Елорда әкімдігі 35 млрд теңгені қайда жұмсамақ?
Нұр-Сұлтан қаласының әкімі Алтай Көлгінов квазимемлекеттік секторда, аппараттың ішінде де штаттық құрылым мен бюджетті оңтайландыру жүргізіліп жатқанын атады. «17 заңды тұлға оңтайландырылды, бюджет қайта қаралды. Өнімсіз шығындар 28 миллиард теңгеге қысқартылды. Қазір тағы 7 миллиард теңгені қысқарту мақсатында жұмыс істеп жатырмыз. Яғни, барлығы 35 миллиард теңге оңтайландырылады», — деді А.Көлгінов.
Елорда әкімі мәслихаттың кезекті сессиясында үнемделген ақша әлеуметтік маңызды мәселелерді шешуге бағытталатынын жеткізді. Мысалы, экономиканың нақты секторын және инфрақұрылымды қолдауға 16 миллиард теңгеден астам қаражат бөлінді. Бұл апаттық жағдайдағы үйлерді сүру, жолдар, аулалар, инженерлік-коммуникациялық инфрақұрылым, қоғамдық көліктерді субсидиялау және т.б. салаға жұмсалады деді қала басшысы. «Білім, денсаулық сақтау жүйесі және әлеуметтік саласын дамытуға 7 миллиард теңге бөлінді. Бұл балабақшаларда қосымша орындар құруға, медициналық жабдықтар сатып алуға және аз қамтамасыз етілген азаматтардың санатына әлеуметтік көмек көлемін арттыруға мүмкіндік береді».
Қаржының 5 миллиард теңгеден астамы шағын және орта бизнесті қолдауға, азық-түлік қауіпсіздігін субсидиялауға және тағы басқа міндеттерге жұмсалады. Әрі оңтайландыру кезінде бірқатар кәсіпорын жойылып, сенімгерлік басқаруға берілді, мәдени-көпшілік іс-шаралар қысқарды, бағынысты ұйымдардың басшылығы қысқарды. Әрі қымбат нысандар сенімгерлік басқаруға беріліп, жыл сайынғы бюджет шығыстары 1,5 миллиард теңгеге азаяды деген жоспар бар.