ҮКІНІҢ КИЕСІ ҰРДЫ

Ауылдан қозыкөш жерде Үкілісай дейтін үлкен сай бар. Ондағы биік жартастарда үкінің ұясы көп болатын.

Сай аңғарымен кетіп бара жатқан жолаушыға үкінің «үңкілдеген» үні еміс-еміс естіліп тұрады. Ал сайдың басында Еркін деген малшының үйі болатын.

Бел асып қыстауға баратындар осы үйден өзек жалғап аттанатын. Үй иесі есік алдына келген жолаушыны қабақ шытпай қарсы алушы еді. Босағадан аттаған адамдар үйде ерлі-зайыпты екеуі ғана отырғанына қынжылатын.

Соқа бастары сопайып жүргендеріне, міне, талай жылдың жүзі болды. Бір жылдары балалары болған екен. Бірақ біреуі алты айында, екіншісі төрт айдан кейін шетінепті. Одан кейін қосағы бала көтере алмаған сияқты.

Осы бір келеңсіз жағдайды өткен-кеткен жұрт сан-саққа жүгіртіп әңгімелейді. Екі бірдей баласының шетінеуіне біреулер төтеден келген сырқат себеп болды десе, енді біреулер үкінің киесі ұрған дейді.

Мал бағудан өзге қарекеті болмаған Еркіннің істер жұмысы құсқа тұзақ құру екен. Кекілікті азыққа ұстаса, үкіні қауырсынына бола тұзаққа түсіреді. Жіңішке жіптің бір ұшына жем байлап, екінші жағын тобылғыдан байлап жұтпа тұзақ жасайды.

Түрлі құсты тез қолға түсірудің жақсы әдісі осы. Ол тұзаққа түскен үкіні тірідей жүнін жұлып қоя береді екен. Жиналған қауырсындарды қаладағы дүкендерге өткізетін көрінеді.

Бір күні Еркіннің әйелі есіктің көзінде адамша күліп тұрған әлдебір нәрсені көзі шалады. Қызыл мысық дейін десе, оған мүлде ұқсамайды. Сауып отырған сиырды қоя салып жылдам басып жетіп келсе, жүні жұлынған үкі екен.

Ол кішкентай сәбиімен сөйлесіп отырған сияқты елестепті көзіне. Екі көзі қанталаған жалаңаш үкі адамды көре сала ұша жөнеліпті. Жүрегі аздап секем алса да жамандыққа жорымапты. Отағасы да бұл жағдайға онша көңіл аудармайды.

Екі-үш күн өтпей құйрығын енді басып отыра бастаған сәбиінен айдың-күннің аманында айырылып қалады. Қолдан келер қайран жоқ. Тағдырдың басқа салғанына мойынсұнады.

Өзегін өртеген бұл қайғыдан жарының екінші баласына жүкті болуы айықтырады. Бірақ көп өтпей алдындағы жағдай қайталанады. Әйелі киіз үйдің ішінде баласын емізіп жатып ұйықтап кетсе керек.

Ояна қалса шаңырақтан бір адам сөйлегендей болыпты. Баласы да шаңыраққа қарап екі қолын сермеп ойнап жатыр екен. Орнынан қалай жылдам тұрғанын өзі де білмейді. Далаға алқын-жұлқын атып шығады.

Қойдан келе жатқан Еркін шашы қобырап, өңі құп-қу болған келіншегін көріп қайран қалады. Болған жайды естіген күйеуі баланы бұл жерден алып кетуді жөн деп табады.

Ертеңінде керек-жарағын алған әйелі көрші ауылда тұратын әкесінің үйіне жол тартады. Неге екені белгісіз, үйіне жеткеннен кейін қараса, сәбиінің демі әлдеқашан тоқтап қалған екен.

Қайғыдан қан жұтқан келіншек содан кейін былдырлаған сәбидің үніне зар болып қалады. Ал жартас басындағы үкілердің кеңкілдеп жылаған адам сияқты дауыс шығаруы тыйылмайды.

Мұндайда ойсоқты болған отағасының көз алдына ұдайы жалаңаш үкі көрінеді екен.

Зауре Даулетова.