу деп түсінуге болмайды. Есіңізде болсын, өз ісіне шынайы берілген, шаруаға салқын­қандылықпен қарайтын, әр істі нық сеніммен бастап, шыдамдылықпен аяғына дейін жеткізе алатын адам ғана бақытты бола алады.

4. Бойыңыздан жаманшылыққа орын бермеңіз. Жан мен тән тазалығын сақтаңыз. Өзің ешкімді қорлама, өзіңді ешкімге қорлатпа. Мақтаншақтық пен көпірме көпсөзділік адамның жан-дүниесін улап, жақсы қасиеттерден жұрдай ететіні де есте болсын.

5. Өзгенің қатесін түзеп, ақыл айтпастан бұрын өзіңді аяусыз сынап, дұшпаның мін таға алмайтындай болуға ұмтыл.

6. Береке-байлықта өмір сүру үшін сіздің үйіңізде дені сау, бірақ еңбек етпейтін арамтамақтар болмауы тиіс.

7. Өткеніңіз бен бүгінгі өміріңіз қандай болса да мейлі, бақытты болашақты алдан күтіңіз. Өз өмірін дұрыс арнаға сала алмаған адам өзгеге не істеп, не қоюы керектігі туралы ақыл айта алмайды.

8. Адал өмір сүр, сонда басың – азат, тамағың сіңімді болады әрі бақытқа бір адым жақын жүресің.

9. Айналаңыздағы жұртқа сіңген еңбегіңіз тек «жақсы сөз – жарым ырыспен»  ғана шектелмеуі тиіс. Жақсы ісіңізбен де үлгі бола біліңіз.

10. Адамның ең қауіпті жауы – құмарлық. Өзін-өзі ұстай білген, өмірін бос әурешілікпен өткізбей, жан-дүниесін байытуды бәрінен жоғары қоя білген адам ғана бақытты. Өйткені ол өзінің құмар-тілектерін ауыздықтай алды.

 

Mazhab.kz