4 МИЛЛИОН ҚАЗАҚТЫҢ ОБАЛЫ КІМГЕ?

— Өліктер үйіліп қалатын. Алматының көк базары мен Панфилов паркінің қасында аштықтан қарыны арқасына жабысып, қабырғалары ырсиған адамдарға қазан асылатын. Кейбіреулері ұзақ уақыт ас ішпегендіктен ішкені аш құрсағына түсіп, өліп кететін. Таң атқанда әр жерде өліп жатқан адамдарды жинап, арбаға салып қала сыртына алып кететін.
Бұл әңгімені кезінде «Ленишіл жас» («Жас алаш») газетінде ұзақ жыл қызмет еткен, ашаршылықты көзімен көрген, кейін сол нәубет туралы «Шошқаның құмы» деген кітап жазған Бағдат Жандосой ақсақал айтқан еді.
-Өзімнің көзіммен көргенім сонау Балқаштан Алматыға дейінгі жол бойында аштан қырылып жатқан адамдар көп болды. Тіпті, аштық қысқанда адам етін жегендерін де естідік. 1927 жылы кәмпескелеудiң алдында жүргiзiлген мал санағы бойынша 50-55 миллион екен. Осы малдың бәрін коллективизация жасаймыз деген сылтаумен коммунистер тартып алды. Халық аштан қырылды. Менің көргенім Алматы қаласы мен облысының төңірегіндегісі ғана. Ал бүкіл Қазақстан бойынша қаншама қазақ аштықтың құрбаны болды. Бұны қазақ ұлтына әдейі жасалған геноцид деп тану керек,- деп отырушы еді ақсақал.
Сол Бағдат ақсақалдың «Шошқаның құмы» кітабында мынандай жолдар бар. «…Адам айтса нанғысыз, жантүршiгерлiк жалпылама қырғын сүйретiле келiп-келiп, 1931 жылдың қараша-желтоқсан айларынан басталды. Сләннiң көшесiнде өлiк, тамдардың сыртын айналсаң, бiрiн-бiрi құшақтап жатқан өлiк, тамның iшiне кiрсең зәрең кетедi. 40-30 см-дей терезесiнен сәулесiн түсiрiп, күңгiрттенiп тұрған тамның iшiнде үнсiз мүлгiп отырған ата-ана, немере-шөбере, келiндерi, қыздары, туыстары, ағайындары, басқалары бар бiр тамда отырған жандардың өлi-тiрiсi белгiсiз. Тек төрт-бес есе үлкейiп кеткен көз қарашығының төңiрегi аппақ болып, бадырайған ала көздер маңайларында тұрғандай, үрейiңдi ұшырады. Адам өлерiнде көз қарашығы үлкейiп кететiнiн содан берi бiлем…»

 

На изображении может находиться: 3 человека, на улице

Коммунистердің құйтырқы саясатының кесірінен ашаршылықтан 6 миллион қазақтың 4 миллионы қырылып қалды. Кейін ашаршылықтан қырылған халық саны 2 миллион деп бұрмалады.
Бұл туралы жазушы Олжас Сүлейменов 2016 жылы 27 мамырда Баянауыл аудандық «Баянтау» газетіне берген сұхбатында (№22 (10725))»Мәскеуге барған бетте Ленин кітапханасынан 1926 жылғы санақтың қорытындылары жарияланған кітапты тауып оқығанмын. «Казахи – самая крупная тюркоязычная национальность советского союза – 6 млн 200 тыс человек» деген тұсын көшіріп алғанмын. Ал 1939 жылы 2 млн адам ғана қалған. Мұндай қорлыққа тек қой мінезді жуас халық қана шыдай алады. Ал біз жылқы мінезді халық емес пе едік!? – деп жазған болатын.
Өкінішті жылқы мінезді екенімізді әлі көрсете алмай келеміз. 4 миллион халқымыздан айырыла тұра сол келмеске кеткен жүйенің саясаты қазақ ұлтына жасалған геноцид екенін ашық мойындатқан жоқпыз. Саяси баға бермедік. Сол коммунистердің мұрагерлері қазақ халқынан әлем алдында кешірім сұраған жоқ.
Егер сол 4 миллион қазақ пен саяси қуғын-сүргінде атылған қазақтар тірі болғанда бүгінде қазақ ұлтының саны 60-70 миллионға жетер ме еді. ҚР Президенті Қ. Тоқаев Саяси қуғын-сүргін және ашаршылық құрбандарын еске алу күніне орай үндеу жасап, саяси қуғын-сүргін құрбандарын ақтау үшін мемлекеттік комиссия құруды тапсырды. Бұл өте үлкен қадам. Қоғам тарапынан осы уақытқа дейін аталған саяси зұлматқа саяси баға беру мәселесі жылдар бойы көтеріліп келе жатқанымен, Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев мемлекеттік комисся құру арқылы нақты қадам жасап отыр.
Президент үндеуіне ХХ ғасырдың 20-50 жылдарындағы саяси қуғын-сүргін зобалаңы – халқымыздың тарихындағы қасіретті кезең екенін еске сала келіп, бұл саяси зұлматтың Кеңес заманында өмір сүрген халықтарға «үлкен террордың» орасан зор қасірет әкелген атап өтіпті.
Президент «Біз жазықсыз жазаланғандардың әрқайсысын есте сақтау арқылы ғана кемел келешекке жол ашамыз» депті үндеуінде. Ақиқат.
Ұлттық сананы көтеру үшін ұлт тарихын ақтаңдақтардан тазартып алуымыз керек. Президент үндеуі алғашқы қадам болды. Ал қалғаны комиссия жұмысының нәтижелілігіне байланысты.

Әділбек Қабаның

фейсбук парақшасынан