«Жазушылар одағының 700 мүшесінен 70 балалар жазушысы шықса…» — сенаторлар Маминге талап қойды
Ресейде Aromabook, Scentbook деген баспалар бар. Алма туралы өлең болса, алманың иісі шығады. Өте тартымды. Кітапқа ұялы телефоныңызды жақындатсаңыз суреттер қимылдайды. Мұндай кітапты көрген балалар жабысып қалады.
«Қазақстан Жазушылар одағының 700 мүшесінен балалар әдебиетімен айналысатын 70 жазушы шықса, бөркімізді аспанға атар едік. Қазақстанда мектеп жасына дейінгі 3 жасар баладан бастап, 16 жасқа дейінгі оқушыларға көркем әдеби тілде жазылған тартымды туындылар жетіспейді», – деді ҚР Парламенті Сенатының депутаты Нұртөре Жүсіп, деп хабарлайды QazPulse.
«Біз мемлекеттік тіл неге өз дәрежесінде дамымай отыр деген сауалды жиі қоямыз. Балалар әдебиеті дұрыс өркен жайғанда ғана мемлекеттік тілдің тұғыры берік болады. Бұл сауалға мемлекет тарапынан «қаржы жоқ» деген жауап естуіміз мүмкін», – деген Нұртөре Жүсіп, келесі деректерді жайып салды.
Елімізде жыл сайын әлеуметтік бағдарланған мемлекеттік тапсырыс бойынша 2018 жылы 1 миллиард 845 миллион теңгеден астам, 2019 жылы 1 миллиард 101 миллион теңге бөлінген. Соның ішінде балалар әдебиетіне бөлінгені – тиісінше 89 млн 183 мың және 19 млн 420 мың теңге. 2020 жылға 821 млн 615 мың теңге бөлу жоспарланса, соның 46 млн 848 мың теңгесі балалар әдебиетіне арналған.
Шығатын кітаптардың ішінде балалар әдебиетінің үлес салмағы өте төмен. Таралымы да, сапалық жағы да көңіл көншітпейді. Кейбір авторлар кітаптарды өз қаражатына шығарады.
Баспа ісі, журналдар балаларға арналған материалдарды қызықты етіп жеткізудің жан-жақты жолын қарастыру керек. Қазір әлемде полиграфия жақсы дамыған, дизайн мен графиканың уақыты.
Қазақстандағы баспалар жұмысы халықаралық стандарттарға сай келмейді. Халықаралық тәжірибелерге сүйену керек. Шетелде автор, иллюстратор, баспагер, әдеби агент – тұтас шығармашылық топ күш біріктіреді. Бұл ретте бізге алысқа бармай-ақ, Ресей тәжірибесінен үйренуге болады.
Ресейде Aromabook, Scentbook деген баспалар бар. Алма туралы өлең болса, алманың иісі шығады. Өте тартымды. Кітапқа ұялы телефоныңызды жақындатсаңыз суреттер қимылдайды. Мұндай кітапты көрген балалар жабысып қалады. Ресейде «Театр теней» деген де керемет қосымша бар. Сурет арқылы балаларды әдебиетке қызықтырады.
Ауылдық мектеп кітапханаларында балаларға арналған әдебиеттер жеткіліксіз. Интернет және гаджеттер ғасырында балалар кітап туралы ұмытпауы тиіс.
Балалар әдебиетін дамыту үшін балалар драматургиясы, балалар прозасы, балалар поэзиясы деген түрлі бәйгелер мен конкурстар ұйымдастырып тұру керек. Қуыршақ театрларындағы балаларға арналған репертуар тым жұтаң. Олардың көбісі ересектерге арналған.
Қазір біз барлық күшті балалар әдебиетін дамытуға салуымыз керек.
Қазақстан Республикасындағы тілдерді дамытуға «Мемлекеттік тілді және Қазақстан халқының басқа да тілдерін дамыту» бюджеттік бағдарламасы бойынша да біраз қаражат көзделген.
«Мемлекетте қаражат жоқ емес. Соның ең кем дегенде 50 пайызын балалар әдебиетін дамытуға бағыттау қажет», – дейді сенаторлар.
Еуропаның мемлекеттерінде, сондай-ақ, Ресей, Латвия, Бельгияда кітаптарға салынатын қосымша құн салығы 5 пайыздан аспайды. Ұлыбритания, Ирландия, Норвегия, Польша, Украина елдерінде кітапқа салық мүлдем салынбайды.
Ұсыныстар:
«Мәдениет және өнер саласындағы бәсекелестікті жоғарылату, қазақстандық мәдени мұраны сақтау, зерделеу мен насихаттау және мұрағат ісінің іске асырылу тиімділігін арттыру» республикалық бюджеттік бағдарламасы және «Әдебиеттің әлеуметтік маңызды түрлерін сатып алу, басып шығару және тарату» кіші бағдарламасының шеңберінде, сондай-ақ, мемлекеттік тілді дамытуға арналған қаражат көздерінен балалар әдебиетін дамытуға арнайы қаржы бөлу ұсынылады;
балаларға арналған кітаптарды басып шығаруға жеңілдік беру үшін қосылған құн салығынан босату қажет;
ұлттық мультфильмдер шығару ісінде жекеменшік компанияларды қаржылай қолдау тетіктерін қарастыру;
жергілікті әкімдіктер тарапынан кітапханаларды «Балалар әдебиеті» бағдарламасын жасап, шыққан жаңа кітаптармен толықтыру;
жасөспірімдердің кітап оқуға деген қызығушылығын арттыру үшін электронды оқулықтарды енгізу. Мұндай кітаптар қолдануға өте тиімді, барынша ыңғайлы, қазіргі заман талабына сай болғаны жөн.
«Сондықтан, Үкімет қазақ балалар әдебиетін дамытудың кешенді бағдарламасын жасап, аталған шараларды қолға алуы қажет деп есептейміз», – деген депутаттар тобы Премьер-министр Асқар Маминнен көтерілген мәселе бойынша толық жауап беруді талап етіп отыр.