«Сыңғырла соңғы қоңырау»

Бүгін Мойынқұм ауданы, Мойынқұм ауылындағы М.Жұмабаев атындағы мектеп-лицейінің ұжымы «Сыңғырла соңғы қоңырау» атты мерекелік жиынында үлкен өмірге кезекті қарлығаштарын ұшырды. Мектептің мерейін үстем етіп, ұстаздардың үкілеген үмітін ақтағалы отырған 20 мектеп бітіруші түлек — сынып жетекшісі Жұмашева Эльмира Әлиханқызымен ортаға шықты.

 

 

Барша мектеп бітіруші түлектерді, ұстаздар қауымы мен ата-аналарды мектеп директоры Жаңыл Әшірімбетова құттықтап, жас түлектердің ҰБТ-дан жоғары көрсеткішке ие болуына тілектестігін білдірді. Сондай-ақ үздік оқушыларды марапаттап, аттестаттарын табыс етті. Мектеп ұжымының риясыз құрмет, қошемет көрсеткені үшін, мектепті озат оқыған «Алтын белгі» иегерлері Ляззат Амангелді мен Еркеназ Жақсылық өз кезегінде ұстаздарына алғысын білдірді. Мақтаулы оқушылардың үздік шеруі де үздік мектептің көрсеткіші болды. Құттықтау сөзін 11 сыныптарға бағыттаған түлектердің алғашқы ұстаздары Людмила Климовна, Салтанат Көдекова, ата-аналар атынан Тұрсынкүл Әбдіқадырқызы жас түлектердің ҰБТ сынағынан сүрінбей өтіп, кез-келген өмір емтиханында жолдары ашық болуын тіледі. Міне мектеп бітіруші түлектер үшін ең бір қимастық сәтте келіп жетті. Ауланы соңғы рет соғылған жез қоңыраудың үні кернеді.
Жиын соңында қайырымдылық iстер күні «Бізбіргеміз: түлек 2020»акциясы аясында мектеп бітіруші түлектер мектептің аз қамтылған отбасыларына азық-түлік себеттерін табыс етті.

 

Алуа Үмбетқұлова