Нобель сыйлығын алған алғашқы қазақ
Дүниежүзінде Нобель сыйлығын алуды армандайтын ғалым жоқ шығар?!
Нобельге тәуелсіз Қазақстанда тұңғыш ие болып, алаштың абыройын асырған дарынды ұлдың есімі – Достай Раманқұлов.
Ол – Алматыдағы Қаныш Сәтбаев атындағы Ұлттық техникалық университеттің түлегі. Ғалым еліміздің Атом энергетикасы жөніндегі агенттігі және «КАТЭП» Ұлттық атом компанияларының бұрынғы еңбеккерлерінің бірі.
Осыдан біршама уақыт бұрын дүниежүзі бойынша ядролық қауіпсіздікті сақтаудағы еңбектері жоғары бағаланып, МАГАТЭ ұжымы және оның бұрынғы бас директоры Мұхаммед әл-Барадей халықаралық Нобель сыйлығымен марапатталғаны есімізде.
Сол кезде МАГАТЭ бойынша Нобель сыйлығымен марапатталған 11 адамның ішінде біздің жерлесіміз – қазақстандық Достай Төлемішұлы Раманқұлов болды.
Сондықтан Достай Төлемішұлын Нобель сыйлығын алған алғашқы қазақ деп атасақ болады. Ғылым саласындағы әйгілі сыйлықты алушылардың қатарына Достай Раманқұловтың болғанынан елімізде атом энергетикасы саласының қаншалықты дамығанын байқаймыз.
1999 жылы МАГАТЭ-нің штатында 2212 адам жұмыс істеген. Нобель сыйлығының лауреаттығына осыншама қызметкердің ішінен Достай сияқты 11 кәсіби маман ғана таңдап алынды.
Кейбіреу айтуы мүмкін: «бұл – Достайдың ғана емес, бүкіл бір ұжымның еңбегі» деп.
Дұрыс, орынды уәж. Алайда екі мыңнан астам дүлдүлдің ішінен іріктелген таңдаулы 11 адамның қатарына қосылудың өзі кімнің кім екенін аңғартып тұрған жоқ па?! Рас қой?
Сосын Нобельді белгілі бір топ өкілдеріне беру – әу баста қалыптасқан дәстүр. Ғылым, техника және басқа салалар бойынша бір мезгілде бірнеше адамға берілгендігі тарихтан мәлім.
Солардың бәріне «Нобель сыйлығының лауреаты» деген диплом тапсырылған. Ендеше, отандасымыздың бағындырған биігіне күмәнмен қарамауымыз керек.
Роза Шакимова.