ИНФРАҚҰРЫЛЫМ ЖҮРГІЗІЛІП, ЖЕР ТЕЛІМІ БЕРІЛУДЕ

Мемлекет басшысы Қасым – Жомарт Тоқаев өткен жылдың екінші қыркүйегінде Қазақстан халқына арнаған «Сындарлы қоғамдық диалог – Қазақстанның тұрақтылығы мен өркендеуінің негізі» аттыЖолдауында: «… Мен сайлау алдындағы бағдарламамда бірыңғай тұрғын үй саясатын әзірлеу қажеттігін айтқан болатынмын. Негізгі қағидат – тұрғындар, әсіресе, әлеуметтік тұрғыдан әлсіз топтар үшін баспананың қолжетімділігін арттыру. Үкімет жүйесіз бағдарламалар қабылдау тәжірибесін тоқтатып, тұрғын үй саясатын жетілдірудің бірыңғай моделін әзірлеуі қажет», – деп нақты тапсырма берген болатын.

Бүгінде ауданда жер телімдерін, алу да, беру де өзекті мәселелердің біріне айналғаны жасырын емес. Өйткені, сонау 2005 жылдан бастап күні бүгінге дейін аудан бойынша жер теліміне кезекке тұрғандар саны 11 977 адамды құраған. Оның ішінде, төрт мыңы жас отбасылар, 780-і мемлекеттік орган қызметкерлері, 1743-і мемлекеттік мекемелер мен әлеуметтік сала қызметкерлері болса, басқалары 5454 адамға жеткен.

Жер телімін берудің құзыретті органдар бекіткен өзіндік тәртібі, заңдық нормалары бар. Жерді бөлу тәртібі тек Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2006 жылғы 1 тамыздағы №726 Қаулысымен бекітілген ережеге сәйкес жүргізіледі. Ереже бойынша азаматтарға берілетін жер телімдері тиісті және қажетті инженерлік инфрақұрылымдармен қамтамасыз етілген, беруге лайық алаңдар болған жағдайда ғана бөлінеді.

2005 – 2020 жылдар аралығында аудан аумағында 3 824 адамға жер телімдері берілсе, олардың 708-і жас отбасылар, 474-і мемлекеттік орган қызметкерлері, 628-і мемлекеттік мекемелер мен әлеуметтік сала қызметкерлері және 2 014-і басқа да тұрғындар болған. Мысалға алар болсақ, 2018 жылы кезекте тұрған азаматтардың сұраныстарын қанағаттандыру мақсатында, аудан әкімдігі сәулет, қалақұрылысы және құрылыс бөлімі тарапынан жалпы құны 371,4 мың теңгеге Жетібай елді мекенінде 10 гектар, Қостөбе елді мекенінде 20 гектар, Мырзатай елді мекенінде 15 гектар тұрғын алқаптарына инфрақұрылым (электр жүйелері, тас жолдары) нысандарының құрылыстары толық аяқталып, тиісті ауылдық округ әкімдіктерінің теңгерілімдеріне өткізілді. Нәтижесінде келесі жылы, яғни, 2019 жылы  жоғарыда көрсетілген елді мекендерден 225 кезекте тұрған азаматтар жер телімдерімен қамтылды.

Қалған 8 153 тұрғын қазіргі күнде жер телімін алуға кезекте тұр. Сонымен бірге, өткен жылы сметалық құны 314,490 мың теңгегеҮлгілі ауылындағы 28,9 гектар және Аймантөбе ауылындағы 10 гектар тұрғын алқаптарына инфрақұрылым (электр жүйелері, тас жолдары, газ желісі, таза ауыз су желісі) нысандарының құрылыстарына жобалық – сметалық құжаттамалары аяқталып, онда үстіміздегі жылы құрылыс жұмыстары басталды. Нәтижесінде құрылыс жұмыстары аяқталған соң 197 азамат жер телімдерімен қамтылатын болады деп күтілуде.

Бұдан өзге, аудан әкімдігі сәулет, қалақұрылысы және құрылыс бөлімі тарапынан келер 2021 жылға (Базарбай ауылынан 47 гектар, Дихан – 2 ауылынан 98,7 гектар, Жетібай ауылынан 50 гектар, барлығы 744 жер учаскесі) алқаптарға инженерлік және коммуникациялық инфрақұрылым құрылыстарына жобалық – сметалық құжаттамаларын дайындауға бастапқы құжаттары жинақталуда.

Бұдан кейін аудан бойынша жер теліміне кезекке қою мәселесі Мемлекет басшысы Қасым – Жомарт Тоқаевтың Төтенше жағдай режімін қамтамасыз ету жөніндегі мемлекеттік комиссиясының қорытынды отырысында жасаған мәлімдемесіне сәйкес атқарылатын болады. Президент өз мәлімдемесінде: «Азаматтарымыздың тұрғын үй жағдайын жақсарту – маңызды мәселе. Шын мәнінде, бұл – Үкімет жұмысындағы стратегиялық басымдығы бар бағыттардың бірі. Сол үшін институционалдық құрылымды жаңғырту керек» – деген болатын.

Бүгінгі таңда, аудан бойынша Сарыкемер, Бәйтерек, Бурыл және Қостөбе ауылдық округтерінде халықтың тығыз орналасуына байланысты аталмыш елдімекендер төңірегінде тұрғын үй салуға қажетті жер учаскелері жоқ. Мемлекет басшысының 2022 жылға дейін суармалы егіншілік жерлерін 1,4 миллионнан 2 миллион гектарға арттыружөніндегі тапсырмасына орай, бұл ауылдық округтерде қалғаны тек суармалы жерлер болғандықтан жер телімі берілмейді. Ал, жер теліміне кезекке тұрғандарға Жаңатұрмыс, Сазтерек, Ынтымақ, Көптерек, Темірбек ауылдық округтерінде кезек жоқ болуына байланысты ұсыныстар жасалады. Егер, кезекке тұрушы өтініш иесі аталған ауылдық округтердің біріне үй салуға, сол жерге көшіп баруға ниет білдірсе, онда оларға сол елді мекеннен тиісті жер телімі беріледі.

Ауыл шаруашылығы жерлері көлемін ұлғайту арқылы өңірдегі азық – түлік қауіпсіздігін қамтамасыз ету керек. Сондықтан, халқы тығыз орналасқан елді мекендерде жер телімдерін беру мәселесі осы жұмыстардан соң тоқтатылатын болады.

 

Ербол САДЫРОВ, Байзақ аудан әкімдігі сәулет, қалақұрылысы

және құрылыс бөлімінің басшысы.

Жамбыл облысы